Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы және “Қоғамдық келісім” мекемесінің мамандары этномәдени бірлестіктермен бірлесіп, түрлі этнос өкілдері арасында қазақстандық патриотизм мен толеранттылықты қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Әсіресе коронавирустық инфекция кең етек алған былтыр олар қоғамды қайырымдылық жасауға жұмылдыра білді. Пандемия басталған тұста жалғызілікті қарттар мен тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға зор қолдау көрсетілді. Біздің екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтардың қараусыз қалған қабірлерін тазалау, қалпына келтіру бойынша атқарған жұмыстарымыз жұртшылық тарапынан ерекше қолдау тапты.
“Қызыл жарты ай” қоғамының жаттықтырушысы Галина Исаканованың алғашқы шұғыл көмек көрсету бойынша өткізген шеберлік-сыныбына жастарымыз зор қызығушылық танытып, мол тәжірибе алды. Ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінде, Достық үйінде ұйымдастырылған сабақтарда салт-дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға, ұлттық мәдениет пен ана тілге қатысты тақырыптар кеңінен қамтылды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанынан құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ұйымдастыруымен өткен вебинарлар мен онлайн-дәрістердің мазмұны айрықша болды. Достық үйінің белсенділері Эльвира Ковзель, Валентина Корнева, Мария Татаренко, Евгений Ким, Рашбиль Евдаев тағы басқалары қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Игі шараларда студенттердің де белсенділік танытқанын айта кеткен жөн.
“Қоғамдық келісім” КММ-і тарапынан әлеуметтік зерттеулер тұрақты түрде жүргізіледі. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында “Жастар арасындағы этносаралық жағдай” тақырыбын зерттеуге 150 адам жұмылдырылды. Мекеме сарапшысы Әсет Ахметов жасаған қорытынды бойынша, респонденттердің 92,7 пайызы өңірдегі саяси жағдайға оң баға берген. Әлеуметтік сауалнамаға қатысушылардың 57 пайызы Қазақстан Республикасында тұратын этностардың мәдениетімен, дәстүрлерімен жете таныс екендіктерін байқатты.
Әйтсе де, түрлі этностардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, мәдениетін терең білмейтін жастар арамызда әлі де кездеседі. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен “Қоғамдық келісім” КММ-і алдында жастардың туған жерге, Отанға деген ыстық ықыласын, қазақ халқының, этностардың дәстүрлеріне, мәдениеті мен тіліне деген қызығушылығын арттыру міндеті тұр. Әсіресе оқу орындарымен, аудандық этномәдени бірлестіктермен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші жастарға үлкен сенім артылып, өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс пайдалану, ұлтымыздың ұлы ұстыны – Тәуелсіздігімізді патриоттық рухпен асқақтата беру талабы қойылғаны белгілі. Осыдан-ақ достық пен игі істерде этникалық, гендерлік немесе жас шектеулері жоқ екенін анық ұғынуға болады.
Болат БАЗАРБАЕВ,
“Қоғамдық келісім” КММ-нің ұлтаралық қатынастар саласы бойынша мониторинг және талдау бөлімінің жетекшісі.