Ертеде ханның қызы болыпты. Оның арманы – сиқырлы сақина екен. Бір күні әкесі қызына армандаған сиқырлы сақинасын алып келедi. Қызы шексiз қуанады. Сақинаны қолына таққаны сол еді, ол әп-сәтте әп-әдемі ханшайымға айналады. Айнадан өзіне таңғалған ол бұл ғажап өзгерісті өзгелерге көрсетуге асығады. Сөйтіп ұлан-асыр той жасайды. Арманына жеткен ханшайым асқақ сезiммен әкесіне өтінішін айтады:
– Әке, мен енді бай, бақуатты, сымбатты ханзадаға тұрмысқа шығуым керек.
– Жарайды, – деп әкесі қызын өзі қалаған ханзадаға тұрмысқа береді.
Күндердің күнінде ханзада ханшайымға:
– Сенiң сиқырлы сақинаң бар ғой, оған тiлегiңдi айтсаң, орындалады, – деп рух береді. Ханшайым бірден келісіп: “Бұл жолы ата-анамыздың арманын орындасақ қайтеді? Олардың бар арманы – немере сүю” – дейді.
Тілегі орындалып, дүниеге шекесі торсықтай ұл келеді. Ата-анасының да, ханзаданың да төбесі көкке жетіп қуанады. Арада бірнеше күн өткеннен кейін ханшайым ханзададан: “Не қалайсың?” – деп сұрайды. Ханзада ұзақ ойланып: “Тұлпар қажет”, – дейді. Ханшайым жан жарының дүниенің небір байлықтарының орнына қарапайым тұлпар сұрағанына ренжиді. Сонда ханзада: “Біздің қаламызда киер киімге, ішер тамаққа зар болып жүрген адамдар қаншама? Сондықтан да әр адам қолында барына шүкір айтуы керек. Сонда ғана несібеміз арта түседі”, – дейді.
Содан бастап хан қызы жоқ-жітіктерге тамақ пен киім-кешек таратып беретін болады. Өз ұлына да өзгелерге қарайласуды үйретеді.
Айтолқын Өмірбай.