«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Саны қысқарғанымен, сапасы артады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызметкерлердің беделі мен мәртебесін арттыру, жағымды имиджін қалыптастыру ережелері Әдеп кодексінде жан-жақты айқындалған. Бұл үрдіс атқарушы биліктің ұстанған сая­сатымен өзара тығыз байла­нысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі” Жолда­уында мемлекеттік қызмет жүйе­сін қайта құру талабын қойды. Мемлекеттік аппарат және квази­мемлекеттік сектор қызметкерле­рін қысқарту мерзімін жеделдетіп, үнемделген қаражаттың есебінен қалған қызметкерлердің жалақы­сын көбейтуді тапсырды. Шынын­да да, еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп. Бұл мәселеге жете көңіл аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан айырылуға, ақыры жемқорлыққа әкеліп соқтыратыны күнделікті өмірде аз кездеспейді. Мемлекет басшысы кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар қа­жеттігіне ерекше назар аударды. Бұл орайда кәсіби және этикалық нормалардың құлдырауына жол бермеу, сабақтастық пен институ­ционалдық дәстүрдің сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды.

Әдетте, жұртшылық арасында бірінші кезекте мемлекеттік қыз­метшінің адалдығы маңызды ма, әлде жалақысы ма деген сұрақ жиі туындайды. Кейбіреулер мемле­кеттік қызметшілердің еңбекақы­сын қанша көтерсе де бәрібір адал болмайды деген пікір айтар. Бұл – тек қосымша шығын. Бәрібір өзгермеген күйі қала береді деген тү­сінік басым. Екінші тарап мем­лекеттік қызметшілерге қалыпты әлеуметтік жағдай жасалмаса адалдықтың ала жібін аттауға өзіміз итермелеген болып шыға­мыз деген ұстанымда. Сондықтан мемлекеттік аппараттың жаңар­тылуы шеңберінде еңбекақы төлеу жүйесін өзгертудің, мем­лекеттік аппаратты барынша ық­шам­даудың мәні айрықша. Саяси саладағы қарышты қадамдардың бірі “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құру болып табылады. Бұл – билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог, сындарлы үнқату деген сөз. Өзара сенім, бірлік, түсіністік орнаған кезде ғана демократиялық жаңғыру сәтті жалғасып, тұтас мемлекеттің тиімділігі артады. Осындай іргелі шаралардың бел ортасында мем­лекеттік қызметкерлерді жиі көру­ге болады. Былтыр мем­лекеттік шенеуніктердің санын – 10 пайызға, биыл 15 пайызға, осы­лай­ша 25 пайызға қысқарту ұсы­нылды. Өңірлерде еңбекақы тө­леу өте төмен деңгейде екені жа­сы­рын емес. Тіпті елорданың өзін­де қа­рапайым мемлекеттік орган­дар­да 100-150 мың теңге ғана. 200, 300, 500 мың теңге жа­лақы ала­тындардың үлесі мүлдем мар­дымсыз. “Бір қарын майды бір құ­малақ шірітеді” демекші, бірер ше­неуніктің жемқорлық әре­кетіне қа­рап бәрін “ұры” деп жаз­ғырып жа­татындар да арамызда аз емес. Мем­лекеттік қызметші­лер­ге де қо­ғамның өзге өкілдері сияқты қара­пайымдылық, мәде­ниет­тілік, па­ра­саттылық, кіші­пе­йіл­ділік тән. Ел­ден ерекше­лендіретіні – осы қа­сиеттер.

Бүгінде облыс әкімдігі қызмет­кер­лерінің 85 пайызының еңбек­ақысы 90-150 мың теңге аралы­ғында. Аудандар мен ауылдық округтерде бұл көрсеткіш тіпті төмен. Соған қарамастан қоғам дамуының басты күші ретінде ат­қарып жатқан жұмыстары сан-салалы. Өкінішке қарай, арала­рында сыбайлас жемқорлыққа ұрынып, Әдеп кодексіне кереғар әрекеттерге баратындар кездесіп қалады. Уәкілетті органдардың бас­ты міндеті – қоғам мен мемле­кет қызметінің барлық салала­рында кездесетін сыбайлас жем­қорлық көріністеріне қарсы алдын алу жұмыстарын жүйелі, кешенді түрде жүргізу, ымырасыз жалғас­ты­ру. Қалай десек те, мемлекеттік қызметкерлердің жасаған қыл­мыстарының саны басқа санат­тағы азаматтардың жасаған қыл­мыстарының санымен салыс­тырғанда барынша аз екеніне се­нім­дімін. Мемлекеттік қызмет­кер­лер – халық қызметшісі, сенімнен шығу – олар үшін ар алдындағы сын. Кейде әлеуметтік желілерде мемлекеттің экономикалық-ұйым­дастырушылық және әлеуметтік қызметін, қоғамдық тәртіпті сақтау және адам мен мемлекеттің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету функция­ларын жүзеге асыратын мемле­кеттік қызметшілерге қатысты дө­рекі, ашулы пікірлерді оқығаннан кейін: “Өзіңіз қоғам үшін қандай пайдалы жұмыс істедіңіз?” – деген сұрақ еріксіз туындайды. Мем­лекеттік қызмет – жауапкершілік жүгі ауыр, талабы өте жоғары ман­сап. Қоғамның барлық салала­рын­да өз ісіне адал белсенді қыз­меткерлер жетіп артылады. Елі­міздің халықаралық аренадағы беделі мен мәртебесін көтеру жолында уақытпен санаспай ең­бек етіп жүргендері қаншама!

Биыл шілде айында Әдеп ко­дек­сінде мемлекеттік қызметкерге қойылатын шарт-талаптар негізін­де облыс әкімінің аппараты мен барлық мемлекеттік органдарда жасырын сауалнама жүргізілді. Ондағы мақсат – ұжымдағы ең үздік мемлекеттік қызметкерді анықтау. Әдеттегі ресми конкурс түрінде емес, жұмыстағы әріптес­терінің, оның ішінде мемлекеттік орган басшылығының құпия да­уыс беруі арқылы ұйымдасты­рылды. Сауалнама нәтижесі біз күткендегідей болды. Облыс әкі­мі­нің аппаратында Ольга Синя­кова, Рүстем Байжанов, Анатолий Тарахтун “Үздік мемлекеттік қыз­меткер” атанса, мемлекеттік сәу­лет-құрылыс бақылау және ли­цен­зиялау басқармасында Адик Шәкенов, ішкі саясат басқар­масында Гүлмира Садырова, денсаулық сақтау басқармасында Нұрболат Иманжанов ең көп дауыс жинады. Басқа құрылым­дар бойынша да үздіктер анық­тал­ды. Мемлекеттік орган басшы­ларына, кадр қызметіне үздіктерді жоғары лауазымға конкурстан тыс негізде ауыстыру, басқа да жеңілдіктер қарастыру ұсынылды.

Сейілхан СЕРІКБАЕВ,

облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp