Мамлют ауданында тұратын Сағындықовтар отбасы – берекелі шаңырақ. Ерлі-зайыпты Небиюла мен Алма 40 жылға жуық тату-тәтті өмір сүріп, бес баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді. Жақында бұл әулет “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының өңірлік кезеңінде екінші орын алып, жерлестерін зор қуанышқа бөледі.
“Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” демекші, ұрпақ тәрбиесінде отбасының алатын орны ерекше. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Сағындықовтар әулеті ағайын-туыстың ғана емес, барша ауылдастарының құрметіне бөленген отбасы. Айналасындағы адамдарға үлгі-өнеге көрсетіп, сыйластық пен ауызбіршілікті қалқан еткен бұл жандарға көпшілік қызыға да, қызғана қарайды.
Отағасы Небиюла Нұрмоллаұлы Мамлют ауданындағы “Хуландой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жетекшілік етеді. “Баптай білсең, жер жомарт” демекші, ол жиырма жылдан астам уақыт бойы ырыздық-несібесін Жер-анадан тауып келеді. Аталмыш серіктестіктің егістік алқабы 18 мың гектарды құрайды. Мал шаруашылығымен де айналысып, мол табысқа кенелуде. Ол өзін іскер азамат, білікті ұйымдастырушы ретінде жақсы жағынан көрсетіп, Токаревка ауылын көркейтуге үлесін қосып келеді. Жерлестері мен туған ауылының жағдайын ойлаған жомарт жан бұрынғы мектеп ғимаратын қалпына келтіріп, мәдени-демалыс орталығы мен кітапхана ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда ішкі әрлеу мен сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
– Ата-бабамыз бізге кең байтақ жерді аманат етті. Қазақстандай жері шұрайлы, шөбі шүйгін, суы мол, кең байтақ елде тұрып жатқанымызды мақтан етуіміз керек. Әр адам туған жерінің дамуына атсалысып, елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етуі тиіс. Сондықтан туған ауылымды көркейтуге барынша күш салудамын. Біздің елімізде жүзден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатыр. Осындай ауызбіршілік әр отбасында болуы керек. Сонда Отанымыздың да іргесі мықты болады, – деді отағасы.
Әрқашан көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсететін Небиюла Сағындықов ауылдық округтегі әлеуметтік-мәдени нысандарды күтіп-ұстауға да қолғабыс етеді. Ал зайыбы Алма Зікіриянқызы 30 жылдан астам уақыт Токаревка ауылындағы медициналық қосында фельдшер болып жұмыс істейді. Бірі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысса, енді бірі денсаулығына жауапты. Сондықтан ерлі-зайыптыларды ауылдастары ерекше құрметтейді.
– Бақытты болу әр адамның өз қолында. Мен үшін бақыт деген отбасым мен бала-шағамның амандығы. Бес балапанымызды өсіріп, ер жеткізу үшін аянып қалмадық. Әр ата-ана балаларының жақсы жетістіктерге қол жеткізгенін қалайды. Бүгінде ұл-қыздарымыз сенімді ақтап, абырой биігінен көрінуде. Бұдан асқан қуаныш бар ма? Көз қуанышымыз немерелерімізді де ізгілікке баулып, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету қажет екенін айтып отырамыз, – деген, Алма Сағындықова отбасы құндылығын арттыру, бірлікті сақтау, қайырымдылық жасау, мейірімді болып, кешірім жолын ұстану секілді сауапты амалдарға ерекше мән беретіндерін жеткізді.
Бұл жұп балаларын да ата-бабамыздан мирас болған салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға баулып, адамгершіліктің дәнін екті. Тәуелсіз елде білімді, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуді алдына мақсат еткен олар балаларын қатарынан қалдырмауға тырысты. Бес баласы да жоғары білім алып, өмірде өз жолдарын тапты.
“Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі”, демекші әке жолын жалғаған ұлы Руслан да кәсіппен айналысуда. Шаттықтың шуағы мен бақыттың бесігінде ұл-қызын тербеткен Сағындықовтар әулеті тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерек іспетті. Бұл отбасының жарасымды тірлігінен өзгелер де тағылым алса бір ғанибет емес пе?
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.