Аққайың ауданының орталығы – Смирновода аптаның әр жұмасында жәрмеңке өтеді. Ауа райының ыстық-суығына қарамастан аудан тұрғындары осында жиналады. Жәрмеңкеде ауылдардан әкелінген түрлі өнімдер арзан бағамен халыққа ұсынылады.
Бұл жолы Көктерек ауылының тұрғыны Владимир Каптюк 200 килограмм сиыр етін әкеліпті. Бағасы қолжетімді, килограмын 2000 теңгеден саудалады.
Еттен бөлек, жәрмеңке сөрелерінен жеміс-жидек, көкөніс пен сүт өнімдерін де кездестіруге болады. 70 жастағы Данипраз Шуканованың қаймақ пен жұмыртқасын аудандықтар әп-сәтте сатып алды.
– Ірімшіктің бір килограмын 600-ден, жұмыртқаның он данасын 400 теңгеден саттым. Ал қаймақтың бағасы 750 теңге. Ауылда тұрғасын мал, тауық ұстаймыз. Өзімізден артылған өнімді аудан орталығына әкеліп сатуды әдетке айналдырғанмын. Ешқандай қоспасыз, табиғи өнімге жұртшылық тарапынан сұраныс жоғары, – дейді ол.
Тұрғындардың айтуынша, апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкенің маңызы зор. Мұнда бағалар дүкендегіден әлдеқайда арзан әрі сапалы. Азық-түліктен басқа малдың жемшөбі де сатылады. Қуаңшылық жайлаған кезде арзан мал азығының үйдің іргесінде саудалануы қуантады.
– Жәрмеңкеде картоптың бағасы – 190, сәбіздікі 180 теңгеден сатылуда. Ауыл, аудан тұрғындары үшін тиімді болып отырған бұл шараны үзбей ұйымдастыруды көздеп отырмыз, – дейді Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев.
Дәстүрлі жәрмеңкеге Аққайыңдағы ауылдардың тұрғындары белсене қатысуда.
Алтынай ҚАЗИҚАНОВА.