Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту жайлы есебі тыңдалды.
Баяндамашы 50 мың тұрғыны бар 233 елді мекенді тіршілік көзімен қамту жолдарына тоқталды. Тұтастай алғанда, бүгінде қалаларды қоса есептегенде, облыс тұрғындарының 90 пайызы таза су ішіп отыр. 2011-2020 жылдары 1200 шақырым су құбыры тартылып, оған 46,6 млрд. теңге жұмсалған. Нәтижесінде 59 ауылға сапалы су жеткізілген. Былтыр бұл мақсатқа 6 млрд. теңге бағытталып, 60 мың тұрғыны бар 60 ауыл қамтылды. Биыл топтық су құбырларын қалпына келтіруге республикалық қазынадан тағы 6 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа 174 шақырым су құбыры жөнделеді.
“Есіл су” мекемесі директорының орынбасары Никита Забалин өз сөзін облыстың 11, Қостанай облысының 2 ауданына қызмет көрсететінін, қарамағына 188 мың тұрғыны бар 232 елді мекен кіретінін айта келіп, алты айда тұрғындар 2,7 млн. текше метр су тұтынғанын жеткізді. Бұл – жоспардағыдан 7,9 пайызға көп.
Оның басты себебі – ысырапшылық. Салдарынан апатты жағдайлар жиі кездеседі.Былтыр 1100-ден астам оқыс оқиға орын алған. Биылғы көрсеткіш 550-ді құрап отыр. Преснов топтық су жүйесінің 177 шақырым құбырын жаңалау міндеті тұр. Техникалық тексеру барысында Есіл, Булаев топтық су жүйелерінде бірқатар ақаулар анықталған. Баяндамашы жиналғандардың назарын мердігерлердің тапсырылған істерге жауапкершілік танытпайтынына, орындау талаптарының сақталмайтынына аударды. Жобалық-сметалық құжаттарды рәсімдеу сылбыр жүргізіледі.
Құмар Іргебайұлы топтық су құбырларының жұмысын кешенді түрде жаңғырта отырып, жобалық-сметалық құжаттарды уақтылы әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.
– Облыс бюджетін 406 млрд. теңгеге дейін өсірдік. Аққайың ауданы Шағалалы елді мекенін жаңғыртуға 416 млн., Корнеевкаға 450 млн., Чкаловоға 516 млн. теңге бағытталады. Қазіргі таңда ауылдықтардың 82,9 пайызы сапалы ауызсу тұтынады. Былтырғыға қарағанда саланы қаржыландыру екі есе көбейді. 174 шақырым су құбыры тартылып, 49 ауылдағы жағдай жақсарады. Алайда аулаларына дейін су тартылған отбасылардың 83 пайызы ғана су есептегіш құралдарын орнатқан, – деген Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Екінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова өңір бойынша ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары туралы баяндады. Құмар Іргебайұлы биыл облыс оқушылары арасында ҰБТ табысты аяқталғанын, мектептерді жөндеу, материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша қыруар жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.