Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітап қоры 314 жаңа туындымен толықты.
Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында кітапханамызға балаларға арналған әдебиеттің көптеп түсуі қуантады. Олардың арасында тілдері жаңадан шығып келе жатқан балаларға арналған түрлі сұрамақтар, панорама-кітапшалар, ертегі, әліпби түріндегі бірқатар топтамалар бар. Балаларға бағыт-бағдар беруде танымдық әдебиеттің маңызы зор екендігін ескере отырып, “Жануарлар әлемі”, “Өсімдіктер әлемі”, “Жер және ғарыш” сияқты энциклопедиялар сатып алынды. Ал орыс тілінде “Домашняя энциклопедия” сериясымен үй жануарлары туралы бірнеше кітап түсті.
“Әдеби өлкетануды дамыту” жобасы негізінде әр өңірден шығармашылық топтар құрылып, олар облыс-аудандарға экспедициялар ұйымдастырып, сол өлкенің тарихы мен тағылымын, өнері мен мәдениетін, аңызға айналған тұлғалары мен қасиетті жерлерін зерттеп, еліміздің 9 өңірі туралы кітаптар шығарған болатын. Бұл дүниелерді біздің кітапханаға келіп оқуға болады. Сонымен қатар Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай “Абай академиясы” сериясымен төрт томдық “Абай және қазақ социумы” ұжымдық монографияларына еліміздің абайтанушылары мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдарының зерттеулері енген жинақтары келіп түсті. Ал орыс жазушысы Наталья Щербаның жасөспірімдерге арналған “Часодеи” фантастикалық кітабы жас оқырмандарды мол олжаға кенелтері сөзсіз. Сонымен бірге балаларға арналған әлемдік классика үлгісіндегі “Дети железной дороги”, “Дэвид Копперфильд”, “Копи царя Соломона” мен мотивациялық, детектив жанрында жазылған көптеген құнды еңбектер бар.
Гүлнұр БЕКІШ,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы.