Солтүстік Қазақстан облысының «қызыл» аймаққа өтуіне байланысты өңірде бас мемлекеттік санитар дәрігердің жаңа қаулысы 14 шілдеден бастап күшіне енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, СҚО бүгіннен бастап «қызыл» аймақта орналасқан, өңірдің белгілі бір аймақта болуына 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық, сондай-ақ инфекцияның таралу деңгейін көрсететін репродуктивті сан әсер етеді.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, кеше облыстық ВАК шешім қабылдады, соның негізінде жаңа қаулыға қол қойылды және 14 шілдеден бастап келесі шектеулер енгізіледі:
1) «Ашыққа» қатыспайтын мәдениет нысандарының, театрлардың, кинотеатрлардың, концерт залдарының және филармониялардың жұмысы тоқтатылады. «Ашықты» енгізген объектілер толымдылығын 30%-дан асырмай жұмыс істей алады.
2) сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, жабық азық-түлік емес базарлардың, аумағы 2 мың шаршы метрден асатын сауда нысандарының жұмыс уақыты сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін шектеледі, адам саны 50 %-дан аспауы қажет.
3) жұмыс күндері сауналардың, бассейндердің, спорт объектілерінің, фитнес-орталықтардың жұмыс уақыты сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін шектеледі. «Ашыққа» қатыспайтын нысандар сенбі және жексенбі күндері жұмыс істемейді, «Ашықты» енгізген нысандар сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істей алады;
4) көрермендердің қатысуымен спорттық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады;
5) мектепке дейінгі балалар ұйымдарында тек кезекші топтардың (15 адамнан асырмай) жұмысына және балалардың түзету кабинеттерінің, балалар мен ересектердің білім беру орталықтарына алдын ала жазылу бойынша 15 адамнан асырмай жұмыс істеуіне рұқсат етіледі;
6) қызметкерлердің кемінде 80 %-ы қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылады;
7) «Ашыққа» қатыспайтын нысандар үшін қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмыс уақыты сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін шектеледі, толымдылығы 50 %-дан және 30 орыннан аспайды. «Ашықты» енгізген объектілердің толымдылығы 50 %-дан және 50 орыннан аспайды, кешкі сағат 8.00-ге дейін жұмыс істей алады;
8) халықтың тұратын жерлерінде қызмет көрсететін объектілер толымдылығы 80 %-дан аспаған кезде жұмыс істей алады;
9) сұлулық салондарына, шаштараздарға алдын ала жазылу бойынша, банктерге, ХҚКО-ларға, Қазпошта бөлімшелеріне сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істеуге болады.
10) балаларды сауықтыру лагерьлерінің толымдылығы 50 %-дан аспауы тиіс.
Бұған дейін СҚО-да бір апта ішінде коронавирусты жұқтырғандардың екі есе артқанын айтқан едік. Ауырғандардың басым бөлігі 40 жасқа дейінгі жастар. Сонымен қатар, бүгін Солтүстік Қазақстан облысы«қызыл» аймаққа өтті.
https://www.inform.kz/