Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғынының шамамен 3 млн теңге тұратын қойы жоғалып, қаңғыған малды полицейлер мен шекарашылар табуға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют ауданы тұрғыны таңсәріде қойларын ауылдан 3 км жерге жайылымға шығарған.
Кейін өзі үй шаруасымен айналысқан, малдың жоғалғанын сағат 8.00 шамасында анықтаған. Жоғалған 53 қойы мен 5 ешкісін 3 млн теңгеге бағалапты.
Ер адам бұған дейін малды бағусыз еркін жайылуға жібергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Сол себепті жоғалған қойды өзі іздемек болған.
Алайда одан нәтиже шықпағандықтан кешке ауыл тұрғыны аудандық полиция бөліміне көмек сұрап жүгінген.
Жайылымнан жоғалған малды іздеуге жеке құрам бағдарланып, басқа аудандарға да хабар жіберілді. Төрт топ көлікпен іздеуге шықты.
5 қызметкерден тұратын тағы бір топ жақын маңдағы ауылдарға барып, үй-үйді аралаған, жергілікті тұрғындар мен бақташылардан сұрастырған.
Учаскелік инспекторлар WhatsApp мессенджері арқылы бағдарларды фермерлік және шаруа қожалықтарының жұмыскерлеріне таратты.
12 шілде күні полицейлерге шекарашылар қосылып, шекара маңында іздеу жүргізген.
Жауын жауып, техниканы пайдалануға келмей, олар орман, дала, көл жағалауларын жаяу резеңке етік пен шекпен киіп тексерді.
Таңертең 13 шілде күні полицейлер және шекарашылар толассыз жауған жаңбырға қарамастан іздеуді алғастырып, орманнан 40 қойды іздеп тапты.
Кейін қалған мал да шығынсыз табылды. Қой-ешкі иесіне қайтарылды, ауыл тұрғынына қайтадан әкімшілік жаза қолданылмақ.
«Жыл басынан ауданда мал осымен бесінші рет жоғалып отыр. Мал иелерін жаю ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Еркін жайылым мал ұрыларына және жануарлардың өз бетімен кетуіне жағдай жасайды. Қаңғып жүрген мал жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндіретінін ұмытпаған жөн. Биыл Мамлют ауданының аумағында 4 мал ұрлығы тіркелді, барлық жағдайда да иелері малдарын қараусыз қалдырған», – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Иса Мұстафин.
https://www.inform.kz/