«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Үкіметі қалай құрылды?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Экономикасы қатты дағдарыстан шатқаяқтаған, өзі енді ғана қалыптасып жатқан елдің үкіметін басқару кейбіреулер үшін ақымақтық болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, осы істі бәрібір біреу бастауы керектігі анық еді. Ал егер Сізге Президенттің өзі сенім артып отырса, онда бас тартуға әсте болмайды да.

1991 жылы тамызда болған бүліктен кейін, қазан айында (ол кезде мен Шымкент облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы едім) Президент Нұрсұлтан Назарбаев мені Алматыдағы резиденциясына шақырды. Кездесу барысында мен мүлдем күтпеген ұсыныс жасады: “Ертең сессия, маған сенің Премьер-Министр болғаның керек. Қазіргі жағдайда бұл лауазымды басқа ешкімге сеніп тапсыра алмаймын, оның үстіне сені көп жылдардан танимын. Сенімді ақтарсың”.

Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашан адамдарды үш өлшемге сүйене отырып таңдайтын, бұлар: жауапкершілік, іскерлік және елге адалдық. Ол кезде лауазымды қызметтерде тәжірибем баршылық еді, соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен де биліктің жоғары эшелондарында біраз қызмет атқарғаным бар болатын.

Мен Нұрсұлтан Әбішұлына сенім білдіргені үшін алғыс айтып, үмітін ақтауға тырысатынымды жеткізіп, уәде бердім. Бірақ шынымды айтайын, “қолымнан келе ме екен” деген сенімсіздік те жоқ емес еді. Сол тұстағы уақыт тудырған барлық талаптар мен сын-қатерлерге төтеп бере аламын ба? Әйтсе де, тағдырдың жазғаны солай болған екен.

Одақ көз алдымызда күйреудің алдында ғана тұрды – бюджетте қаражат қалмады, экономика қатаң дағдарысты бастан кешірді, одақтық байланыстар үзілді… Дәл осындай саяси, экономикалық хаос жағдайында бәрін өз қолымызға алуға тура келді. Қазақстан экономикалық катастрофа жағдайындағы тәуелсіз мемлекетке айналды.

Премьер лауазымын мен тұп-тура үш күні жетпейтін үш жыл бойы атқардым. Әрине ұзақ. Өйткені басқа республикаларда, мысалы Украинада, Қырғызстанда үкімет басшылары әр үш ай сайын ауысып жататын. Біреуімен танысып үлгермей жатып, келесіде алдыңнан басқасы шығады. Нұрсұлтан Әбішұлы Президент ретінде ішкі және сыртқы саясатпен айналысты, ал барлық экономикалық мәселелер, негізінен Министрлер кабинетіне жүктелген еді.

Сол кезде де, қазір де мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізде нағыз кәсіби мамандар қызмет еткен Үкімет болғанын айтып келемін. Әлбетте, ол тұста біз жоспарланғанның бәрін бірдей жүзеге асыра алмадық, оған себеп, ең бірінші кезекте, қаражат жетіспеді. Инфляцияның өзі тіпті айтуға қорқынышты еді – 2400%, 2600%. Мысалы, бүгін бір рубль тұрған затыңыз, ертеңінде-ақ 20 тиынға айналатын.

Тыным таппай жұмыс істеуге тура келді, қарқынды бәсеңдетуге мүлдем болмайтын еді. Бұл ретте менің советтік басқару мектебін көргенім үлкен демеу болды. Партиялық және мемлекеттік құрылыс баспалдағының барлық сатыларынан өттім – колхозда, комсомолда, партия қатарында істедім, облыстық партия ұйымының бөлім меңгерушісінен бірінші хатшысына дейінгі жолды өттім. Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы болдым, төрт жыл бойы оңтүстіктегі осы ірі облыстың барлық шаруашылығын басқардым, Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Президенттің орынбасары лауазымдарын атқардым.

Алайда алпауыт елдің күйрейтін кезеңіне тап келген Премьерлік жылдарымды ештеңемен салыстыруға келмейді. Саяси жағдай шиеленістерге толы болды. Кәсіпорындар шетінен жабылып жатты. Дүкен сөрелері жұрдай болып, ештеңе қалған жоқ. Біз карточкалар енгізе бастадық. 1992 жылы 2 қаңтарда РКФСР Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Егор Гайдар бөлшек сауда бағасын ырқына жіберген кезде (ол кезде рубль аймағында едік), біраз уақыт өтіп сөрелерде азық-түлік және басқа да тауарлар пайда бола бастады. Бірақ жұрттың қолында ақша болған жоқ. Сондықтан наразылықтар, ереуілдер, аштық жариялау шыға бастады. Жоғарғы Кеңестің отырыстарында “азулы” депутаттар мені 6 сағат бойы жібермей трибунада ұстаған еді. Барлығы да жағдайдың тез арада түзелгенін қалайтын. Біз де соны тіледік. Бірақ әп-сәтте өзгере салмайтынын түсінетінбіз.

Осындай жағдайда мемлекеттің алдағы бағытына жол ашатын қандай да бір стратегиялық шешім қабылдау керек болды. Ал мұндай шешімді тек бір ғана адам – Президент Нұрсұлтан Назарбаев қана қабылдай алатын. Өйткені сол кезде елдегі лигитимді билік тек қана соның қолында еді. Нұрсұлтан Назарбаев елдегі жағдайға байланысты биліктің барлық негізгі функцияларын өзіне алуға және төтенше жағдай режімінде әрекет етуге мәжбүр болды. Бұл “төтенше жағдай режімі” бізді ерекше тәртіпке бағынуға мәжбүр етті. Нұрсұлтан Әбішұлы, ең алдымен, сол кезде түрлі партиялар мен қоғамдық қозғалыстар тарапынан ұсынылған, шындыққа еш жанаспайтын, елді шапшаң өркендетіп жіберу туралы құр бос уәдеге негізделген популистік ұрандардан батыл түрде бас тартты. Назарбаев “алдымен экономика, содан кейін саясат” қағидаты бойынша әрекет еткен дұрыс деп есептей отырып, Қазақстанда либерализм дәстүрлері болмағандықтан либералдық-демократиялық ұрандарды жариялаудан да қалыс қалды.

Мен мына бір нәрсені айтайын – көшбасшыда үш қасиет болуы шарт: ақыл, мінез, харизма. Осы қасиеттердің барлығы да Нұрсұлтан Әбішұлына тән еді. Халық оған сенді, өйткені жұрт оны “өзіміздің адам” деп білді. Ол домна пешінің ыстығына шынығудан бастап, басқарудың барлық сатысынан өткен адам. Нұрсұлтан Назарбаев – елдің мұқтаждығын біреуден естіп емес, тікелей халық арасынан біліп өскен тұлға. Ол елді мақсатты түрде өркендету жолын білді. Күні кеше ғана Қазақстанға үшінші әлемдегі кедей елдің тағдырын төндіріп қателескен сарапшылар, міне бүгін мұны басқалардан да артық түсінеді деп ойлаймын.

Сергей ТЕРЕЩЕНКО,

Қазақстан Республикасының бірінші Премьер-Министрі, 1991-1994 жылдар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp