Өңір тұрғыны Виктор Таранов ерекше кәсіп – шиншилла өсірумен айналысады. Осыдан екі жыл бұрын ферма ашқан зейнеткердің иелігінде 100-ден астам шиншилла бар.
Виктор Таранов зейнетке шыққан соң қол қусырып отырмай, ерекше іспен айналысуды жөн көрген. Бастапқыда 5 шиншилла сатып алған. Ол фермасындағы аңдардың барлығын жазбай таниды. Шиншиллалар да оның келгенін сезсе, тордың есігіне қарай ентелейді. Жануардың бұл түрі бір қарағанда қоянға ұқсайды, тек кішкентай. Салмағы 800 грамнан аспайды.
– Шиншилла – Оңтүстік Америкада тіршілік ететін аң. Оны бізде ұстау үшін қысы-жазы бөлмеде 16-18 градус температураны сақтау қажет. Жылына 3 рет балалап, 10-нан астам төл береді. Қазақстанда шиншилла өсіретіндер көп емес. Басқа кемірушілер сияқты жағымсыз исі жоқ. Сондықтан да мен оларды жақсы көремін, – деді Виктор Таранов.
Шиншилланың түгі әдемі, мықты әрі жылы болғандықтан жоғары бағаланады. Зейнеткер аңның терісінен тон тігуге қарсы. Мұндай тіршілік иелерін зообақтарда ұстаған жөн деп есептейді. Экзотикалық жануар ерекше күтімді қажет етпейді. Күніне бір рет тамақтандырса жеткілікті. Тазалық пен тыныштықты жақсы көреді. Зейнеткер шиншиллаларына түйіршіктелген азықты өзі дайындайды. Құрамында сұлы, арпа, бидай, қарақұмық, күріш, жүгері, бұршақ пен жасымық бар. Дәруменге бай. Бір қап азық бір айға жетеді.
Эльмира КӘЛЕНОВА,
журналист.