“Солтүстік Қазақстан облысы республиканы асырауы керек. Оған өңірдің әлеуеті жетеді”. Өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға онлайн тур жасау барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов осылай деді. Жиында ауыл шаруашылығы, құрылыс және өндіріс салаларында қолға алынған тың бастамалар туралы есеп беріліп, жүзеге асырылу қарқыны мен тиімділігі сараланды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, қазіргі күні ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде мал шаруашылығында ірі жобалар қолға алынды. Әсіресе, аудандарда қарқын жоғары. Инвестиция тарту жағынан қалыс қалған ешқайсысы жоқ, әр ауданда ірі агроқұрылымдар жаңа бағытқа көшіп, еңбектерін еселей түскен. Жалпы, биыл облыс бойынша 64,5 миллиард теңгенің 26 жобасы жүзеге асырылуда. 16 тауарлы-сүт фермасы, 2 бордақылау алаңы мен 2 құс фабрикасы, шошқа фермасы мен жылыжай салынып жатыр. Бұған қоса 2 сүт өңдеу кәсіпорнын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. “Биыл шаруаларға демеуқаржы беру үшін 48,3 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ облысты дамытудың кешенді жоспары аясында аграрлық секторды қолдауға 15 миллирд теңге бөлінді. Осының арқасында 6 бағыт бойынша 17 жобаны қосымша қаржыландыруға мүмкіндік туды”, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Бұл, сәйкесінше, ауыл шаруашылығы құрылымы басшыларының белсенділігін арттырып отыр.
Бұрындары жылына 4-5 қана тауарлы-сүт фермасы ашылса, биыл бірден 16-сының құрылысы жүріп жатыр. Бұл фермаларда 11 мыңнан астам ірі қара өсіріліп, жылына 57 мың тонна сүт өндіру көзделген. Ең бастысы, бұл нысандарда 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Өндіріспен қоса облыста өңдеу кәсіпорындары да қарқынды арттырмақ. “Маслодел” мен “Евразиан Милк” зауыттары сүт пен ірімшік өнімінің жаңа түрлерін шығаратын желілерді іске қоспақ. Сүт өнімдерін өңдеу саласы бойынша ауқымды жұмыстар 2023 жылы аяқталмақ. Осының арқасында сүт және ірімшік импортына тәуелділікті 100 пайызға жауып, экспортты арттыруға мүмкіндік туады.
Өңірде қолға алынған бұл жобалар ет-сүт бойынша қажеттілікті толық жабуға мүмкіндік бермек. Бұған қоса ауылды жерлерде жұмыс орындары пайда болады. Алдағы 5 жылда жалпы құны 183 миллиард теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Ауыл шаруашылығы саласындағы тың жобалар туралы орынбасарының есебін тыңдаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов осы қарқыннан таймай, жобаларға барынша қолдау көрсету керегін атап өтті. Осы жұмыстар мүлтіксіз атқарылса, облыс қана емес, республиканы азық-түлікпен қамтуға өңірдің әлеуеті жететінін қадап айтты.
Жыл басынан бергі алты айда өнеркәсіпті дамыту жұмыстары да қарқын алды. Пандемияға қарамастан өндіріс көлемі артты. Әсіресе, “Qyzyljar” еркін экономикалық аймағының құрылуы көптеген мүмкіндіктер ашты. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек осы салада атқарылып жатқан істерге кеңінен тоқталды. Айтуынша, өңірде негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі тұрақты. Көлемі 23,4 пайызға артып, 139 млрд. теңгені құрап отыр. Жеке инвестицияның үлесі 41,4 пайызға ұлғайып,
119,8 млрд. теңгеге жетті. Қысқаша айтқанда, бюджеттің 1 теңгесіне кәсіпкерлердің 6 теңгесі қосылып отыр. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіш болып саналады.
2016 жылы ашылған “Тайынша май” зауыты майлы дақылдарды өңдеу көлемін ұлғайтты. Қазіргі күні қуаттылықты арттыратын желілерді іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазақстан – Ресей бірлескен жобасы аясында изотермиялық термосвагондар шығаратын зауыт жобасы да жалғасуда. Тез бүлінетін таураларды тасымалдауға арналған вагондар шығару – ТМД аумағындағы әзірге жалғыз бастама. 2019 жылы 15, былтыр 47, биыл 20 вагон тұтынушыға жол тартты. 2022 жылдан бастап жылына 150 вагон құрастыру жоспарланған. Бұған қоса, автономды түрде жұмыс істейтін рефрижератор вагондар өндірісі қолға алынып, сертификат алуға дайындық басталды.
Сондай-ақ өңірде кірпіш пен газоблоктар шығаратын зауыттардың да құрылысы жүріп жатыр. “Радуга” ЖШС-і осыған дейін 50-ден астам тауар түрін өндіріп келсе, енді қағаз өнімдерін шығаратын фабриканы іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жоба да “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасына сәйкес импорт көлемін азайтуға жол ашады. “Qyzyljar” еркін экономикалық аймағында қазір 3 жоба іске асырылуда. Олар – азық-түлік өнімдерін өндіру мен өңдеу, құрылыс материалдарын, жиһаз, электроника мен машина жасау саласы және көпбейінді арнайы аурухана құрылысы .
Облыс әкімі инвестицияны көптеп тарту және оны тиімді пайдалану керек екенін атап өтті. Жыл сайын қаржы құюға ниетті кәсіпкерлер саны артып келеді. Ал оларға қолайлы жағдай жасау – жергілікті атқарушы органдардың жұмысы. Жиын барысында сөз алған трансфарматор шығаратын зауыт пен “Радуга” ЖШС-нің басшылары инвесторларға жасалған жағдай туралы баяндады. Олардың айтуынша, қай тұрғыдан болмасын қолдау бар.
Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев пен Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков құрылыс жұмыстары туралы есеп берді. Қала басшысының айтуынша, облыс орталығында құрылыс қарқыны жоғары. Әсіресе, тұрғын үй салу жоспарға сәйкес жүргізілуде. Екі емхана мен Шоқан Уәлиханов көшесіндегі жаңа мектептің құрылысы жоспарға сай жүріп жатыр.
Сәтжан Аблалиев бюджет қаржысына 13 нысанның құрылысы жүріп жатқанын жеткізді. Бұл – білім беру, медицина және мәдениет ошақтары. Екі мыңға тарта құрылысшы жұмылдырылған. 900 орындық мектеп, жергілікті университеттің заманауи оқу-зертханалық корпусы мен 1200 орындық екі жатақхана, сонымен қатар облыстық спорт интернат-колледжі жанынан 244 орындық жатақхана салынып жатыр. Қазіргі күні өңірдегі 7 ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оның үшеуінде құрылыс компанияларының жауапсыздығына байланысты, сот процестері жүруде. Ал Айыртау ауданындағы нысанның құрылысы тоқтатылды. Тағы бір проблемалық нысан – облыс орталығындағы қазақ драма театры. Оның да тапсырылу мерзімі кешігіп жатыр. Облыс әкімі туындаған мәселелерді заң аясында шешіп, жұмысты жандандыруды тапсырды.
Жиын соңында өңір басшысы осы қарқыннан айырылмай жобалаларды жүзеге асыру керектігін атап өтті. Мемлекеттен облысты дамытуға қыруар қаржы бөлініп отыр. Енді осы игілікті тиімді пайдалана білу қажет.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.