«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢДА ТҮЛЕГЕН ТҰРЛЫБЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғұмыр-дарияның жойқын толқындары бұрқ-сарқ қайнап аққан сайын өмір өрнектерінің өңі солып көмескіленетіні байқалады. Күні кеше ғана үзеңгі қағыстырып жүрген азаматтар қатары сиреп барады. Олардың тірліктегі жарқын бейнелерінің бояуы солғын тартқан сайын халық та есінен біртіндеп шығара бастайды, өкінішке қарай, бұл табиғи заңдылық. Алайда еліне, туған жеріне адал қызмет еткен адамдар бейнесінің санамыздан ұзақ уақыт бойы өшпейтіні ақиқат дүние. Бүгінгі мақаламыздың арқауына айналдырып отырған Тұрлыбек Әбілпейісұлы жерлестерінің жадында жатталған жан еді ғой.

Тың эпопеясында жанқиярлық еңбектің тамаша үлгісін көрсеткен Тұрлыбек Әбілпейісов солтүстіктің асыл перзенттерінің бірі де бірегейі болды. Қызылжар мен Көкше өңірінің мақтанышына айналған, ел игілігі үшін бар қажыр-қайратын жұмсаған ардақты ағамыздың есімін ардақтау асыл парыз. Оның жасампаз еңбекқорлығы, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігі өскелең ұрпақ үшін өнеге. Қарапайым отбасында тәрбиеленіп, өзінің жанкешті еңбегімен, туған жерге деген сүйіспеншілігімен, жастайынан бойына сіңген еңбекқорлығымен атақ-абыройға қол жеткізді. Еңбегі зая кеткен жоқ.

Тұрлыбек Әбілпейісов 1926 жылы 24 мамырда Айыртау ауданының Жұмысшы ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келді. Ол ата-анасына қолғабыс тигізе жүріп, шаруа еңбегінің ауыртпалығын ерте түсінді. Отбасының қиын тұрмыс-тіршілігіне байланысты Арықбалық орта мектебінің 6-сыныбын ғана бітіре алды. Еңбек жолын өзінің туған ауылында 14 жасында қатардағы колхозшы болып бастады. Озат жасты ұжым Қотыркөл механикаландырған мектебіне оқуға жіберді. Оны 1943 жылы үздік тамамдап, Айыртау ауданындағы Қамсақты МТС-інде комбайншы болып еңбек жолын бастады. Өзінің еңбекқорлығымен, Жер-Анаға сүйіспеншілігімен, ақ көңіл, ашық мінезімен Тұрлыбек бригадалас жолдастарымен тез тіл табысып кетті. Жас кезінен-ақ еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін ол көптеген марапаттарға, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Мол астық жинағаны үшін 1957 жылдың 11 қаңтарындағы КСРО Жоғарғы кеңесі Төралқасының жарлығымен оған Социалистік Еңбек Ері, “Алтын Жұлдыз”, Ленин ордендері табыс етілді. Отыз бір жасында Социалитік Еңбек Ері атанып, бригадасымен бірге осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізу кез келген диқанның қолынан келе бермейді. 1959 жылы ұжымшар басшылары оған зор сенім артып, бригадир етіп тағайындады. Бұл қызметте ол абыроймен табаны күректей отыз екі жыл – құрметті зейнет демалысына шыққанша істеді.

Ер аға басқарған бригада 1970 жылдардың басында “Жоғары егіншілік мәдениеті” атағы үшін облыстық жарысқа қатысты. Сайыста егіс сапасы, егін алқаптарын таза ұстау, егіндердің шығымдылығы, егіс танаптарының арасындағы жолдардың сапасы, ауыл шаруашылығы мәдениеті кешенін толығымен сақтау басты көрсеткіш болды. Ал 1977 жылдан бастап бригада бұл атақты жыл сайын жоғары табыспен дәлелдеп отырды. “Көрші танабы – өз танабың”, “Тың гектарының межесі – 20 центнер” деген ұранды ұстанған бригада жыл сайын социалистік жарыста ғана емес, аудан, облыс бойынша да жеңімпаз атанды. Әлденеше рет облыстың және ауданның Құрмет тақтасына енгізілді. Бригаданың жұмыс тәжірибесі жинақталып, бұқаралық ақпарат құралдары, радио мен теледидар арқылы хабарлар таратылды. Оның үлгісінде семинарлар мен кеңестер өткізілді. Бригадирдің өзі осынау қажырлы еңбегі үшін жоғарыда айтқан марапаттардан басқа, Ленин, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, Құрмет белгісі ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.

1988 жылы Т.Әбілпейісов КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды, есімі Қазақ КСР-нің Алтын кітабы мен Құрмет кітабына жазылып, Қазақстан энциклопедиясына енгізілді. Ол 1962-84 жылдар аралығында Бейбітшілік қорғау Бүкіләлемдік Конгрессінің мүшесі болды. Даңқты диқан әр жылдары бұрынғы Көкшетау облыстық партия комитетінің және облыстық атқару комитетінің, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ол бірнеше рет аудандық, облыстық деңгейдегі халық депутаттары кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы съездерінің делегаты болып сайланды. Осындай құрмет пен марапаттарға қол жеткізген диқандар саны елімізде саусақпен санарлық. Асыл ағамыздың кісілігі мен кішілігі де бір төбе еді.

Тоқсаныншы жылдардың басында мен көрші бригаданың бигадирі болдым. Еңбек Ерімен жұмыс бабы бойынша күнде кездесіп тұратынбыз. Сол кезде Ер ағамыздың алпыс дейтін асқарлы белестің орта тұсына келіп қалған шағы болатын. Сонда қырыққа жетпеген біздерге еңбекқорлықтың, төзімділіктің тамаша үлгісін көрсете білді.

Тұрлыбек ағаның ең басты қасиеті – адалдығы мен жан дүниесінің тазалығы еді. Қызмет бабында мүмкіншілігі болып тұрса да, байлық қумай, ар-ұятына дақ түсірмей, адалдық пен тазалықтың арқанын керіп өтті. Еңбек Ерінің сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан тектіліктің кәусар бұлағынан армансыз сусындағаны байқалатын. Тұрлыбек Әбілпейісұлы өз қатарластарынан ерекшеленіп тұратын. Өйткені мінезі салмақты еді. Ерекше қалыптасқан адамгершілік қасиеттерінің арқасында ел-жұртының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленді.

Көзі тірі болса, биыл ол 95 жасқа толар еді. Бірақ қанша уақыт өтсе де, ардақты жанның асыл бейнесі көмескі тартпайды. Енді тек жақұттай жарқырап өткен ағамыздың өмір жолын насихаттай білсек, кейінгі өскелең ұрпаққа асыл мұра емес пе? Жақсының жақсылығын айтып, артында жасампаз із қалдырған асыл тұлғаларымыздың атын атап, өнегелі істерін тәрбие ретінде ұсына білсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Батырбек СМАҒҰЛОВ,

еңбек ардагері.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp