Петропавл қаласында “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.
Екі кезең бойынша өткен байқауға 29 отбасы қатысты. Ұлттық құндылықтар мен дәстүрді насихаттап, көпке үлгі болған отбасылардың арасынан жүзден жүйрік атанған жеңімпаздарды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов құттықтады.
– Елімізде бірнеше жылдан бері үзілмей ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба ерекше қолдауға ие. Жыл өткен сайын байқауға қатысуға ниетті отбасылар саны артуда. Бақытты балалық шақ, алаңсыз қарттық пен әрбір шаңырақтың шаттығы – мемлекет саясатының ең басты құндылығы. Туған елге деген махаббат алдымен отбасынан бастау алады, – деген Кемел Оспанов байқауға қатысушыларға ризашылығын жеткізіп, бұл шараның маңызына тоқталды.
Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орын Шал ақын ауданынан келген Крейдундер отбасына бұйырды. Ерлі-зайыпты Инна мен Сергей Крейдун 28 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді, екі баланы тәрбиелеп өсірді. Жүрегі ізгілік пен мейірім, махаббатқа толы жұбайлар тағы бес сәбиді асырап алып, көпбалалы отбасы ретінде көпке үлгі болуда. Ал екінші орынды Мамлют ауданынан қатысқан Сағындықовтар, үшінші орынға ақжарлық Бекенай отбасы ие болды.
– Біз еліміз егемендік алған соң, 1992 жылы ата-анамызбен Моңғолиядан көшіп келдік. Атамекенге оралған кезде 7 жаста болатынмын. Осы жерде білім алып, өсіп-өндік. Зайыбым Роза екеуміз 2010 жылы отбасын құрдық. Бүгінде 1 ұл, үш қызымыз бар. Кенжеміз 1 жас 3 айда. Өзім Ақжар ауданындағы “Серпер” өнер мектебінде домбырадан сабақ берсем, зайыбым Бестерек орта мектебінде жұмыс істейді. Бұл байқауға үлкен дайындықпен қатыстық. Отбасының береке-бірлігін арттыратын осындай байқаулар жиі ұйымдастырылуы керек, – деді Тұңғышхан Бекенай.
Байқау соңында Петропавл қаласы мен өзге де аудандардан қатысқан отбасылар түрлі аталымдар бойынша дипломдармен марапатталса, жеңімпаздарға сертификаттар табыс етілді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.