Біздің өңірімізде туған жерлерінің гүлденуіне атсалысып отырған қалталы азаматтар аз емес. Бір ғана “Атамекен” кіші бағдарламасы аясында 2019 жылы меценаттардың ақшалай қаражаты есебінен жалпы құны 1,4 млрд. теңге болатын 618 жоба іске асырылды. Соның ішінде 25 нысан салынып, 402-сі қайта жаңартылса, 191 қайырымдылық жоба іске асты. Білім беру, мәдениет, экология, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, спорт, әлеуметтік салалар бойынша түрлі жобалар жүзеге асырылуда.
Жомарт жандардың арқасында облыс аудандарындағы және Петропавл қаласындағы көптеген гүлзарлар мен саябақтар абаттандырылды, мектептер, спорттық және мәдени кешендер, сауықтыру орталықтары, ескерткіштер жөнделді, жұмыс күші көп өңірлерден өңірімізге қоныс аударушыларға арналған үйлер, тұрғындар үшін медициналық және демалыс орталықтары, балалар алаңдары салынды.
Меценаттардың туған өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері назардан тыс қалған жоқ. 2018 жылдан бастап жыл сайын облыста “Жомарт жүрек” сыйлығымен бизнес-құрылымдардың басшылары мен өз ісінің үздіктері марапатталады. Олар бес аталым бойынша анықталады. Олар мыналар: “Жыл меценаты” (аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге өтеусіз көмек көрсеткені үшін), “Туған өлке” (елді мекендерді абаттандыруға, саябақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын қайта жаңартуға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт саласында демеушілік көмек көрсеткені үшін), “Жыл тұлғасы” (белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттардағы кең ауқымды қайырымдылық қызметі үшін (тек жеке тұлғалар үшін), “Ерен ерлік” (волонтерлік қызметке қатысқаны үшін), “Жылдың үздік ұйымы” (әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды немесе акцияларды тиімді іске асырғаны үшін, қайырымдылық көмектің жаңа тиімді нысандарын енгізгені және қоғамдық маңызы бар іс-шараларға көрсеткен демеушілігі үшін беріледі (тек заңды тұлғалар үшін).
2019 жылы “Жыл меценаты” аталымының жеңімпазы белгілі кәсіпкер Геннадий Зенченко болды. Жерлесіміз Есіл өзені арқылы Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылына көпір салды. Жоба құны – 2600,0 млн. теңгені құрады. Еркебұлан Мәмбетов “Жыл тұлғасы” атанды. Ол балалар ойын алаңын орнатуға, музыкалық аппаратура, ролл-перде сатып алуға, өзі туған Мамлют ауданындағы Меңгесер ауылы спортшыларының әйелдер күресі бойынша халықаралық жарыстарға қатысу үшін Түркістан қаласына баруларына демеушілік көмек көрсетті. “Заградовское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Жылдың үздік ұйымы” болып танылды. Фирма директоры Иван Фисенко Заградовка ауылдық Мәдениет үйінің аумағын абаттандырды, білім беру саласына қолдау көрсетті. “Туған өлке” аталымында – айыртаулық Асылбек Қожахметов жеңіске жетті. Алматы менеджмент университетінің басшысы, бизнесмен өз қаражатына Антоновка орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Аудан мектептерінің 360 педагогын қайта даярлау үшін іссапар шығындарын төледі. Ол көрсеткен демеушілік қаражаттың жалпы сомасы – 73,26 млн. теңге. “Ерен еріктілік” – Василиса Толеуге бұйырды. Ол 32 адамнан тұратын қайырымдылық тобын құру бастамасын көтеріп, “Полудин балалар үйіне” және “Петропавл балалар үйіне” демеушілік көмек көрсетті. 2019 жылы үш меценат “Жомарт жүрек” республикалық байқауында “Жыл меценаты”, “Жыл адамы” және “Жылдың үздік ұйымы” аталымдары бойынша марапатталды. Былтыр пандемияға байланысты марапаттау рәсімі өткен жоқ. Үздіктерді анықтау биыл жалғаспақ.
Нұржан САДЫҚОВ,
облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы.