Петропавлда муай-тайдан жастар арасында ел біріншілігі өтті. Жарысқа 15 команда қатысуға ниет білдірді. Тартысты бәсекеде 28 салмақ дәрежесі бойынша 250 спортшы сынға түсті. Жалпыкомандалық есепте Алматы облысы – бірінші, Алматы қаласы – екінші және солтүстікқазақстандық тайбоксшылар үшінші орынға ие болды.
Екі күнге жалғасқан жарыста облыс командасының қоржынына 9 жүлде түсті: 3-і алтын, 5-і күміс медаль. Қарсыластарын шақ келтірмеген Алексей Турбин (48 кг.), Шамиль Ермағамбетов (57 кг.) пен Анна Олейник (57 кг.) Қазақстан чемпионы атанды. Ал Никита Гузеев (40 кг.), Дмитрий Комар (45 кг.), Никита Гопцы (51 кг.), Ерлан Айтқабыл (54 кг.) мен Шахизат Жүсіп (57 кг.) екінші орынды иеленді.
Муай-тайдан ел біріншілігі аясында “Солтүстік кубогы” атты турнир де ұйымдастырылды. Бұл бәсекеде спортшылар “муай-тай” және “жауынгер” бағыттары бойынша өзара мықтыны анықтады. Біріншісінде екі жұп 63,5 кг. салмақ дәрежесінде сынға түсіп, ақтық сынға жерлесіміз Евгений Зайцев пен алматылық Вадим Карабейников жолдама алды. Жеңіс төрешілердің шешімімен Алматы облысының намысын қорғаған тайбоксшыға бұйырды.
“Жауынгер” бағыты бойынша бір жұп жұдырықтасты. 71 кг. салмақ дәрежесінде қос солтүстікқазақстандық Руслан Заякин мен Ибрагим Беков кездесті. Осы жолғы ұрыста Ибрагим жеңіске жетті.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.