«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азат елдің айбыны

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Қызға қырық үйден тыйым салып, шаңырақтың иесі саналатын ұлының ержүрек, батыр, отансүйгіш әрі намысты болуын қадағалаған. Сондықтан ер баланы батырлыққа, қайсарлыққа, өжет болуға тәрбиелейді. Менің де ата-анам осы қасиеттерді бойыма сіңіріп өсірді.

Мен Ақжар ауданының тумасымын. Ленинград ауылында орта мектепті тамамдап, үлкен өмірге жолдама алдым. Кішкентай кезімде әулетімнің ақсақалдары “болашақта кім боласың?” деп жиі сұрайтын. Ол кезде мен қатарлы балалардың барлығы полиция немесе әскери қызметкер, ұшқыш болуды армандайтын еді ғой. Мен де өз өмірімді әскери саламен байланыстыруды жөн көрдім. Адам өмірде екі нәрсені таңдаудан қателеспеу керек деген ұстаным бар. Бірі асыл жарын таңдау болса, екіншісі табысқа жетелер, бағын ашатын мамандығы. Бұл орайда мен мамандық таңдаудан қателеспегеніме қуанамын. Бүгінде Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан әскери институтында әскери қызметшімін.

Әр саланың қызығы мен қиындығы болады. Әскери өмірдің қиындығынан, қызығы басым десем, артық айтқаным болмас. Әскери қызмет – менің өмірім. Біздің елімізде жауынгерлік ерлік пен әскери қызмет ерекше құрметке ие. Отанымыздың Тәуелсіздігін қорғау, мемлекеттің шекарасын күзету, халықтың тыныштығы үшін еңбек ету – ерекше абырой мен сенім. Сол сенімді ақтау біз секілді мамандарға парыз. Әскери өмір мені түрлі тосқауылдарға тойтарыс беріп, қиындыққа мойымауды үйретті.

Азат еліміздің айбыны – ұлттық әскер. Тәуелсіздіктің отыз жылында еліміз өзінің қуатты әскерін қалыптастыра білді. Қазақстан Қарулы Күштерінің ширек ғасырдан астам тарихы бар. Осы уақыт ішінде қазақ әскерінің әлеуетін арттыру үшін қыруар шаруа атқарылғанын айтып өткен жөн. Қуатты әскеріміздің жауынгерлік әлеуетін арттыруға Ұлттық ұлан әскери институтының қосып отырған үлесі зор. Оқу орны жыл сайын жүздеген білікті офицер даярлап шығарады. Патриоттар тәрбиелеу ісіне белсенді атсалысып, төл тарихын білетін, бүгінін бағалайтын, тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай сақтайтын

жастардың бойында ұлттық рух қалыптастыруда.

Жалпы еліміздегі жастар өз Отанының патриоты болуы керек. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда: “Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады”. Сондықтан әр адамды Отанды сүюге, туған жердің патриоты болуға шақырамын. Патриот болу үшін дене шынықтырумен айналысып, әскери салада қызмет ету міндет емес. Елжандылықты кез келген іспен дәлелдеуге болады. Менің өмірімде мұндай сәттер жиі орын алды. Соның бірін айтып өтсем деймін. Бірде қаладағы көпқабатты үйдің кіреберісінен қою түтінді байқадым. Дереу “101”-ге қоңырау шалып, жағдайды баяндадым. Өрт сөндірушілер жеткенше 8 адамды қауіпсіз жерге шығарып, қайғылы жағдайдың орын алуына жол бермедім. Менің орнымда болған кез келген адам өртті сөндіріп, адамдарды құтқаруға қол ұшын созатын еді. Елге, жерге деген сүйіспеншілік осындай қысылтаяң кездерде сыналады емес пе?

Доскен ЕСЖАНОВ,

Ұлттық ұлан әскери институтының әскери қызметшісі, аға лейтенант.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp