«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛЫҚ ЦЕХЫН АШТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасы арқылы балық цехын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданы Преснов елді мекенінің тұрғыны Артем Коробов кәнігі балықшы. Жігіт бала кезінен қолынан қармағын тастаған емес. Бірер жыл бұрын оған сүйікті ісін кәсіпке айналдыру туралы ой келеді. Өз күшімен жақын арада арманына қол жеткізе алмасын білген азамат мемлекеттің қолдауына сүйеніп, «Бизнес Бастау» жобасына қатысады.

«2019 жылы кәсіпкерлік негіздері бойынша курстан өттім. Бизнес-жобамды ұсынып, сәтті қорғап шықтым. Сол жылы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша гранттар байқауына қатысып, 505 мың теңге алдым. Бұл ақша қайық пен тоңазытқыш сатып алуға жұмсалды», – дейді ауыл тұрғыны.

Алдына қойған мақсатына қол жеткізу үшін Артем тынбай еңбек етті. Келесі жылы тағы да «Еңбек» бағдарламасына қатысып, 2 млн теңге жеңілдетілген несие алды.

«Артем Коробов – біздің мақтанышпен айтатын түлектеріміздің бірі. Алған бетінен қайтпайтын, қиындықтан қорықпайтын көпке үлгі болар жан. Жеткен жетістігіне масайрап, тоқтап қалмай үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бастапқыда тұтынушылары жаңа ауланған балыққа тапсырыс берсе, кейін сүрленген, қақталған, тұздалған өнімді сұрайтын болды. Сол себепті кәсіпкеріміз көп ойланбай балық цехын ашты», – дейді кәсіпкерлер палатасының Жамбыл аудандық филиалының басшысы Олжас Әбілмәжінов.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының гранттар байқауына қатысқан жігіт қайтарымсыз 5 млн теңгеге қол жеткізді.

«Мен бұл қаражатқа ең алдымен контейнер, сүрлейтін орын, үстел мен кондиционер, вакууды қаптағыш сатып алдым. Тоңазытқышты несиеге алдым. Өз ақшамды да салдым. Қазір бизнесім ақырындап өрге домалап келеді. Балық арнайы сүрлейтін орында 1,5 сағаттың ішінде ысталады. Сосын сатылымға жіберіледі. Сондай-ақ, балғын, тұздалған және кептірілген балықтар да бар. Үш ауылдасымды жұмысқа алдым», – дейді кәсіпкер.

Болашақта Артем Коробов өңірдегі көлдердің бірін жалға алмақ ниетте.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp