Қыркүйек айынан бастап облыстағы барлық білім беру ошақтары дәстүрлі түрде жұмыс істейді. Ол үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр. Облыс орталығында бірқатар жаңа мәдениет нысандары жөнделіп, есігін айқара ашады. Еліміздің 30 жылдық және облыстың 85 жылдық мерейтойлары аясында көптеген шаралар ұйымдастырылады. Бұл ауқымды жұмыстар жайлы облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалындағы брифинг барысында айтты.
Бір айдан астам уақыттан соң жаңа оқу жылы басталады. Өңір оқушылары түгелдей мектеп партасына отырып, дәстүрлі түрде білім алатынын айтқан облыс әкімінің орынбасары ұстаздар мен мектеп қызметкерлері жаппай коронавирусқа қарсы вакцина қойдырулары қажеттігін ескертті. Бүгінде бұл көрсеткіш 95 пайызды құраған. Қазіргі таңда жаңа оқу жылына білім ошақтарын әзірлеу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. 56 білім ордасын күрделі жөндеуге 4,3 млрд. теңге бөлінді. 2 мектептегі қауырт шаруа тамамдалды. 12 мекемеде қазандықтарды сыртқа шығару жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда облыстағы 468 мектептің бәрінде интернет бар. Биыл желінің жылдамдығын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілді.
– Мәдениет саласында 14 жобаны жүзеге асыруға 1,2 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінде С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының 500 орынға шақталған жаңа ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны нақтыланып, құрылыс жұмыстарына жаңа байқау жарияланатын болды. Биыл ислам мәдениетінің музейін жаңғыртуға 100 млн. теңге қарастырып отырмыз. “Қызыл оба” ескерткішінде де тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр бұл маңда Алтын орда кезеңінің 7 ескерткіші табылған болатын. Кешенді іске қосуға республикалық қазынадан 55 млн. теңге бөлінді. Нысан жыл соңында тапсырылып, көп ұзамай облыс тұрғындары мен қонақтар бай тарихымызбен таныса алады, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Биыл Ақан сері атындағы облыстық филармонияның ғимараты да жөнделеді. Ал тарих және сәулет ескерткіші саналатын “Қалыңдық үйі” ақыры мемлекет меншігіне өтетін болды. “Ботай” ескерткішіне қатысты мәселе де шешілуі тиіс. Брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары мәдениет саласы қызметкерлерін баспанамен қамту жайын да сөз етті.
– Дәрігерлер үйінде тұрып жатқан мәдениет саласының қызметкерлері сонда қалатын болды. Бірақ бұл мәселені алдағы уақытта шешу қажет. Қалалық әкімдік мәдениет және өнер саласының жұмысшыларына арналған 100 пәтерлік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттарын дайындады. Қаражат табылса, бұл үйдің құрылысы басталады. Көпті алаңдатқан Айдар Қазовтың проблемасы да шешіледі. Спортшыға жалға берілген баспана тұрғын үй комиссиясының шешімімен оның меншігіне тапсырылатын болады, – деген Ғани Нығыметов спорт саласындағы жетістіктерге де тоқталды.
Атап айтсақ, биыл облыста 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, халық игілігіне тапсырылады. Нысандар “Ауыл – ел бесігі” және Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламалары бойынша салынып жатыр. Брифинг барысында тілшілер қауымы әкімнің орынбасарына әлеуметтік салаға қатысты өз сауалдарын жолдады. Көпшілігін ономастика мәселесі алаңдататын көрінеді. Өңірде көше және елді мекен атауларын өзгертіп, жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Өткен жылдың соңы мен 2021 жылдың басында өңірде бірқатар елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылып, көшелер де қазақшаланды. Бұл маңызды жұмыс халықтың пікірін есепке алып жүзеге асуда.
– Ономастикалық жұмыс еліміз Тәуелсіздігін жариялаған алғашқы күннен жүргізіліп келеді. Қазір бұл шаруа санаққа байланысты уақытша тоқтататылды. Дегенмен тиісті дайындық шаралары жалғасып жатыр. Бұл жергілікті әкімдіктің қисынсыз әрекеті емес, үлкен мемлекеттік, ұлттық саясат екенін еске салғым келеді. Алдымен патшалық, кейін кеңестік заманда біржақты саясаттың кесірінен қазақ жеріндегі өзен-көл, елді мекендердің байырғы атаулары өзгертіліп, ұмыт болды. Тарихтың бұл парақтарын ешкім жоққа шығара алмайды. Егемен ел ретінде Қазақстан өз тарихи тұлғаларын дәріптеуге, аттарын әйгілеуге құқылы. Ондай дарындар бізде аз емес. Тәуелсіздіктің бастауында тұрған алашордалықтар, өзге де тұлғаларды жастарымыз білуі қажет. Бұл жұмыс осы мақсатта жүзеге асуда, – деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.