«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰБТ-да ұпайымыз түгел

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл өткен сайын өңірімізде Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылардың саны көбейіп, сапалық жағынан да ілгерілеушілік бар. Биыл мектеп бітірген барлық түлектердің 72,5 пайызы, яғни әр төрт оқушының үшеуі тест тапсырып, орташа балл 74,8-ді құрады. Бұл – республика бойынша жақсы көрсеткіштердің бірі. Демек, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі де артады деген сөз. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне бөлінетін грант мөлшері кемінде 25 пайызға ұлғайып, 4,5 мыңға жетеді деген үміттеміз.

Биыл тестілеудің шарттары біраз өзгерді. Оқушылар ҰБТ тапсыратын пунктті өздері таңдады. Мысалы, Ақжар, Уәлиханов және Айыртау аудандарының 225 түлегі Көкшетау қаласындағы ҰБТ пункттерін таңдап, Айыртау ауданының 1 түлегі Нұр-Сұлтан қаласында тестілеуден өтті. Жағымды жаңалықтардың бірі – түлектерге тест тапсыруға екі рет қатысу құқығы берілді. Тестілеудің мерзімі де өзгерді. Бұрынғыдай 3 күн емес, 6 мамырдан 30 маусымға дейін 2 ай аралығында өтті. Өтініштерді қабылдау 15 сәуірден 10 маусымға дейін электронды түрде жүргізілді. Үш міндетті және екі мамандық таңдау пәндерінің саны бұрынғы күйінде қалды. Барлық тапсырмалар жиынтығы 120 болса, мамандық таңдау пәндері бойынша 35-ке дейін көбейтіліп, ең жоғары балл 140-қа жетті. Ұзақтығы 270 минутты құрады, оның ішінде тестілеуге 240 минут, апелляцияға 30 минут берілді. ҰБТ күніне 2 рет, түске дейін және түстен кейін өткізілді. Үміткер сол күні республикалық апелляциялық комиссияға электронды форматта өтініш бере алды.

Тестілеу облыс орталығындағы үш және аудандардағы екі пунктте ұйымдастырылып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай және “1 тестіленуші – 1 компьютер – 1 камера” қағидаты бойынша өткізіліп, сондай-ақ металл іздегіш құралдармен, ұялы байланыс сөндіргіштермен, заманауи бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілді. Аудиторияға кіреберісте “Face ID” жеке басын цифрлық сәйкестендіру жүргізілді. Тестілеу орындарына өз бетінше жете алмаған 738 түлек үшін тасымалдау ұйымдастырылып, сынақ кезінде 120 көлік жұмылдырылды. ҰБТ-ның барлық кезеңінде медицина қызметкерлері, құқық қорғау органдары, төтенше жағдай қызметінің өкілдері кезекшілік атқарды. Коронавирустық инфекцияның таралу қаупін болдырмау үшін төрт мәрте зарарсыздандыру шаралары жүргізіліп, аудиторияларда отырғызу қашықтығы қатаң сақталды. Зарарсыздандыру кілемшелерімен, санитайзерлермен, жылу визорлармен, бетперделермен қамтамасыз етілді. Тестілеу рәсімінің ашықтығын, академиялық адалдықты білім беру саласындағы сапаны бақылау департаментінің қызметкерлері, “Адалдық алаңы” жобалық кеңсесі және мониторингтік топтың өкілдері бақылады.

Мектеп бітірген 3413 түлектің 2 475-і бағын сынады. 2020 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 1 пайызға артық. 2091 талапкер ұпайларын жақсарту мақсатымен өз мүмкіндіктерін екі рет пайдаланды. ҰБТ-ның орташа балы 69,7 балдан 74,8 балға дейін артты. Барлық аудандарда орташа балл өсімінің оң динамикасы байқалды. Уәлиханов ауданының түлектері – 81,7, Мамлют ауданы – 81,5, Аққайың ауданы 81,1 балл жинады. 301 қатысушы 100 және одан жоғары, 38 үміткер 120 және одан жоғары ұпайды қоржынға салды. Өкінішке қарай, 195 талапкер шекті деңгейден өте алмады. Облыс бойынша ең жоғары 133 балл “БЭСТ” гимназиясының түлегі Дмитрий Новичковқа тиесілі. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның түлегі Сәбина Тастемір мен Жамбыл ауданындағы Новорыбин орта мектебінің түлегі Иван Коваль 130 ұпайға ие болды.

Алда тұрған басты міндет – университет басшылығымен бірлесе отырып, түлектердің өзге өңірлерге, шетелдерге кетуін қысқарту, жоғары оқу орнын таңдау кезінде талапкерлерге жан-жақты көмек көрсету. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштерді қабылдау 16-25 шілде аралығында жүреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде гранттардың жалпы саны 5 мыңға артты. Бакалавриатқа түсу гранты 56 мыңды құрайды. Гранттардың ең көп мөлшері – инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларында. Одан кейінгі орындарды педагогикалық ғылымдар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жаратылыстану ғылымдары еншіледі. Көпшіліктің сұрауымен басқарманың сайтына және әлеуметтік желілерде сұранысқа ие мамандықтар жайлы ақпараттар орналастырылды. Бүгінгі таңда жоғары білімді және жоғары оқу орнынан кейінгі тәжірибелі кадрларды даярлау бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссияның құрамы бекітіліп, гранттар бөлу туралы қаулының жобасы әзірленді. Конкурсқа қатысуға М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қарағанды медицина университеті өтініш берді. Бұдан бөлек, түлектердің шетелдік жоғары оқу орындарына баруын азайту, отандық оқу орындарына оқуға тарту үшін еліміздің 13 жетекші жоғары оқу орындарымен онлайн кездесулер ұйымдастырылып, 3 мыңнан астам адам қамтылды.

Гүлмира КӘРІМОВА,

облыстық білім басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp