Сегіз жастағы кезім. Сай басына сырғанақ тебуге келгенмін. Ауылдастарым бір бейтаныс қара торы баланы қоршап алыпты. Ол жылап тұр, қолында – газет-журнал. Мен қонақты ренжітуге болмайды деп қолынан жетелеп, үйге алып келдім. Таныса келе аты-жөні Қонысбек екенін, көрші Үлгілі ауылынан келгенін білдім. Пошташы әкесі Балташ оны атқа мінгізіп, көрші елді мекендерге хат-хабар таратуға жіберіпті. Сырғанақ басында балалар әлімжеттік жасап, журналдарын тартып алмақ болған. Екеуміздің өмірлік достығымыз дәл сол күннен басталарын ол кезде ойлаған жоқпыз. Қонысбек өте алғыр еді. Неше түрлі әңгімелер, ертегілер айтатын. Кітап, журналды көп оқитын. Бұл – балалық шағымыздың тамаша, ұмытылмас кездері еді. Оқуымызды Қошқарбай ауылында жалғастырып, тонның ішкі бауындай араласып кеттік.
Ол орта мектепті Көкшетаудағы пансионатта аяқтап, механикалық заводта токарь болып жұмыс істеді. Онысын өмір бойы мақтанышпен айтып жүретін. Сол кездері біреуге жиі хат жазатын, сұрасақ айтпайтын. Артынан ағынан жарылды, жоғары оқу орнына емтихан тапсыруға келген Зәуре деген бойжеткенмен танысыпты. 1977 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетінің студенті атанып, үлкен қуанышқа бөлендік. Бір күні досым келіп тұр, жүзі бал-бұл жайнайды. Сөйтсе, Зәуре де оқуға түсуге келіпті. Қонысбек гүл сатып алды, мен гитарамды асынып, танысуға бардым. Аққұба, әдеміше келген қыз сызылып тұр. Айтайын дегенім, есі шыққан досым орындыққа қойған гүлдің үстіне отыра кетіпті. Осындай талай қызықты жағдайлар бастан өтті ғой, шіркін!
Қонысбек университетте жақсы оқыды, белсенді болды. Факультеттің қабырға газеттерін шығаруға көмектесетін, жазуы әдемі еді. Сурет салатын. Кейін қызметте де тиянақты, ұқыпты, жігерлі, әділ қалпынан тайған жоқ. 3-ші курста Қонысбек пен Зәуре жүрек жарастырып, отау құрды. Деканымыз Мәжит Имашев ағайымыз түсінігі мол азамат еді. Сол кісінің ұсынысымен кәсіподақтан ректорға хат жазылып, жатақханадан бір бөлме берілді. Диплом алар кезде жас жұбайлардың Арайлым деген қыздары дүниеге келді. 1982 жылы Қонекең жолдамамен прокуратура саласына жіберілді. Еңбек жолын Келлеровка аудандық прокуратурасында тергеушіліктен бастады. Ауданның негізгі тұрғындары – немістер мен поляктар. Жас маман мол тәжірибе жинақтай отырып, өз ісінің білгірі ретінде қалыптасты. Бұрынғы Көкшетау облысының үздік тергеушісі атанды. Үлкен сенім артылып, Арықбалық аудандық сотының төрағасы болып сайланды. Қаражат бөлгізіп, жаңа сот ғимаратының салынуына зор ықпал етті. Отбасы толығып, Арайлымнан бөлек Азамат, Әйгерім, Серік деген ұл-қыздары дүние есігін ашты.
Көкшетау облысының прокуроры Қайрат Жүсіпов Қонысбектің білімділігін, алғырлығын бағалап, Щучье ауданының прокуроры етіп тағайындады. Бұл салада да жемісті еңбек етті. Алматыда аттестациядан сәтті өтіп, кіші әділет кеңесшісі болып оралды. Көп ұзамай Бас прокурордың бұйрығымен Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары болып тағайындалды. Қазағы ормандай күнгейге жүрексініп барса да, тез сіңісіп кетті. Жаңа қызметте терең білімділігімен, адамгершілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен құрметке бөленді. Оның қарамағында жұмыс істеген курстасы Ержанның: “Қонекең бізді көп нәрсеге үйретті”, – деп ағынан жарылғаны бар. Қадірлі досымыз Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстық прокурорының бірінші орынбасары, Петропавл қаласының прокуроры қызметтерін атқарғанда ата-ана тәрбиесімен бойына қонған ізгі адамгершілік қасиеттерін жоғалтпады. Қай кезде де беделді, білімді, ақылды басшы бола білді. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, өнегелі ізбасарлар, шәкірттер даярлады. Әңгіменің майын тамыза айтып, сүттей ұйытып тастайтын. Отырыс-жиынның көркі еді. Ерекше талғаммен киінетін. Ақынжандылығын айтсаңшы! Өлеңді заматта шығарып, жазып тастайтын.
Үлкендерге деген көңіл сыйластығы ерекше-тұғын. “Әдебиет пен тілге үйреткен осы кісі, ардақты ұстазым” деп әкемді жақсы көретін. Ол кісі 80-ге толғанда жүректен шыққан сөздерін айтып, шын көңілден өлең арнап, мерейін тасытқан. Әкесі Балташ пен анасы Қалиманың үстінен құс ұшырмайтын. Екі түрлі құмарлығы бар еді: бильярд ойнау және аңға шығу.“Бильярд ойнауға тоймайсың, аңға шығуды қоймайсың”, – деп қалжыңдайтынмын. Ауылға келген сайын мылтығын асынып, тау-тасты, орман-тоғайды армансыз аралайтын. Осылайша туған жердің төсінде қыдырғанды ерекше ұнататын.
Жан жары Зәуре десе, шығар жаны бөлек болатын. Асылбай ақсақал мен Тілеуке шешейдің көңілдерін ешқашан қалдырған емес. Асекеңмен әзілі қатты жарасатын. “Баяғыда қызыңызды бергіңіз келмеп еді, енді күйеу бала қалай?” – деп сұрағанда “Жақсы, жақсы”, – деп жымия жауап беретін. Зәуренің інісі Аманайға да ағасы сияқты қамқор болды. Аманай да инабатты жездесін пір тұтты. Бүкіл туған-туыстарының тойларын, жиындарын ұйымдастырып, бел ортасында жүретін. Арайлымнан көрген жиені Дәрияны аузынан тастамайтын. Серік отбасылы болып, құда-құдағиларымен шын пейілмен сыйласты. Сұлтан, Амира деген немерелер өмірге келіп, шаңырағы шаттыққа толды. Сұлтанның сүндет тойында ойдағы, қырдағы ағайынның басын қосып, жасындай жарқылдап жүрді. Әттең, бұл досымның ақырғы қуанышы екенін білген жоқпыз ғой…
Сонғы кезде досым жүдеп кетті, емханаға жиі баратын болды. Көңіліне кірбің түсірмейін деп аса көп ештеңе сұрамайтынмын.
“Химиотерапиядан өту керек”, – дегенді өзі айтты. “Қашан да қара нардай қайыспайтын мықты едің ғой, әлі-ақ жазылып кетесің”, – деп жұбататынмын. Өзі де еңсесі түсіп, мойыған жоқ. Бірнеше рет ауруханада жатып, емделіп шықты. Беті бері қарап келе жатқандай еді. Күнде телефонмен сөйлесіп, хал-жағдай білісіп тұрдық. 2020 жылдың 11 шілдесінде қанша телефон соқсам да, көтермеді. Сөйтсе, коронавирус кеселін жұқтырып, жағдайы күрт нашарлаған екен. Тосыннан жабысқан бұл кеселді де жеңер, өз-өзіне келер деп үміттендік. Болмады. Айналасы бірер аптаның ішінде сұм ажал алып тынды. Сенер-сенбесімізді білмедік. Қабырғамыз қайысып, күңірендік. Осындай күйзеліс кезінде жүректен шыққан өлең шумақтарын қағазға түсіріп едім:
Әу, досым-ай, досым-ай,
Жүруші едің мойымай.
Басымыз кетті қосылмай,
Өмірге жеттік осындай.
Жүруші едің аңқылдап,
Қаз дауысың саңқылдап,
Бәрімізді ұйытып,
Жүректерді жылытып.
Таудай болып жүруші ең,
Жора-жолдас, бауырға.
Пейілің болды сондай кең,
Аспандағы аймен тең.
Қабырғаны қайыстырып,
Қалай кеттің қиып сен.
Уақыт өтіп, өмір жалғасып жатыр. Ортамызда тек ол жоқ. Орны үңірейіп тұр. Биыл Қонекеңнің ауылына Қалима анамыздың амандығын біле бардық. 88 жастағы кейуананың ұлын көп уайымдайтыны көрініп тұр. Төсегінен тұрды, қасымызда көп отырды. “Қонысбек келгенде жататын диванға қисайып демалып ал, ас піскенше”, – деп бәйек болды. Жатып ұйықтап кетіппін. Үстіме біреу көрпе жауып жатыр екен, оянсам анамыз. Бірдеңе деп күбірлеп қояды. Досым тіріліп келгендей қуанып жатыр екен ғой деп көңілім босап, көзіме жас алдым. Ананың сәбиіне деген махаббаты шексіз! Ешқашан ортаймайды, таусылмайды. Жатқан жерің жайлы, жаның жанатта болсын, жан досым!
Еркін БАЙМЫРЗИН,
досы.
Көкшетау қаласы.