«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОШТА ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ЗАМАНАУИ ӨЗГЕРІСТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде қазақстандық пошта желісінің түбегейлі өзгеріп, жаңа сапалық кезеңге аяқ басқанын аңғару қиын емес. Қазіргі даму деңгейі нарық талаптарымен, халықаралық стандарттармен, алғы стратегиялық мүдделермен үндес. Бұрынғы дәстүрлі хат-хабар, газет-журнал, сәлемдемелер тарату озық технологиялармен толығып, электрондық, қаржылық қызметтердің тың түрлері пайда болды. Әмбебап байланыстың жаңа жүйесі орнықты. Осы және басқа да жаңалықтар туралы, сонымен қатар оқырмандарды толғандыратын мәселелер жайлы “Tıkelei bailanys” айдарының қонағы “Қазпошта” АҚ-ы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұркен Рүстем айтып береді.

Әлім ТӨЛЕБАЕВ,

Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Пошташы дегенде көз алдымызға газет-журнал, хат-хабар таратушы адам елестейді. Себебі біз соны көріп өстік. Бү­гінде бұл сала жаңа бағытқа қадам жасады. Қазір қандай қызметтер көр­сетілетінін айтып берсеңіз.

– Қазіргі таңда сәлемдемелер, хат-хабар, мерзімді басылымдарды жеткізіп, та­ратудың толық үлесі ұлттық компания­ның еншісінде. Республика жұртшылы­ғы­ның жартысына жуығы ауылдарда тұраты­нын ескерсек, бізге жүктелетін талаптар да жеңіл емес екенін аңғарамыз. Еліміз бойынша ең ірі коммуникациялық меке­менің жергілікті филиалында да көптеген қызметтер көрсетіледі. Бұрынғыдай хат­тарды, шот-хабарламаларды, бандероль­дарды, ұсақ пакеттер мен сәлемдеме­лерді, ірі габаритті жөнелтімдерді жеткізу, газет-журналдарға жаздырту жергілікті поштаның міндетіне кіреді. Бұдан бөлек, ақша аударымдарын жасау, коммуналдық, салықтық, өзге де төлемдерді қабылдау, есеп айырысу-кассалық қызмет көрсету, инкассация, төлем карталарын шығару, брокерлік, сақтандыру қызметтері, валюта айырбастау, интернет-банкинг, кредиттер беру, темір жол, авиа, лотерея билеттерін сату, кредиттік бюро ақпаратымен қам­тамасыз ету, депозиттер ашу да біздің құ­зыретімізге жатады.

Қайрат СЕРІК,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Қазпоштада қанша адам еңбек етеді? Филиалдың материалдық-тех­никалық базасы қалай жабдық­тал­ған?

– Мекемеде 1300-ден астам адам еңбек етеді. Олардың көпшілігі операторлар, поштальондар, кассирлер, курьерлер. Пош­та қызметі 160-тан астам нысаннан, оның ішінде аудандық байланыс торап­тары, ауылдық және қалалық байланыс бөлімшелері мен төлемдерді қабылдау пункттерінен тұрады, 5 почтамт, 30 бан­комат, 220 pos-терминал, серіктестік желі­сінің 5 бөлімшесі, 11 төлем терминалы бар.

Ғимараттарды жөндеуден өткізу бөлін­ген қаражат есебінен жоспарлы түрде жүр­гізіледі. Биыл компания тарапынан инже­нерлік жабдықтар сатып алуға 15 млн. тең­ге бөлінді. Жыл аяғына дейін бірқатар ны­сандар қалпына келтіріледі. Республика және облыс қазынасынан құрылыстар тұрғызу жайы қарастырылмаған. Сөз ара­сында операторлар мен поштальон­дар­дың жалақысы көбейгенін айта кеткен жөн.

Ержан БЕКЕНҰЛЫ,

Айыртау ауданының тұрғыны:

– Жасыратыны жоқ, шалғай аудан­дар мен ауылдарда пошта қыз­метінің сапасы көңіл көншіте бер­мейді. Олардың газет-журнал, хат-ха­бар жеткізу кестесі қалай құрылған?

– Иә, кей кездері республикалық, жер­гілікті басылымдарды межелі жерлерге жет­кізуде кідірістердің орын алып жата­тынын жоққа шығара алмаймыз. Ақталға­ным емес, дегенмен жолдың шалғайлығы, жер жағдайы, тағы басқа факторларды ес­кермей болмайды. Мәселен, 98 мың шар­шы шақырым аумақты алып жатқан өңір­де елді мекендердің арақашықтығы әрқи­лы. Күн сайын орташа есеппен пошта та­сы­малына аттанатын 60-қа жуық көліктің барып-қайту сапарының ұзақтығы 37 мың шақырымды қамтиды. Ең алыстағы Уәлиханов ауданына дейін 8 сағат жүру айтуға ғана оңай. Екіншіден, қыстың көзі қырауда тіпті қиын. Кей ауылдарға жол болмағандықтан, айналма жол арқылы қатынайтын сәттер аз емес. Үшіншіден, операторлар мен пошташылардың ең­бекақысы ұлғайғанына қарамастан, әлі де төмен. Төртіншіден, байланыс бөлімше­лері жалға алатын орындар тар. Талапқа сай келмейтіндіктен пошташылардың үй­лерінде жұмыс істеуіне тура келеді. Бе­сін­шіден, бұрындары пошта “Алматы–Пет­ро­павл” пойызы арқылы күнде жеткізіле­тін. Енді бұл пойыз күнара қатынайтын­дық­тан, бір күнге кешігеді. Тығырықтан шығу мақсатымен компания басшылығы “Тальго” жүрдек пойызына қосымша вагон тіркеу туралы өтініш жасаған болатын. Алайда тасымалдау бағасының қымбат­тылығына байланысты мәселе шешіл­ме­ді. Алтыншыдан, газет-журналға жазылу мөлшері күрт кеміп кетті. 2019 жылы жал­пы жазылым 166966 тираж болса, биылғы көрсеткіш әлдеқайда аз. Кей ауылдар 4-5 данадан ғана алдыртады. Ал шығын шаш етектен!

Оқырмандарды алаңдататын пробле­маларды шешу – ұдайы назарымызда. Белгіленген кестеге сай елордадан күн сайын, Алматыдан аптасына 3-4 рет, об­лыс орталығынан аудандарға аптасына 6 рет, ауылдарға аптасына 3 рет хат-хабар жеткізуді ұйымдастырудың барлық мүм­кіндіктері қарастырылған. Филиал жүзден астам ведомостволық көлікпен жабдық­талған. Барлық бағыттар облыстық меке­ме арқылы бекітіліп, уақтылы жеткізілуіне аудандық пошта байланысы торабының басшылары жауап береді.

Талғат ЫСМАҒҰЛОВ:

– Пошташы жетіспейді, жалақы төмен деген сөздерді жиі естиміз. Алайда жуырда әлеуметтік желіден бір хат тасушыны жұмыстан шығарып жі­бергендеріңіз жайлы ақпаратты оқы­дым. Соның себебін түсіндіре кетсеңіз. Жалпы пошташылардың жұмыс кестесі қандай тәртіпке негізделген?

– Филиалда 600-ге жуық пошташы жұ­мыс істейді. Қазір 44 штат бос тұр. Олар­дың жалақысы бекітілген штаттық кестеге сәйкес еңбекті нормалау және хроно­мет­раж­дық жұмыстарды негізге ала отырып айқындалады. Мысалы, 0,1 штаттық бірлік үшін жұмыс уақытының ұзақтығы аптасы­на 4 сағатты құрайды. Шағын ауылдарда жұ­мыс көлемі мен қызмет көрсетілетін үй­лер саны аз екені белгілі. Соған қарамас­тан пошташылардың жұмысын ұтымды ұйымдастыру техникалық нормалау әдісі­мен есептеледі. Былтыр өндірістік қызмет­керлердің жалақысын 10 пайызға индекс­теу жүргізілді. Белгіленген нормативтерді орындау кезінде жалақыға қосымша ақы төлеуді көздейтін 39 мотивациялық бағ­дарлама қолданылады.

Аққайың ауданы Қиялы ауылдық пошта байланысы бөлімшесінің қызметкері Та­тьяна Ивановамен жасалған еңбек шарты бойынша сағат 10-нан 14-ке дейін бес күндік жұмыс аптасы белгіленген. Алайда ол 4,5 мамыр күндері өзінің қызметтік мін­деттерін орындамаған. Еш себепсіз жұ­мысқа шықпауына байланысты тәртіптік ке­ңес Еңбек кодексінің 52-ші бабы 1-ші тар­мағына сүйене отырып, онымен еңбек шар­тын бұзу туралы шешім қабылдады.

Мұрат ҚҰСАЙЫНОВ,

Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Бірқатар елді мекендерде пошта байланысы түгіл пошташы жоқ. Байла­ныс бөлімшесін ашу үшін округте қанша адам тұруы керек? Шаховское ауылын­дағы байланыс пункті не себепті жабы­лып қалды?

– Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 2016 жылғы 20 шілдедегі “Пошта байланысының әмбебеп көрсеті­летін қызметтерінің сапа көрсеткіштерін бекіту туралы” №44 бұйрығына орай жал­пы халық саны екі мың адамнан кем емес ауылдық елді мекендерде пошта байла­ныс пункті құрылады.

Шаховское ауылында қызмет сапалы көрсетілмеуіне, яғни орынның тарлығына, онда санитарлық-гигиеналық талаптар­дың сақталмауына байланысты бөлімшені қысқартуға тура келді. Стационарлық пошта желісі жоқ ауылдарда жылжымалы пошта байланысы бөлімшелері жұмыс істейді. Олар негізгі қызметтердің барлық түрін көрсетеді.

Құрманбек МАНТАЕВ,

Есіл ауданының тұрғыны:

– Газет-журналға жазылғымыз кел­генімен, бағасын қалта көтере бермей­ді. Пошта тасымалының шығынын жа­буға Үкімет тарапынан демеуқаржы бе­ріле ме?

– Мерзімді басылымдарға жазылу құ­ны­на газет-журналды басу, жеткізу және та­рату шығындары қосылады. Бұл ретте жазылу бағасын оқырман төлейді, оған редакция қосымша шығынданбайды. Тек ауылдық жерлерге таратылатын мерзімді басылымдар ғана субсидияланады.

Бізге бөлшек сауда дүңгіршектерін неге жаңғыртпайсыздар деген сауал жиі қойы­лып жатады. Кезінде бұл жүйе арқылы газет-журнал, халық тұтынатын тауарлар сатылып келді. Бүгінде онлайн сауда же­лісінің кең таралуына байланысты дүңгір­шектер тиімсіз болып қалды.

Ғалия ТІЛЕУБЕКҚЫЗЫ,

Уәлиханов ауданының тұрғыны:

– Қулыкөл ауылына газет-журналдың жеткізілуінде іркіліс көп. Жағдай қашан түзеледі?

– Қулыкөл ауылына жылжымалы пошта байланысы бөлімшесі аптасына бір рет қызмет көрсетеді. Қазір осы бөлімшенің басшысы лауазымына конкурс жария­ланды. Бұған дейін бұл орын бос болатын.

Айбек ХОРШАТ,

Ақжар ауданының тұрғыны:

– Заман ағымына сай пошта сала­сына енгізіліп жатқан тың жобаларға тоқтала кетсеңіз.

– “Қазпошта” АҚ-ы еліміздегі ең ірі опе­раторлардың бірі болып саналады. Мұның өзі тұрғындарға пошталық, қаржылық, және агенттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге зор мүмкіндіктер береді. Біз өз клиенттеріміз үшін төлем карта­ла­рын шығарамыз. Олардың арасында әлеу­меттік карта үлкен сұранысқа ие. Ол жәр­демақы, зейнетақы, шәкіртақы, жалақыны алуда, кез келген қолма-қол ақшасыз опе­рацияларды жүзеге асыруда, ақша ауда­ры­мында кеңінен қолданылады. Оған тап­сырыс беру оңай және қарапайым. Кез кел­ген адам онлайн-өтінім бере алады. Бұ­дан бөлек, әлеуметтік карта ұстаушылар үшін осы жылдың 19 қыркүйегіне дейін супермаркеттерден, азық-түлік дүкенде­рінен және дәріханалардан тауарлар мен дәрі-дәрмек сатып алуға 5 пайыздық кэшбэк есептеледі. Сондай-ақ супермар­кеттер желісінен немесе тұрмыстық техни­ка дүкендерінен 10 мың теңгенің затын са­тып алған кезде ұтыс ойындарына авто­матты түрде қатысады. Қолма-қол ақша­сыз есеп айыру барысында 1 пайыздық тұрақты кэшбэк қарастырылған. Жуырда қазақстандық электрондық сауда нары­ғына халықаралық кэшбэк-сервисі қосыл­ды. Бұл виртуалды карталарды тұтыну­шыларға интернет-сатып алуға пайда­ланылған қаражаттың 20 пайызын кейін қайтаруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар франчайзингтік әдіс арқылы пошта қызметтерін шағын және орта бизнеске бейімдеу жайы қарасты­рылған. Пошта бөлімшелеріне бармай-ақ, сәлемдемені алуға, жіберуге, билеттерді сатып алуға, коммуналдық төлемдер мен салықтарды өтеуге болады. Бір сөзбен айтқанда, франчайзинг бизнесті өте тиімді ұйымдастыру моделі болып табылады. Ол бойынша компания (франчайзер) белгілі бір тұлғаға не ұйымға өнімдері мен қыз­меттерін, маркетингтік технологияларды, сараптама, қолдау тетіктерін пайдалану құқығын береді. Франчайзингтік пошта қыз­меттері Швейцарияда, Үндістанда, Авс­тра­лияда, Канадада, тағы басқа елдерде кеңінен пайдаланылады.

Клиенттеріміз цифрлық трансформа­ция аясында да бірқатар қызметтер ала­ды. Гибридтік электрондық пошта және “POS Mobile” қызметтері, NFC техноло­гия­сына негізделген смартфон арқылы төлем тұрмысымызға дендеп енді. Кәсіпкерлер арасында “Tap-x-Phone” смартфоны кеңінен танымал.

Пошталық, банктік, агенттік қызметтер­дің, хат-хабар, газет-журнал таратудың ау­қымын кеңейтіп, сұранысты толық қанағат­тандыру, жеделділікті арттыру, сапаны қамтамасыз ету, төлемнің электрондық жүйесін одан әрі жетілдіру басты мақсат болып қала береді.

Дайындаған

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp