Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон қызметі ескі төлқұжатпен жүрген 37 адамға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы әлеуметтік бейімдеу орталығына 75 жастағы ер адам жүгінген. Оның бір де бір құжаты болмаған. Өмір бойы Қазақстанда тұрады, осында мектепті тәмамдап, жұмыс істеген. Кейін барлық құжаттарын: туу туралы куәлігі мен 1974 жылғы үлгідегі төлқұжатын осыдан бірнеше жыл бұрын жоғалтып алған екен.
«Өмірдің қиын жағдайына тап болған ол құжаттарын ресімдеу үшін уақытында тиісті органға жүгіне алмаған. Көші-қон қызметінде оған қажетті құжаттарды тез арада жинауға көмектесті. Кейін қысқа мерзім ішінде оны Қазақстан Республикасының азаматы деп танып, жеке куәлік берілді. Өз міндеттерін адал атқарғаны және адамдарға ілтипаттылық танытқаны үшін алғыс білдіреміз», – деп жазды Петропавл әлеуметтік бейімдеу орталығы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Тәжібаев СҚО ПД бастығы Марат Төлебаевтың атына жазған алғыс хатта.
Орталықтың маманы Татьяна Фролованың айтуынша, жыл басынан полиция өтініш бойынша 16 адамға құжат алуға көмектесті. Қазіргі уақытта тағы 3 адамды құжаттандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«75 жастағы ер адам өзі жайлы толық дерек бермегендіктен оған құжат жасауда біраз қиындықтар болды. Ескі үлгідегі паспортты ол Павлодарда алған екен. Біз ол жақтан қажетті мәліметтерді сұраттық. 8 маусымда ер адамды ҚР азаматы деп тану туралы шешім қабылданды. Енді ол өзге де қазақстандықтармен бірдей зейнетақы мен барлық мемлекеттік қызметтерді ала алады», – дейді көші-қон қызметінің аға инспекторы Дарина Сүлейменова.
Жыл басынан СҚО-да 1974 жылғы үлгідегі паспорттары бар 37 адам мен бұрын уақтылы құжаттарын алмаған 40 адам ҚР азаматтары деп танылды.
https://www.inform.kz/