Өңір кәсіпкерлеріне бірқатар қызмет түрлерін тегін алу мүмкіндігі берілген. Бизнесмендер білікті мамандарға бухгалтерлік, заңдық, маркетинг және мемлекеттік сатып алулар бойынша ақысыз түрде жүгіне алады.
Маркетинг, мемлекеттік сатып алулар, бухгалтерлік есептер және заңға қатысты тегін кеңестер кәсіпкерлерге “Бизнестің жол картасы – 2025” мемлекеттік бағдарламасы аясында көрсетіледі. Бұл қызметтерді алу үшін бизнес иелері кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Аталған мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі – Елена Какене. Осыдан екі жыл бұрын жеке кәсіпкер шайхана ұйымдастырған. Пандемияның кесірінен ісі тұралап қалған ол енді фитодәріхана ашып, жаңа кәсіп түрін бастамақшы. Құжаттарын реттеуде оған заңгердің кеңесі қажет.
– Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы мамандар маған барлық құжаттарымды әзірлеуге көмектесті. Небары 20 минуттың ішінде қажетті құжаттар дайын болды. Маманмен бірге кәсіп түрін өзгерттік. Табыс туралы декларацияны тапсырдық, – деді жеке кәсіпкер Елена Каткене.
Кәсіпкерлер орталыққа кез келген уақытта жүгіне алады. Әсіресе есеп тапсыратын кездерде көмек пен кеңес сұраған кәсіп иелерінің қатары артады.
– Қазір статистикалық есеп беру кезеңі жүріп жатыр. Біраз жеке кәсіпкер салық органдарына декларация тапсырып жүр. Қиындыққа тап болғандары біздің кеңесшіге жүгіне алады. Қызмет тегін көрсетіледі. Маман бизнесмендермен бірге барлық мәліметтерді көрсетіп, қажетті есепті тапсырады, – деп түсіндірді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айдос Ебжанов.
Жыл басынан бері орталықта 350 қызмет көрсетіліпті. Олардың арасында бухгалтерлік қызметтерге сұраныс жоғары екен.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“SoltüstıkQazaqstan”.