2015 жылдан бастап ішкі көші-қон бағдарламасы қолға алынып, теріскей өңірлерде сәтті жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында облысқа көшіп келген 2392 отбасы немесе 8 мың адам 225 елді мекенге орналастырылды. Еңбекке қабылетті азаматтардың үштен бірінің жоғары, 38 пайызының арнайы орта білімі бар. 2955 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. 465 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 38-і 92 млн. теңгенің жеңілдетілген несиесін алып, шаруашылықтарын дөңгелетіп отыр. 319 адамға 155,9 млн.теңге мөлшерінде қайтарымсыз грант берілді.
– Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен көшіп келушілерге 1035 баспана тұрғызылды. Оларға 734 отбасы қоныстанды. Құрылыс кәсіпкерлердің қаражаты есебінен жүргізіліп, құны 7 млн.теңге тұратын үйлерді кейін жергілікті әкімдіктер сатып алады. Сосын қоныс аударушылармен 20 жылға жалдау шарты жасалып, ай сайын 10 мың теңге жарна төлеп тұрады. Нақты кезеңде төленген жалдау төлемдерінің сомасы тұрғын үй құнының есебінен шығарылып отырады. 5 жыл өткен соң тұрғын үйді қалған құны бойынша сатып алу мүмкіндігі қарастырылған, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік қызмет көрсету және оралмандар мен ішкі миграция бөлімінің жетекшісі Алма Махметова.
Жамбыл ауданы күнгей жақтардан келушілерді құшақ жая қарсы алып, қажетті жағдай жасауда. Бүгінде басым бөлігі тұрғын үймен, жұмыспен қамтылған. Өз кәсібін ашам деушілерге жеңілдікті несиелер мен демеуқаржы, мал шаруашылығымен шұғылданушыларға жер телімдері ұсынылады. Аудан әкімі Марат Ескендіровтің айтуына қарағанда, соңғы төрт жылда 142 отбасы немесе 505 адам көшіп келіп, түпкілікті орныққан. Оларға өтемақы төленіп, тұрғын үйді жалдау шығындары өтелген. Отбасылардың еңбекке жарамды мүшелеріне шағын несиелер мен гранттар беру, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау сияқты қолдаулар көрсетіліп, қайта даярлау курстарына жіберілген.
– Қоныс аударушыларға мемлекеттен біржолғы демеуқаржы берілсе, жергілікті әкімдіктер тарапынан да нақты көмектер көрсетіледі. Дәрігер, мұғалім, құрылысшы, механизатор секілді сұранысқа ие мамандар бірден жұмысқа орналастырылады. Бау-бақша өсірумен айналысатындарға жер телімі беріледі. Жеке кәсіпкерлікті таңдайтындар “Даму” қорының демеуқаржысын пайдаланады. Істің тетігін таба білсе, қосалқы шаруашылыққа шектеу жоқ, – деді Марат Мәкенұлы бізбен әңгіме барысында.
Облыс әкімі Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барған кезде оңтүстіктен қоныс аударған жеке кәсіпкер Маржан Абайқызымен кездесіп, оның атқарып жатқан ісіне ризашылығын білдірген болатын. Бізге де кәсіпкер келіншекпен сұхбаттасудың сәті түсті. Оны Благовещенка ауылында оңтүстіктен қоныс аударатын жерлестеріне арнап салып жатқан тұрғын үйлердің жанында жолықтырдық. Әңгімелесе келе мамандығы бойынша әріптес екенін білдік. Қазақ-түрік университетінің журналистика факультетін үздік аяқтапты. Ана тілінен басқа түрік, өзбек, ағылшын тілдерін меңгерген. Кезінде облыстық “Оңтүстік Қазақстан”, аудандық “Ордабасы” газеттерінде мамандығы бойынша еңбек етіпті.
– Осыдан 7 жыл бұрын Шымкенттен елордаға қоныс аудардық. Бірде жақын туысқаныммен кездейсоқ ұшырасып қалдым. Ол менің жұмыссыз жүргенімді біліп, “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы қабылданғанын, еңбек күші артық өңірлерден адам тапшы аймақтарға ерікті түрде баратындар үшін Үкімет жан-жақты қолдау көрсететінін айта келіп, малға да, жанға да қолайлы, шөбі шүйгін, суы мөлдір, ауасы таза Солтүстік Қазақстан облысына баруға кеңес берді. Жұбайым Хантемір екеуіміз көп ойланбастан қыстың қақаған суығында осы жаққа тартып отырдық. Жамбыл ауданын таңдадық, – дейді ойындағысын ірікпей айтатын Маржан қарындасымыз.
Төрт баласы бар отбасы алғашқы жылы бес ит, осынша мысық ұстайтын кейуананың бір бөлмесін жалдап, талай қиындықты бастан өткереді. Бақтарына қарай жақсы адамдарға жолығып, шапағатын, қамқорлығын көреді. Солардың бірі – “Мясной двор” сауда орнының иесі Марат Ыбыраев кеңдеу баспана тауып береді. Қолы ашық азаматтар отын-сумен көмектеседі. Бір жылдан кейін әкімдік тарапынан берілген үйге көшеді. Шиіттей бала-шағаны асыраудың қамымен бірнеше жерде жұмыс істеп жүрген аяғы ауыр келіншекті аяған болу керек, аудандық ауруханада қызмет ететін Әсет Пернебайұлы деген ақ халатты абзал жан алдына 50 қойды бірден салып береді. “Жас отау екенсіңдер. Аяқтарыңнан тік тұрып кетіңдер. Арзандатып, әр қойды 10 мың теңгеден берейін. Малданыңдар. Берешекпін деп қысылмаңдар, түбі бір қайтарарсыңдар”, – дейді сөзге аз, іске нық хирург. Құрқылтайдың ұясындай тар қораға Шопан ата түлігі сыймай кеткені ерлі-зайыптыларды тығырыққа тірегендей болады. Содан аудан орталығына таяу орналасқан Богдановка ауылына көшіп барып, иесіз қалған мектепті аукцион арқылы сатып алып, мал шаруашылығымен түбегейлі айналыса бастайды. Бүгінгі күні қораларында 300-дей қой, 20 шақты сиыр, 10-ға тарта жылқы бар.
Маржан Абайқызы 53 отбасының Қызылжар өңіріне қоныс аударуына ұйытқы болыпты. Бүгінде олар Жамбыл, Тимирязев және Тайынша аудандарында түтін түтетіп жатыр. Мамандығы бар жерлестерінің жұмысқа орналасуымен өзі тікелей айналысады. Бектас Өзгелдінің Пресновка кентінде көлік жуатын орын, монша, дәмхана ашуына көмектесті. 2019 жылы құрылысшылар бригадасын ұйымдастырып, Благовещенкада алғашқы үй тұрғызылды. Оған Ербол Сарыбаев көпбалалы отбасы ретінде орналасты. Былтыр төрт үй салынып, Дархан, Азамат, Бағлан деген азаматтар орнықты. Благовещенка ауылдық округінің әкімі Тұрмыс Иманжановтың айтуынша, Богдановка ауылындағы 4 фермерлік шаруашылықтың 3-уі оңтүстіктен қоныс аударғандарға тиесілі.
– Құрылысшыларымыздың бәрі – оңтүстіктен қоныс аударғандар. Салған үйлерінде не өздері, не туған-туысқандары тұрады. Сондықтан сапалы салынуына өздері жауап береді. Қазіргі кезде Үкіметтен бөлінетін 7 млн. теңге қаражатқа үй тұрғызу оңай емес. Құрылыс материалдары қымбат. Бір үйдің жобалық-сметалық құжатына ғана 680 мың теңге жұмсалады. Қосалқы шаруашылықпен айналысу үшін қора-қопсы керек. Бұлар республикалық бағдарламада қарастырылмаған. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша оған жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінбек. Бұл – күнгей жақтардан көшіп келушілерге жасалып отырған үлкен қамқорлық. Соны бағалай білуіміз керек. Бау-бақша өсіруден де біз үлгі болуымыз керек. Ол қолымыздан келеді, – деген Маржан дайын үйге кіріп, кішкентай ақау болса әлеуметтік желіге жариялап, байбалам салатындарды түсінбейтінін айтты. Оның пікірінше, көш қиындықсыз болмайды. Келген екенсің, бәріне көну және намысқа тырыса еңбек ету керек. Өзгелерге көзтүрткі болғанды жаны қаламайды. Оңтүстіктен солтүстікке бет алғандар соны түсінгендерін қалайды.
Маржанның ендігі ойы – тұрғындары азайып, мектебі жабылудың аз-ақ алдында тұрған Майбалық ауылын жаңғырту. Ауылда 40 үй, тоғыз жылдық мектепте 32 оқушы ғана қалған. Құрылысшылар бригадасы мұнда кемі 12-15 баспана салмақ. Сегіз үйдің қабырғалары қаланып, құрылыс жұмыстары қарқын алған. Аудан орталығының іргесіндегі Железное ауылында 3 үй бой көтермек.
– Туған жерді аңсап, жылына бір рет төркіндетіп барғанымызбен, солтүстікке қарай бүйрегіміз бұрып тұрады. Кеткенімізше асығамыз. Шыны керек, Майбалыққа көшіп барғымыз келеді. Орманы көрікті, көлі әсем, жері құнарлы. Алдағы уақытта техника алып, бау-бақшамен де айналысуды жоспарлап отырмыз. Ерінбеген адамның қолынан бәрі келеді емес пе?! – дейді Маржан Абайқызы.
Нұрсайын ШӘРІП,
журналист.