«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азық-түлік қауіпсіздігіне — айрықша назар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында атап өтілгендей, бүгінде бәсекелестік саясаттың маңызы арта түсті. Коронавирус індеті салдарынан жұмыстың тәсілі мен мазмұнына түбегейлі өзгерістер енгізу, әлеуетті толық пайдалану қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша атап өтті. Бүгінгідей сынақ кезеңінде уақытша қиындықтарды еңсере отырып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына нұқсан келтірмеу басты қағида, асыл парыз болып қала береді. Мемлекет басшысы бұл ретте бәсекеге қабілеттілігімізді көрсететін артықшылылықтарға және нақты мүмкіндіктерге сүйену керектігін алға тартты.

Алдымен аумақтық инспекция айналысатын негізгі міндеттермен қысқаша таныстыра кетейін. Өйткені қызметі үндес, бағыттас жергілікті мекемелерге қарағанда, атқарылатын жұмыс ауқымы да, жауапкершілік жүгі де әлдеқайда кең. Біздің ұйымға жануарларды аурулардан қорғау және емдеу, ветеринариялық-сауықтыру қауіпсіздігін, жануарларды диагностикалауды, оларға қарсы күрес құралдары мен әдістерін әзірлеуді және пайдалануды қамтамасыз ету, басқа мемлекеттерден әкелінетін жануарлармен бірге жұқпалы кеселдердің енуіне, таралуына жол бермеу, ветеринарлық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауіпсіздігі мен сапасын бақылау, жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асырған кезде қоршаған ортаны ластауды болдырмау, заңнамаларда бекітілген тәртіппен ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, жергілікті атқарушы органдар бөлімшелерінің қызметін қадағалау, басқа да келелі талаптар жүктелген.

Жасыратыны жоқ, шетелдің арзан әрі сапасыз тауарларын ұсынатындар, тіпті отандық тауар ретінде жарнамалайтындар аз кездеспейді. Осындай жалған өндірушілерге тұтынушылар көп жағдайда алданып қалып жатады. Оған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында өнімділікті арттырудың, өндірісті ұлғайтудың орнына шикізат өндірумен ғана шектеліп жататындар едәуір нұқсан келтіреді. Оларға қарсы пәрменді күрес аяусыз жүргізіледі. Ветеринария саласындағы заңнама бұзылып, жануарлардың саулығы мен адамның өміріне ерекше қауіп төнген жағдайда мемлекеттік ветеринарлық-санитариялық инспекторлардың әкімшілік жауапкершілікке тартудан басқа да пәрменді әсер, ықпал ету құзыреттері бар. Атап айтсақ, оларға жануарларды, жануарлардың өнімдері мен шикізатын алып қою құқығы берілген. Былтыр ветеринарлық станциялардың қызметіне жүргізілген бақылау нәтижелері негізінде 20 адам әкімшілік жазаға тартылып, 1758291 теңге айыппұл салынды.

Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың бір себебі табыстың бір бөлігіне алыпсатарлардың кенеліп жататынының Жолдауда ашық айтылуы – ащы болса да шындық. Бұл орайда, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі артық. Тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету 12 аудандық, 5 жеке зертханада жүргізіледі. Биыл 13468 жануардың етінен, 2470 килограмм балықтан, 15810 литр сүттен, 122740 дана жұмырт­қадан сынама алынды. 4909 килограмм өнім сапасыз болып шықты. Сауда орындарына 190 рейд жүргізіліп, 106 заң бұзушылық тіркелді. Кінәлілерге 3 млн. теңге айыппұл салынды. Ауылдық округтерде 190 мал сою пункті жұмыс істегенімен, олар талапқа сай жабдықталмаған. Иелері тәртіпке шақырылып, 307 ұйғарым енгізілді.

Жануарлар арасында жиі кездесетін аурудың бірі – бруцеллез. Былтыр 526, биыл 135 ірі қара малдың осы індетке ұшырағаны анықталды. Тексеру қорытындылары мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары шеңберінде сатып алынған малдар ветеринарлық қызметтің келісімінсіз жүзеге асырылғанын көрсетті. Бірқатар шағын және орта шаруашылықтарда ветеринарлық мамандар жетіспейтіні де істің ілгерілеуіне кері әсерін тигізгені анық. Диагноз қойғанда күмән тудыратын, сапасы төмен құлақ сырғаларын салу, таңбалау әдістерімен үйлеспеу сияқты жайттар да кездеседі. Диагностика жоспары бойынша ірі қара малдың төлін алты айлығынан бастап бруцеллез ауруына қарсы зерттеу талаптары сақтала бермейді. Уәлиханов ауданында бруцеллез кеселінің пайда болуы мен таралуына көршілес облыстардан тұрғындардың өз беттерінше мал жинағаны ықпал еткен.

Жоғары патогенді құс тұ­мауының өршуіне байланысты өткен жылы 12 ауданның 54 елді мекенінде карантин жарияланғаны мәлім. Ресейдің шекаралас аймақтарында басталған кесел облыстың бірқатар құс фабрикаларына тарады. Олардың бірде-біреуінде құс тұмауына қарсы вакцина егу жүргізілмеген. Кей жерлерде қанша құстың өлгені туралы мәліметтерді жасырып қалған. Осындай олқылықтарды жедел жою мақсатымен кәсіпорындардың қаражаты есебінен құстарды вакцинациялау, аурулардың тізбесін жасау міндеттелді. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басқа да шаралары қарастырылды.

Құтыру індетін бақылау және алдын алу – ветеринарлық қызметтің басым бағыттарының бірі. Былтыр 2, биыл 11 оқыс жағдай орын алды. Аңшылық шаруашылықтарына түлкі санын жыл бойы есептеп отыру, құтыру белгілері бар жабайы аңдардың көзін жою тапсырмалары берілді.

Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында 30 миллионға жуық адам тұратынын, миллионнан астам тұрғыны бар бірнеше қала орналасқанын ескерсек, мұның өзі отандық тауарларды сату және инвестиция тартудың, өзге мемлекеттермен тығыз әріптестік сауда-саттық қатынасын дамы­тудың негізгі факторы екені айтпаса да түсінікті. Осы себепті Президенттің бәсекеге қабілетті экономика құра отырып, елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін жеті ірі экожүйе қалыптастыруға тапсырма беруі бизнес ахуалын жақсартумен бірге өңдеуші кәсіпорындардың импорттық әлеуетін артыра түсері сөзсіз. Бұл орайда бақылаудағы жүктердің импорты мен экспортына ветеринарлық қадағалаудың мәні айрықша. Жыл басынан бері экспортқа 4558 ветеринарлық сертификат, үшінші елдерге 306 рұқсат берілді. 1808 бас ірі қара әкелуге 11 рұқсат алынды. Мемлекеттік қызмет көрсету барысында бес заң бұзушылық тіркеліп, кемшіліктер қалпына келтірілді. Мемлекеттік ветеринарлық бақылауды жүргізуге, базарларда, ветеринарлық бақылау бекеттерінде бейнебақылау жүргізіледі. Мониторингтік талдау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің төмендегенін байқатты.

Жолдауда кәсіби мамандардың тапшылығы ауыл шаруа­шылығында қордаланған бір мәселе ретінде айтылған болатын. Ветеринария саласындағы басты проблема да – жас кадрлардың жетіспеушілігі. Статистикаға сүйенсек, облыс аумағында еңбек ететін мемлекеттік ветеринарлық инспекторалдың орташа жасы 52-ні құрайды. Біздіңше, еңбек жағдайларының күрделігі, жеке өмірге қауіп-қатерлердің, жұқпалы кеселдердің жиі кездесетіні басты кедергі секілді. Десек те, алдағы уақытта дипломды мамандар ауылдарға орнығып, түйткілді саланың түйінін тарқатады деген үміттеміз.

Марат ИБРАЕВ,

Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының бастығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp