Петропавлда 20 жастағы жігіт мас күйде скутермен келе жатып апатқа ұшырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 шілде күні сағат 02.30 шамасында 20 жастағы Петропавл тұрғыны «Alpha» скутерімен келе жатып апатқа ұшыраған. Оның көлігі Петропавлдағы Жамбыл мен Гашек көшелерінің қиылысында жол шетіндегі жиектасқа ілініп қалған. Жігіт аман қалды. Сынған скутердің қасында тұрған жүргізушіні өтіп бара жатқан автопатруль байқаған.
Бұл көлік құралы жылдамдықты сағатына 50 км-ден асыра алады.
Жігіттің жүргізуші куәлігі болмаған. Медициналық куәландыру мас болғанын көрсетті. Әкімшілік материал жиналды. Енді ол 20 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
«Жастар арасында скутер сұранысқа ие. Онымен көбінесе көлік жүргізу тәжірибесі жоқтар және жүргізуші куәлігін алмағандар жүреді.
Қозғалтқыштың іштен жану көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар және сағатына 50 км-ден жылдамдықты арттырмайтын көлік құралдарын жүргізу үшін жүргізуші куәлігі қажет емес.
Тек ол үшін 16 жастан асу керек. Бірақ кім болса да жолда жүру ережесін білуге міндетті», – дейді СҚО ПД ЖПБ бастығының мінетін атқарушы Александр Розбах.
Екі доңғалақты көлік иелері тек 18 жастан бастап қана жолаушы тасымалдай алады. Олар мотошлем киюге міндетті. Тротуармен жүруге тыйым салынған. Ал жолда тек оң жағымен ғана жүруге болады.
https://www.inform.kz/