Екі қолға бір күрек таба алмаған жастардың жұмыс іздеп шартарапқа тарыша шашырап кетуіне байланысты кеше ғана алтын бесік саналған көптеген ауылдар қазір картада жоқ, енді біразының жабылудың аз-ақ алдында тұрғаны баршаға мәлім. Солардың бірі – Жамбыл ауданындағы Қарақамыс ауылы. Бұрын жүзден астам отбасы тұрған елді мекенде қазір он үй түтін түтетіп отыр. Оқушылардың аздығына байланысты мектеп жабылды. Жаңа салына бастаған клубты біреулер бұзып әкетті. Моншаның қабырғасы ғана тұр. Қаңырап қалған үй қаншама? Бір кездегі бір мыңнан астам ірі қара мен 22 мыңнан астам қой өрістің сәні екен ғой.
Кеше ғана сүттей ұйып отырған ауыл тоз-тоз болып кетудің алдында тұр. Оны қалай сақтап қала аламыз? Ауылдың әр жақта күн көріп, отбасыларын асырап жүрген азаматтары осыны ойлаған болулары керек. Ең алдымен ағалы-інілі Аян мен Алтай Сағындықовтар шағын мал фермасын ашты. Мемлекеттен несие алып, алпыс шақты қашар алды. Олардың төлін өсіріп, бордақылап, етін елордаға, Қызылжарға апарып өткізуде.
Тағы бір ауыл азаматы Ерболат Жабалов жылқы шаруашылығымен айналысады. Қазір оның табынында жүзден астам Қамбар ата төлі бар. Қазақ қыста соғымсыз отырған ба? Оның семіз жылқыларын қыс түсе сонау Нұр-Сұлтаннан, Қызылжардан, Қостанайдан және басқа да өңірлерден келіп, сатып алып кетеді. “Ерболаттың жылқылары әрі семіз, әрі еті тілді үйіреді”, – деген сөзді талай жерден естіп жүрмін. Олай болатын жөні де бар. Ауылдың төңірегінде ормандар мен көлдер көп-ақ, ал иісі жұпар құнарлы шөпті жеген малдың еті қалай тәтті болмасын? Түгін тартсақ майы шығатын осы жерде мал өсірумен бірге, картоп, көкөніс егуге де әбден болар еді. Оңтүстіктен қоныс аударып жатқан бірнеше отбасын осындағы бос үйлерге қоныстандырса, бұл іспен айналысып-ақ кетер еді-ау, шіркін!
Тарихқа шегініс жасасақ, 1926 жылы Ақтомпақ деген қыстауда шаруашылық құрылып, Қарақамыс селолық кеңесі ашылған екен. 1928 жылы ұжымдастыру науқаны басталуына орай ата-атаға бөлініп, орман-тоғайлардың бауырын мекендеген қаракөздердің басы қосылып, Жаңажол, Октябрь, Жалтырша, Ақбалық, Нұрымбет ауылдары осы кеңеске бірігеді. Бір қызығы, сол кезде ауыл шетінен қазылған құдыққа әрбірінің диаметрі мен биіктігі бір метрден он екі тас салынған екен. Сол заманда осынша тасты қайдан, қалай әкелді, құдыққа қалай салды екен деп ойлайсың. Суы тұщы еді. 1950 жылдары теміржол салған әскерилер Қарақамыста жертөле баспаналарда тұрып, осы құдықтың суын ішкен. Біздің өңірді ғана емес, көршілес Көкшетау, Қостанай, Қорған облыстарының бірнеше аудандарындағы елді мекендерді ауыз-сумен қамтамасыз етіп тұрған “Союзцелинвод” тресінің Преснов тораптық құбыры істен шыққаннан кейін, көптеген ауылдар өмір нәрінсіз қалды. Мәселені шешу мақсатында жүргізілген барлаудың нәтижесінде Қарақамыс ауылының іргесінен қоры мол жерасты суы табылған. Одан тартылған құбыр арқылы қазір Қарақамыс, Озерный, Бауман, Жалтырша ауылдары сапалы ауызсу ішіп отыр.
Бұл күндері ауылды құрылтайшысы Олег Авдеев, ал атқарушы директоры Асқарбек Нұрсейітов “Алтын қойма СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, яғни Бауман элеваторы қамқорлығына алып отыр. Солардың техникасымен ауылдың көшелері тазартылып, ескі үйлер сырылып тұрады. Жуырда ауылдың екі көшесіне жарық орнатуға көмектесті. Оған жұмсалатын электр қуатының ақысын Озерный ауылдық округі өз мойынына алып отыр. Ауыл тұрғындары Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен қаза тапқан боздақтарға арналып орнатылған ескерткіштақтаны, үйлердің қоршауларын бояп, маңайларын тазартты.
Жоғарыда айтылған серіктестік Озерный орта мектебінің ғимаратын жөндеудің жобалық-сметалық жоспарын жасауға 2 миллион теңге бөлді. Тағы бір айта қаларлық сауапты іс – ауыл маңындағы зираттың ауласын кеңейтіп, осызаманғы материалдардан қоршау орнатылды. Бұл қоршауды Қарағандыда “RDQ GROUP” ЖШС-і жасап, Қарақамыстың тумасы, қазір Нұр-Сұлтанда тұратын кәсіпкер Төлеш Нұртазин өзінің “КамАЗ” жүк көлігімен ауылға жеткізіп берді. Тепсе темір үзетін жігіттер екі күнде-ақ орнатып тастады. Зират маңындағы қабіршілерге арналған кірпіштен салынған үйдің терезелері, шатыры жөнделген. Ал күзде зират қоршауының сыртына ағаш отырғызылмақ.
Бір кездері дүкен болған, артынан ауыл азаматтарының күшімен жастар кешке ойын-сауық құруға, той-домалақ өткізуге, ас беруге лайықтап қайта жөндеген ғимарат алдында шағын іс-шара өткізілді. Бұл жолы ішіне жұқа кілем төселді, пеш қойылып, жылу батареялары орнатылды, жаңадан ыдыс-аяқ сатып алынды. Бұл игі істердің бәріне демеушілердің көмегі мен ауылдастардан жиналған бес миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.
“Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды” демекші, мен аудан орталығы Преснов пен Бауман стансасы арасындағы жолдың үстіне ең болмаса қиыршық тас төсетуді сұрап бірінен соң бірі ауысып жатқан бірнеше әкімге бардым, жоғары жаққа әлденеше хат жаздым. Обалы не керек, ақша бөлінді. Бірақ жұмыс сапасыз атқарылды. Жол тез бұзылды. Қазір тіпті ол жолмен ешкім жүрмейді, жүре де алмайды. Жиында биыл осы жолды жөндеуге тағы 450 миллион теңге бөлінгені туралы айтылды. Екі жылға жоспарланған жұмыстың сметалық құны 1,3 миллиард теңге. Бақырілген (Петровка) мен Түлкіойнақтың (Святодуховка) арасына асфальт, одан Бауман стансасына дейін қиыршық тас төселмек. Осы жоба іске асса, жол азабын көріп, ауылдардан көшіп кетушілер саны азаяр деп ойлаймыз.
Жиын соңында атақонысқа ие болып, кіндік қандары тамған ауылда түтін түтетіп отырған он үйдің иесіне Алғыс хаттар берілді. Ал осындай ауқымды істі атқаруға демеушілік жасаған және белсене қатысқан он адамға, оның ішінде мен де бармын, яғни Олег Авдеевке, Асқарбек Нұрсейітовке, Медет Дәрменевке, Төлеш Нұртазинге, Берік Сағындықовқа, Еслам Тасқұловқа, Бегайдар Мүсіреповке, Қабимолда Ыбыраевқа және Амангелді Мұқыжановқа “Намыс” қоғамдық қоры атынан “Қолдаушы” медальдары табыс етілді. Шара аруақтарға бағышталып ас беріліп, дұға оқытумен аяқталды.
Қарақамыстық азаматтардың әр жерде тұрып жатса да ұйымшылдық көрсетіп, туған жерге, алтын ұяларына қамқорлық танытып, оның болашағына алаңдап істеп жатқан игі істерін егжей-тегжейлі жазудағы басты себеп – шатқаяқтап тұрған өзге ауылдарға да үлгі болса деген ой. Қазақта “орнында бар оңалар” деген жақсы сөз бар. Заман осылай тұра бермес, түзелер, ауылдардың түтіні түзу ұшар күн туар. Сол күнге жетейік!
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
СУРЕТТЕ: ауыл тұрғындары балалар алаңын қоршау жұмыстарымен айналысуда.