Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі жарты жылдың ішінде 63 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көші-қон қызметінің полицейлері әлеуметтік желідегі ведомствоның ресми аккаунттарында халықпен онлайн режимінде диалог жүргізді. Стриминг көші-қон қызметінің алты айдағы жұмысына арналды.
Instagram және Facebook қолданушылары шетелге қонаққа шығу үшін қандай құжаттар қажет, СҚО-ға қай елдерден шетелдіктер жиі келеді деген сияқты түрлі сұрақтар қойды. Тікелей эфирге көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы Самат Базылов және сол басқарманың инспекторы Сәбит Жүсіпов шықты. Полицейлер жұмыстағы негізгі басымдықтардың бірі – мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақтылы көрсету екенін атап өтті. Жыл басынан өңірде 63 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.
«Облыс аумағында 5815 шетелдік және азаматтығы жоқ 255 адам тұрады. Жарты жылдың ішінде жұмысқа орналасуға 1205 патент берілді, бұл өткен жылдан 44 %-ке көп. Ішкі көші-қонға бақылауды қамтамасыз ету кезінде тұрғылықты жері бойынша 19 мыңнан астам азамат тіркелді. Жеке куәлікті алуға 31 036 өтініш, төлқұжатқа 8072 өтініш ресімделген. Бұл ең сұранысқа ие мемлекеттік қызмет», – дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы Самат Базылов.
Елде болу ережелерін бұзғаны үшін 219 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 24-і ел аумағынан шығарылды. Шетелдіктерді еңбекке заңсыз тартқаны үшін 32 жұмыс берушіге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, алты айдың ішінде облыс аумағында шетелдіктерге қатысты 28 қылмыс жасалса, оның 16-сы шетелдіктердің тарапынан болған.
Самат Базылов эфир барысында облыс тұрғындары мен қонақтарын көші-қон қызметіне қатысты сұрақтармен жұмыс күндері 8 (7152) 34-00-50 телефон нөміріне, сыртқы көші-қон бойынша 8 (7152) 34-00-23, азаматтық мәселелері бойынша 8 (7152) 34-00-35 телефондарына жүгіне алатындарын еске салды.
Полицейлердің айтуынша, облыста 16-17 шілде аралығында «Жолда қабылдау» республикалық акциясының кезекті кезеңі өтеді. Әкімшілік полиция, процессингтік орталық, патрульдік полицейлер, учаскелік полиция инспекторлары, көші-қон қызметі – қалалық, аудандық полиция бөліністерінің барлық жетекші қызметтерінің полицейлері екі күн бойы тұрғындарға кеңес беріп, Facebook және Instagram желілерінде онлайн режимінде қолданушылардың сұрақтарына жауап береді.
https://www.inform.kz/