Белгілі әнші Мейрамбек Бесбаевтың орындауындағы “Бозторғай” әнін тыңдаған кезде кез келген жанның елжірейтіні сөзсіз. Авторы Алтынбек Қоразбаев бұл туындысын шәкірті Мейрамбекке өзі жаттатып, оның үлкен сахнада алғаш рет орындауына қолдау көрсеткен. Мұңға толы әннің сөзін белгілі ақын Әбдірахман Асылбеков жазған.
1989 жылы әнші өзінің ұстазы Нұрғиса Тілендиевтің алдында Мейрамбекке “Бозторғай” әнін шырқатқан. Қазақтың атақты композиторы жас баланың дарынына таңғалған екен. Алтынбек Қоразбаев болса Нұрғиса Тілендиевтен талантты өнерпазға бата беруін сұрайды.
Әннің мәтіні 1989 жылы “Қара бала” деген атпен қағазға түсті. Кейін Алтынбек Қоразбаев оны “Бозторғай” деп өзгертеді. Алғаш рет ән ақиық ақын Мұқағалидың ауылы – Қарасаз топырағында шырқалады. Бұл ән жарыққа шыққан бойда ел арасында кеңінен танылып, орындаушысы Мейрамбек бала халықтың көзайымына айналды. Ел аузында “бала Мейрамбек балалар үйінің тәрбиеленушісі”, “ата-анасы тастап кеткен”, “ол – жетім бала” деген қауесеттер таралады. Алайда бұл сөздер шындыққа жанаспайды, халық шығарып алған қауесет болатын. Жетімнің ауыр тағдырын әнге салған Мейрамбектің шырылдаған дауысы әлі күнге дейін ел есінде. 1991 жылы Өзбекәлі Жәнібеков республикалық термешілер байқауын ұйымдастырды. Республика сарайында үш күнге созылған байқауда Мейрамбек Бесбаев “Бозторғай” әнін үш күн қатарынан шырқап, тыңдармандардың ыстық ықылысына бөленді.
Арада біраз уақыт өтсе де “Бозторғай” әні патша көңілді тыңдарманның жүрегінен жылыстаған жоқ. Әлі күнге дейін үлкен сахналарда орындалып жүр. Мейрамбек Беспаев өзін дүйім жұртқа әнші ретінде танытып, бағын ашқан туындыны репертуарындағы шоқтығы биік шығармаға балайды.
“Бозторғай” – өз әншісін тауып, әлеуметтік міндетін атқарған туынды. Осы әнді тыңдаған бойда, жетімдер үйіне белгісіз себептермен тасталынатын балалардың саны азайған деседі. Кезінде балаларын тастап кеткен ата-аталардың бірқатары жасаған күнәлі істеріне өкініп, сәбилерін алып кеткен көрінеді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazakstan”.