Солтүстік Қазақстан облысында биыл 48 мың тұрғыны бар 49 елді мекеннің сумен жабдықтау жүйесі жақсарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 248 мыңнан астам тұрғыны бар облыстың 402 елді мекені орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қосылған. Олардың 205-інде су тарату желісі болса, қалғандарында су беру пункттері жұмыс істейді. Ал сумен қамтылмаған ауылдардың саны – 233.
«Былтыр ауылдардың сумен қамту жүйесін жақсартуға 6,5 млрд теңге жұмсалды. Бұл қаражатқа 76 елді мекенде жұмыстар жүргізілді. Биыл екі есе артық ақша -11,4 млрд теңге жұмсалмақ. Жобалардың басым бөлігі республикалық қазынадан қаржыландырылды. 11 ауданда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 637 млн теңге бөлінді», – дейді Әділбек Әубәкіров.
Нәтижесінде биыл 48 мың тұрғыны бар 49 елді мекеннің су беру жүйесі жақсармақ. 11 ауылға су келсе, 38-інде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан басқа 174 км су тарату желісі жөнделіп және жаңадан салынады. Бұл 3 мың баспанаға үйге су кіргізуге мүмкіндік бермек.
«Келесі жылға да жұмыстарды жоспарлап жатырмыз. 29 елді мекен бойынша 22 жоба әзірленіп жатыр. Қызылжар ауданының Бескөл, Якорь, Чапаев, Петерфельд, Шал ауық ауданының Сергеевка, Ступинка, Семиполка, М.Жұмабаев ауданының Карагандинское, Новотроицкое, Молодогвардейское, Писаревка, Жастар, Таманское, Ғ.Мүсірепов ауданының Тахтаброд, Новоселовка, Гаршино, Уәлиханов ауданының Ақбұлақ, Тельжан, Молодая гвардия, Ақтүйесай, Бидайық, Күзексай, Айыртау ауданының Нижний Бурлук, Антоновка, Айыртау және Жамбыл ауданының Казанка, Жаңажол елді мекендерін қамтыдық», – дейді басқарма басшысы.
Бұдан басқа келесі жылға республикалық бюджеттен 13 жобаға 5,1 млрд теңгеге тапсырыс берілді.
Жалпы СҚО-ны кешенді дамыту жоспары аясында 2021-2025 жылдары сумен қамтуға 30,4 млрд теңге жоспарланған.
Бұл 84 мың тұрғыны бар 78 елді мекенде жағдайды оңалтпақ.
https://www.inform.kz/