«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРУШІ ЕДІҢ АҢҚЫЛДАП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сегіз жастағы кезім. Сай басына сырға­нақ тебуге келгенмін. Ауылдастарым бір бей­таныс қара торы баланы қоршап алып­ты. Ол жылап тұр, қолында – газет-журнал. Мен қонақты ренжітуге болмайды деп қо­лынан жетелеп, үйге алып келдім. Таныса келе аты-жөні Қонысбек екенін, көрші Үлгілі ауылынан келгенін білдім. Пошташы әкесі Балташ оны атқа мінгізіп, көрші елді мекен­дерге хат-хабар таратуға жіберіпті. Сырға­нақ басында балалар әлімжеттік жасап, жур­налдарын тартып алмақ болған. Екеу­міз­дің өмірлік достығымыз дәл сол күннен басталарын ол кезде ойлаған жоқпыз. Қо­нысбек өте алғыр еді. Неше түрлі әңгіме­лер, ертегілер айтатын. Кітап, журналды көп оқитын. Бұл – балалық шағымыздың тамаша, ұмытылмас кездері еді. Оқуы­мыз­ды Қошқарбай ауылында жалғастырып, тонның ішкі бауындай араласып кеттік.

Ол орта мектепті Көкшетаудағы пансио­натта аяқтап, механикалық заводта токарь болып жұмыс істеді. Онысын өмір бойы мақ­танышпен айтып жүретін. Сол кездері бі­реуге жиі хат жазатын, сұрасақ айтпайтын. Артынан ағынан жарылды, жоғары оқу ор­ны­на емтихан тапсыруға келген Зәуре де­ген бойжеткенмен танысыпты. 1977 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетінің студенті атанып, үлкен қуанышқа бөлендік. Бір күні досым келіп тұр, жүзі бал-бұл жайнайды. Сөйтсе, Зәуре де оқуға түсуге келіпті. Қонысбек гүл сатып алды, мен гитарамды асынып, танысуға бар­дым. Аққұба, әдеміше келген қыз сызы­лып тұр. Айтайын дегенім, есі шыққан до­сым орындыққа қойған гүлдің үстіне отыра кетіпті. Осындай талай қызықты жағдайлар бастан өтті ғой, шіркін!

Қонысбек университетте жақсы оқыды, белсенді болды. Факультеттің қабырға га­зет­терін шығаруға көмектесетін, жазуы әдемі еді. Сурет салатын. Кейін қызметте де тиянақты, ұқыпты, жігерлі, әділ қалпы­нан тайған жоқ. 3-ші курста Қонысбек пен Зәу­ре жүрек жарастырып, отау құрды. Де­ка­нымыз Мәжит Имашев ағайымыз түсінігі мол азамат еді. Сол кісінің ұсынысымен кә­сіподақтан ректорға хат жазылып, жатақ­ха­надан бір бөлме берілді. Диплом алар кез­де жас жұбайлардың Арайлым деген қыз­дары дүниеге келді. 1982 жылы Қонекең жол­дамамен прокуратура саласына жібе­рілді. Еңбек жолын Келлеровка аудандық прокуратурасында тергеушіліктен баста­ды. Ауданның негізгі тұрғындары – неміс­тер мен поляктар. Жас маман мол тәжірибе жинақтай отырып, өз ісінің білгірі ретінде қалыптасты. Бұрынғы Көкшетау облысы­ның үздік тергеушісі атанды. Үлкен сенім ар­тылып, Арықбалық аудандық сотының төрағасы болып сайланды. Қаражат бөл­гі­зіп, жаңа сот ғимаратының салынуына зор ықпал етті. Отбасы толығып, Арайлымнан бөлек Азамат, Әйгерім, Серік деген ұл-қыздары дүние есігін ашты.

Көкшетау облысының прокуроры Қайрат Жүсіпов Қонысбектің білімділігін, алғырлы­ғын бағалап, Щучье ауданының прокуроры етіп тағайындады. Бұл салада да жемісті еңбек етті. Алматыда аттестациядан сәтті өтіп, кіші әділет кеңесшісі болып оралды. Көп ұзамай Бас прокурордың бұйрығымен Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары болып тағайындалды. Қазағы ормандай күнгейге жүрексініп барса да, тез сіңісіп кетті. Жаңа қызметте терең білім­ділі­гімен, адамгершілігімен, ұйымдасты­рушы­лық қабілетімен құрметке бөленді. Оның қарамағында жұмыс істеген курстасы Ержанның: “Қонекең бізді көп нәрсеге үй­ретті”, – деп ағынан жарылғаны бар. Қадірлі досымыз Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қос­танай облыстық прокурорының бірінші орынбасары, Петропавл қаласының про­куроры қызметтерін атқарғанда ата-ана тәр­биесімен бойына қонған ізгі адамгершілік қасиеттерін жоғалтпады. Қай кезде де бе­делді, білімді, ақылды басшы бола білді. Үл­кенмен де, кішімен де тіл табысып, өнегелі ізбасарлар, шәкірттер даярлады. Әңгіменің майын тамыза айтып, сүттей ұйытып тас­тайтын. Отырыс-жиынның көркі еді. Ерек­ше талғаммен киінетін. Ақынжандылығын айт­саңшы! Өлеңді заматта шығарып, жа­зып тастайтын.

Үлкендерге деген көңіл сыйластығы ерекше-тұғын. “Әдебиет пен тілге үйреткен осы кісі, ардақты ұстазым” деп әкемді жақ­сы көретін. Ол кісі 80-ге толғанда жүректен шыққан сөздерін айтып, шын көңілден өлең арнап, мерейін тасытқан. Әкесі Балташ пен анасы Қалиманың үстінен құс ұшырмай­тын. Екі түрлі құмарлығы бар еді: бильярд ойнау және аңға шығу.“Бильярд ойнауға тоймайсың, аңға шығуды қоймайсың”, – деп қалжыңдайтынмын. Ауылға келген сайын мылтығын асынып, тау-тасты, ор­ман-тоғайды армансыз аралайтын. Осы­лайша туған жердің төсінде қыдырғанды ерекше ұнататын.

Жан жары Зәуре десе, шығар жаны бө­лек болатын. Асылбай ақсақал мен Тілеуке шешейдің көңілдерін ешқашан қалдырған емес. Асекеңмен әзілі қатты жарасатын. “Баяғыда қызыңызды бергіңіз келмеп еді, енді күйеу бала қалай?” – деп сұрағанда “Жақ­сы, жақсы”, – деп жымия жауап бере­тін. Зәуренің інісі Аманайға да ағасы сияқты қамқор болды. Аманай да инабатты жез­десін пір тұтты. Бүкіл туған-туыстарының тойларын, жиындарын ұйымдастырып, бел ортасында жүретін. Арайлымнан көрген жиені Дәрияны аузынан тастамайтын. Се­рік отбасылы болып, құда-құ­дағиларымен шын пейілмен сыйласты. Сұлтан, Амира деген немерелер өмірге ке­ліп, шаңырағы шаттыққа толды. Сұлтанның сүндет тойында ойдағы, қырдағы ағайын­ның басын қосып, жасындай жарқылдап жүрді. Әттең, бұл досымның ақырғы қуанышы екенін білген жоқпыз ғой…

Сонғы кезде досым жүдеп кетті, емха­наға жиі баратын болды. Көңіліне кірбің тү­сір­мейін деп аса көп ештеңе сұрамай­тын­мын.

“Химиотерапиядан өту керек”, – дегенді өзі айтты. “Қашан да қара нардай қайыс­пайтын мықты едің ғой, әлі-ақ жазылып ке­тесің”, – деп жұбататынмын. Өзі де еңсесі тү­сіп, мойыған жоқ. Бірнеше рет ауруха­на­да жатып, емделіп шықты. Беті бері қарап келе жатқандай еді. Күнде телефонмен сөйлесіп, хал-жағдай білісіп тұрдық. 2020 жылдың 11 шілдесінде қанша телефон соқсам да, көтермеді. Сөйтсе, коронавирус кеселін жұқтырып, жағдайы күрт нашарла­ған екен. Тосыннан жабысқан бұл кеселді де жеңер, өз-өзіне келер деп үміттендік. Болмады. Айналасы бірер аптаның ішінде сұм ажал алып тынды. Сенер-сенбесімізді білмедік. Қабырғамыз қайысып, күңірендік. Осындай күйзеліс кезінде жүректен шыққан өлең шумақтарын қағазға түсіріп едім:

Әу, досым-ай, досым-ай,

Жүруші едің мойымай.

Басымыз кетті қосылмай,

Өмірге жеттік осындай.

Жүруші едің аңқылдап,

Қаз дауысың саңқылдап,

Бәрімізді ұйытып,

Жүректерді жылытып.

Таудай болып жүруші ең,

Жора-жолдас, бауырға.

Пейілің болды сондай кең,

Аспандағы аймен тең.

Қабырғаны қайыстырып,

Қалай кеттің қиып сен.

Уақыт өтіп, өмір жалғасып жатыр. Орта­мызда тек ол жоқ. Орны үңірейіп тұр. Биыл Қонекеңнің ауылына Қалима анамыздың амандығын біле бардық. 88 жастағы кейуа­наның ұлын көп уайымдайтыны көрініп тұр. Төсегінен тұрды, қасымызда көп отырды. “Қонысбек келгенде жататын диванға қи­сайып демалып ал, ас піскенше”, – деп бә­йек болды. Жатып ұйықтап кетіппін. Үстіме біреу көрпе жауып жатыр екен, оянсам ана­мыз. Бірдеңе деп күбірлеп қояды. Досым тіріліп келгендей қуанып жатыр екен ғой деп көңілім босап, көзіме жас алдым. Ана­ның сәбиіне деген махаббаты шексіз! Еш­қашан ортаймайды, таусылмайды. Жатқан жерің жайлы, жаның жанатта болсын, жан досым!

Еркін БАЙМЫРЗИН,

досы.

Көкшетау қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp