Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында қоғамдық пікірді жан-жақты ескере отырып, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу қажеттігін атап көрсеткен болатын. Бұл қадам қоғамды демократияландыруға және жергілікті басқару институттарын нығайтуға үлкен серпін берері сөзсіз.
Қазіргі есеп бойынша өңірде 13 аудан, аудандық маңызы бар төрт қала және 190 ауылдық округ бар. 25 шілдеге белгіленген сайлау әкімдердің төрт жылдық өкілеттік мерзімі өткен немесе өз қызметін мерзімінен бұрын аяқтаған ауылдық округтерде өтеді. Демек, солтүстікқазақстандықтар 70 ауылдық округтің және Мамлютка қаласының әкімін таңдайды. 61 әкімнің өкілеттік мерзімі толық бітсе, 10 әкім мерзімінен бұрын сайланады. Дауыс беру 174 сайлау учаскесінде өтіп, 348 бақылаушы қадағалайтын болады. Бақылаушылар ешқандай партияның мүшелері емес. Барлығы арнайы дайындықтан өтті. Семинарларда сайлау барысында қандай құқық бұзушылықтар орын алуы мүмкін екені, заңның қандай бабына сүйену керектігі туралы нұсқаулықтар берілді. Бақылау екі кезеңнен тұрады: қысқа және ұзақмерзімді. Соңғысы қазір жүріп жатыр. Яғни, қадағалаушылар учаскелердің дайындығын, мүмкіндігі шектеулі жандарға дауыс беру үшін қандай жағдай жасалғандығын тексеруде. Үгіт-насихат жұмыстарының барысы да – бақылауда. Үміткерлерге тең мүмкіндік берілуін қадағалайды. Ауыл әкімдерінің сайлауына қатысатын қоғамдық бақылаушылардың жұмысын үйлестіру мақсатымен штаб құрылды.
Сайлау барысын бақылау – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы. Біздің ұстанымыз жариялылық, ашықтық, әділдік, парасаттылық және заңдылық қағидаттарын қатаң сақтау болып табылады. Түрлі қоғамдық қозғалыстарға біріккен тәуелсіз бақылаушылар сайлауда заңның бұзылмауына өз үлестерін қосады деген үміттеміз. “Партиялық емес байқау орталығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалы да үкіметтік емес ұйымдардың күшін бір жерге шоғырландыруды мақсат ете отырып, сындарлы ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын.
26 маусым мен 9 шілде аралығында аудандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдері лауазымдарына кандидаттар ұсынылып, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының басталып кеткені белгілі. Бұл үдерістер заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, 237 кандидат ұсынылды. Олардың 74-і – саяси партиялардың мүшелері, 163-і – өзін-өзі ұсынғандар. Саяси партиялар 66 сайлау округі бойынша өз үміткерлерін додаға қосты. Атап айтқанда, “Nur Otan” партиясынан – 58, “Ауылдан” –3, “Ақ жолдан” – 2, “АDAL” саяси партиясынан – 3, Қазақстанның халық партиясынан – 6, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан – 2 өкіл.
Жанат МҰХАМЕДЖАНОВ,
“Партиялық емес байқау орталығы” РҚБ облыстық филиалының төрағасы.