«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құрбан айт — мейірім мерекесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аса мейірімді, ерекше қамқор Алланың атымен бастаймын. Ислам дінінде зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті саналады. Һижри жыл санауы бойынша 1442 жылдың зұлхижжа айы 11 шілде күні басталды. Ал арапа күні 19 шілдеге сәйкес келеді. 20 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көптеген мұсылман елдерінің ғұламаларымен кеңесіп, осындай пәтуа қабылдады.

Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін”, – деген.

Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде құрбандық шалу міндет (уәжіп) болады. Алла Тағала қасиетті Құранда: “Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал”, – деп бұйырған (“Кәусар” сүресі, 2-аят). Хадисте: “Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа екі ақ қошқарды жатқызып, аяғымен тіреп, бисмилләні және тәкбірді айтып, бауыздады”, – делінген (Бухари мен Мүслим).

Жаббар Иеміз әл-қиссада әзіреті Ибрахим мен оның ұлы әзіреті Исмайылдың адалдығын өзгелерге үлгі етіп, мұқым мұсылман үмбетін құрбан шалуға бұйырғаны баршаға белгілі. Ислам тарихында құрбан шалу рәсімі хижраның екінші жылы Сабук соғысынан кейін Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бастамасымен алғаш рет Мәдина қаласында жүзеге асты. Алла Тағала құрбан шалу хақында Құран Кәрімде: “Раббың үшін (айт) намазын оқы, құрбан шал”, – деп бұйырады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зулхижжа айының оныншы күні таңертең күн арқан бойы көтерілгенде, жамағатпен бірге айт намазын оқып, құтба айтып, сахабаларын құрбан шалуға үндеген.

Ислам ғұламалары өз рисалаларында құрбан шалудың хикметі туралы көптеген діни ой-тұжырымдарды алға тартады. Құрбан шалу – адалдық пен салиқалықтың нышаны. Біріншіден, құрбан айт – мұсылман үмбетін адал һәм салиқалы болуға шақыратын құлшылықтың бірі. Олай дейтін себебіміз, Хақ Тағала әзіреті Ибрахим мен әзіреті Исмайылдың басынан өткен қиссаны үлгі ету арқылы кәлима-шаһадат келтірген момын-мұсылманды адал әрі салиқалы болуға үндеген еді. Задында, Құдай Тағалаға адал һәм шынайы болған адам ғұмырында барлық істе де салиқалы бола алады. Керісінше, Ұлы Жаратушыға адал болмаған жан барлық істе опасыз болуы бек мүмкін. Алла Тағала мұсылмандарға Құран Кәрімде: “Бұйырылғанындай тура бол!”, – деп әмір етеді. Сондай-ақ Жаббар Хақ Құран Кәрімде: “Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар”,– деп, хақиқи сенімге салиқалы болуға және мұсылман үмбетін біріктіруші фактор шыншылдық екенін жеткізеді.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Адалдық адамды жақсылыққа, жақсылық жұмаққа жеткізеді. Адам адал болуды әдетке айналдырса, соңында (ақырет күні) сыддықтардың сапында тұрады. Өтірік айту адамды азғындыққа душар етеді, ал азғындық тамұққа жетелейді. Кімде-кім өтірік айтуды әдетіне айналдырса, соңында Алланың құзырында жалғаншылардан болады”, – дейді.

Расында да, ислам – күллі адамзатты адалдыққа үндейтін әрі туралықты ту еткен дін! Осы күнге дейін мұсылман үмбеті қандай жетістікке жетсе, ол Алла Тағалаға деген адал һәм салиқалы болуының арқасында еді. Мұсылман үмбеті қай уақытта жеңіліске ұшыраса, Алла Тағалаға деген атқақтаған ынтызарлығынан айырылып, пендешілікке бой алдыруынан болатын. Яғни, шынайы екенін дәлелдеп, ұшпаққа шықсын, ұжмақтың төрінен орын алсын деп Жаббар Иеміз құлдарын құрбан шалуға бұйырады. Олай болса, мұсылман қауымының Алла Тағалаға деген адалдығын әйгілейтін сауапты істен құр қалмағаны жөн. Өйткені Құрбан айт мерекесі – мейірімділікке үндейді!

Екіншіден, қасиетті Құрбан айт мерекесі мұсылман үмбетін бір-біріне жанашырлыққа шақырады. Әзіреті Исмайылдың талматұсына бәкі тақалғанда, оны құрбандыққа қимай, орнына көктен қошқар түсіруі, Алла Тағаланың шексіз мейірімінің бір көрінісі еді. Шынтуайтында, Жаббар Хақ рақымды Алла Тағала Құран Кәрімде: “Раббым! Жарылқа, мәрхамет ет! Сен мәрхамет етушілердің ең жақсырағысың” деп айт”, – деп бұйырады.

Иә, құрбан шалу – мұсылман баласын қара басынан қалың бұқараның қамын жоғары қоюға үндейтін діни жоралғы. Оның тарихын еске ала отырып, Алла Тағаланың шексіз разылығы бар екенін сезініп, Хақтың бұйрығына бойұсынып, өзі үшін емес, өзгенің қамын жеп құрбан шалу, сөз жоқ, қоғаммен рухи біте-қайнасып, көңіл тұтастығын құрып, кәміл бірлескен сананың көрсеткіші деп айта аламыз.

Үшіншіден, құрбандық шалу құлшылығы мұсылман баласын әділетті болуға баулиды. Алла Тағала Құран Кәрімде: “Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ”, – деп бұйырады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Әділетті болған адамдар қиямет күні Алланың оң жағында нұрдан тұратын мінберде отырады”, – деп ғұмырын әділетпен өрген жандарды жәннатпен сүйіншілеген.

Шариғат өлшеміне сәйкес нисап мөлшерінде (сексен бес мысқал алтын немесе екі жүз дирхем күміс мөлшерінде күміс ақшаға тең мүлік) материалдық жағдайы бар мұсылман құрбан шалуға міндетті. Алла Тағала құрбандықтың еті туралы Құран Кәрімде: “Одан өздерің де жеңдер және жоқ-жітікке де жегізіңдер”, – дейді.

Осы тұста, шариғаттың Құрбан шалудағы қара қылды қақ жарған мына әділдігіне назар аударайықшы. Әл-ауқаты орта деңгейдегі мұсылманның құрбандық етін үшке бөліп, бір бөлігін садақа етіп, бір бөлігін айттап келген қонақтарға ас-ауқат етіп беріп, бір бөлігін отбасына азық етсе, бұл сүннет амалға жатады. Бақуатты мұсылманның құрбандықтың етін түгел садақа қылуы – мустахаб. Ал кедей-кепшік адамға құрбандық етін тұтас өзіне қорек етсе де, оған да рұқсат етіледі. Әлбетте, біз мұны шариғаттың әділеттілігін мойындататын үкімдер деп айта аламыз.

Қоғамда әл-әуқаты жоғары байлар мен жылдар бойы таңдайы қызыл көрмей, ашқұрсақ болып ғұмыр кешетін қаншама сіңірі шыққан кедейлер бар. Құрбан айт осындай жоқ-жітіктер үшін Алланың жасаған шарапаты, яғни айт кезінде кедей-кепшіктің көңілдері райланып, қоғамның байлығын бірге бөліседі. Бұл әлеуметтік әділеттілігін сақтап, адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттырады.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп еткей! Барша мұсылман халқына бұл айды сауапты істермен өткізіп, Жаратқан Иеміздің мейірімі мен кешіріміне кенелуді нәсіп еткей!

Кенжетай қажы БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp