Петропавл қалалық соты бірнеше адамның сеніміне кіріп, алаяқтықпен қомақты қаражатты қалтаға басқан Виталий Никитинді төрт жылға бас бостандығынан айырды.
Бұл азаматтың өтірікті шындай қылып айтатын қулығына бастапқыда сеніп қалғандар оған араша түскен еді. Енді қаны сорғалаған шындыққа көз жеткізіп отырған жайлары бар. Жұмыртқадан жүн қырыққан “батырың” 2018 жылы бір танысының көлігін сатқызып, 1,6 млн.теңгені қолды қылған, 2019 жылы бірнеше адамды қақпанға түсіріп, 6 млн. теңгені иемденіп кеткен. Одан кейін де бірнеше қылмыс жасап үлгерген екен. Құқық қорғау органдары жинастырған бұлтартпас айғақтар негізінде жасаған қылмыстары тайға таңба басқандай дәлелденіп, сот төрт жылға жаза кесті.
Күдікті қалалық прокуратураның бөлім бастығы Дәурен Сағындықов қылмыстық жазамды жеңілдету мақсатымен пара талап етті деп әлеуметтік желілерді ұлардай шулатып, өзінің “судан таза, сүттен ақ” екеніне имандай сендірмек болған. Оның прокурор пара ала тұра көмектеспеді деген атышулы мәлімдемесіне облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар жауап берді:
– 2018-2019 жылдары жасаған қылмыстары үшін құқық қорғау органдары тарапынан В.Никитинге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп, оның түрлі айла-тәсілдермен полиция қызметкерлерімен ымыраға келуге тырысқаны анықталды. Дегеніне жете алмаған соң әлеуметтік желілер арқылы бопсалаған. Оның өзін ақтағысы келген сөздері сотта еш дәлел таппады, – деді
Алайда Дәурен Сағындықов қылмыскермен байланысқа түсіп, қызметіне нұқсан келтіргені үшін қызметінен босатылды. Кіші кеңесші шенінен айрылды. Сот процесін жүргізген судья Михаил Гусевке қатысты қызметтік тергеу жүруде.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.