«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӨП ШЫҒЫМЫ ТӨМЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл елімізде қуаңшылық салдарынан мал азығының жетіспеушілігі туындауы мүмкін. Апта басында Премьер-Министр Асқар Мамин жем-шөп дайындау мәселелері жөнінде онлайн кеңес өткізді. Жиында қабылданып жатқан шаралар жайында өзге өңір басшыларымен қатар облыс әкімі Құмар Ақсақалов та баяндама жасады.

Жиында Премьер-Министр мал азығын дайындау жұмысын жандандыру, шабындықтар беру мәселелерінде өңіраралық өзара іс-қимылды нығайту, құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің қажеттілігі үшін жем-шөп қорын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Асқар Мамин халыққа жем-шөпті қолжетімді бағамен сату мәселесін ерекше бақылауға алуды, солтүстік өңірлердің әкімдіктеріне сабанды барынша көп жинауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Жері құнарлы, шөбі шүйгін келетін аққайыңдар өлкесі де биыл қуаңшылықтың зардабын тартуы ықтимал. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы агрономия бөлімінің басшысы Бахтияр Тоқжігітовтің айтуынша, көктемде жайқалып шыққан көк шөп жауын-шашынның аздығынан қурап қалды. Десе де қыстың қамын жазда ойлайтын шаруалардың қимылы қауырт.

– Биыл малдардың қыстап шығуы үшін жергілікті шаруалар 850 мың тонна шөп, 194 мың тонна сүрлем, 208 мың тонна пішендеме және 1319 мың тонна сабан жинап алуы қажет. Облыста мал азығын жаппай дайындау жұмысы шілде айының ортасында басталды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен тұрғындар бұл іске білек сыбана кіріскен. 20 шілдедегі жағдай бойынша өңірімізде 492,7 мың тонна шөп немесе жоспарланған көлемнің 58 пайызы жиналды. Қосымша 14,4 тонна пішендеме (7,4 пайыз) дайындалды. Жалпы биылғы ауа райына байланысты жем-шөп жетіспеушілігі мәселесін шешуде барлық тиісті шараларды қолға алуымыз қажет. Солардың бірі – күзгі орақ кезінде сабанды ұсақтамай, оны жемазыққа пайдалану, – деді Бахтияр Бекжанұлы.

Үстіміздегі жылы шөптің шығымы былтырғы көрсеткішке қарағанда әлдеқайда аз. Былтыр өнімділік гектарынан 10 центнерді құраса, биыл бір гектар жерден 6 центнерге дейін шөп шабылуда. Десе де қырда жүрген 1163 бригада қорды керегінше қамдап алу үшін қас қарайғанша шабындық басында тынбай еңбек етуде.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp