Солтүстік Қазақстан облысында бір аптада коронавирусты жұқтырғандар саны екі есе өсті, ауырғандар негізінен 40 жасқа дейінгі жастар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО өңірлік коммуникациялық қызметінде аймақтағы коронавирус инфекциясы бойынша ағымдағы жағдай және вакцинациялау барысы бойынша брифинг өтті.
Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әсет Жұматаевтың айтуынша, коронавирусты жұқтырғандар саны артып келеді. Мәселен өткен тәулікте өңірде 55 жаңа жағдай тіркелген.
«Соңғы аптада сырқаттану 141 жағдайдан 279 жағдайға дейін, яғни 2 есеге артты және одан әрі өсу үрдісі бар. Ерекшелігі – коронавирусты жұқтырғандардың 84%-ы дәрігерлерге ауырып көрінген, ауру симптомдарымен түсетіндер көбейген. Сондай-ақ ауырғандардың жасы өзгерді, қазіргі уақытта ауырғандардың 57%-ы – 40 жастан кіші, бұрын бұл көрсеткіш 40 %-дан аспайтын», – дейді Әсет Жұматаев.
СҚО-ның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің айтуынша, аурудың өсуіне республика аумағында «дельта» штамының пайда болуы, сондай-ақ халықтың карантиндік шараларды сақтауда тәртіпті босаңсытқаны әсер еткен.
«Соңғы 7 күнде КВИ жұқтырудың 279 жағдайы тіркелді. Ауырғандармен байланыста болған 621 адам анықталды, оның 125-і вакцинациядан өткен, бұл адамдар үй карантиніне жіберілмейді, ПТР зертханалық зерттеулері жүргізілмейді, медициналық бақылауға алынды, олардың ешқайсысы ауырмаған. Бұл вакцинацияның айқын артықшылығы. Жалпы ауырғандар саны өңірде 15 675-ке жетті», – дейді облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері.
СҚО-да бүгінге дейін бірінші компонентпен 165 525 адам егілді. Бұл жоспардың 53,2%-ы ғана. Ал екінші компонентпен 83 725 адам егілді, қамту 26,9 %.
https://www.inform.kz/