«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛІН — КҮҢ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Тұрмысқа шыққаныма он жылдан асты. Осы уақыттың ішінде көп қиындық көрдім. Ата-анам әлдеқашан қайтыс болды. Барар жерім, басар тауым болмаған соң, барлы­ғы­на көндім. Панасыз, дәрменсіз, қорғаушы­сы, іздеушісі жоқ адамды кім басынбайды. Кейде өзімді келін емес, күң сияқты сезінемін”, – деп бастады әңгімесін Әлия. Жанары жасқа толып, жан жарасы тамағына ащы өксік бо­лып тығылған келіншек біраз үнсіздіктен ке­йін сөзін жалғады. “Ауылда тұрамыз. Таң ат­қа­ннан, кеш батқанша шаруадан қолым бо­са­майды. Қонаққа шақырса, бармаймын. Өйт­кені мені ешқайда апармайды. Апарса да барғым келмейді. Өзімді ыңғайсыз сезінемін. Жүдеу көңіл, жұпыны киім жанымды жабыр­қа­тады. Менің жалғыз жұбанышым – қызым. Соның бақыты үшін барлығына шыдауға дайынмын”, – дейді ол.

Иә, өкінішке қарай, біздің қоғамда Әлия сияқты қорғансыз келіндер қаншама? Оған дәлел – жақында Түркістан облысында келең­сіз оқиға орын алып, бір отбасындағы кикіл­жің әлеуметтік желіні ұлардай шулатты. “Жү­ре берсең, көре бересің” дегендей, шаныш­қыны отқа қыздырып, келіннің бетіне басқан қайын апасының әрекеті жаға ұстатты. Қазіргі за­манда отбасындағы осындай келеңсіз көрі­ністің орын алуына кім кінә­лі? Қоғам ба, әлде адам ба? Әрине, үй болған соң, ыдыс-аяқ сыл­дырламай тұрмайды. Тек ұрыстың соңы ушық­пай, ерлі-зайыптылар түсі­ністік танытса құба-құп.

Дана халқымыз “жақсы келін қызыңдай” деп келінді ұрпақ жалғастырушысы ғана емес, әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт бо­ла­шағының ұйытқысы деп тани білген. Өне­ге­лі ұрпақ берекелі отбасында тәрбие­ле­нетінін ескерсек, әулеттің береке-бірлігі мен тыныштығы әйелге байланысты. Сондықтан “әйел – шаңырақтың құты” деп текке айтыл­маған.

Отбасының әлеуметтік жағдайы, берекесі мен тыныштығы қоғам алдындағы негізгі мә­се­лелердің бірі екені анық. Бір өкініштісі, “әйелдің орны ошақ қасы” деген көзқарас­та­ғы адамдар әлі де көп. Тіпті кейбір ер азаматтар әйелдің ішкі дүниесіндегі қажетті­лік­пен, көзқарасымен, ойымен санаспайды. Бұл орайда сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің мына бір сөзі ойға оралады. “Қазақ әйелін “жан жолдасым” дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой”. Түсіне білген адамға осынау сөздің астарында терең ой жатыр. Бірақ күйеуі былай тұрсын, қайыната­сы мен енесінен, ағайын-туыстан зәбір көре­тін келіншектер аз емес. Психолог Гүлмира Тілегенқызы еркіндік пен теңдік, ашықтық сал­танат құрған кезде жаға ұстатар жайттар болмайды. Маман отбасында тұрмыс­тық зорлық-зомбылық орын алса, бірден кө­мекке жүгініп, әйелдерді үнсіз қалмауға шақырды. Өйткені қыз-келіншек­тердің денсаулығына нұқсан келуі өз алды­на, отбасында ұрыс-керісті, зорлықты көріп өскен баланың психологиясына мұндай жағдайлар кері әсер етеді.

– Ана – өмірдің бастауы. Бәріміз де ана­дан тудық. Әйелді сыйлау ең алдымен ана­ны құрметтеуден басталады. Сондықтан жарын тұқыртып, қол көтеретін ер азаматтарды тү­сінбеймін. Отбасында қыз-келіншектер, ба­ла­лар зорлық-зомбылық көрмеуі тиіс. Келін – күң емес. Керісінше, отбасына енген бақыт, берекенің бастауы. Сондықтан ұрпақ жалғас­тырушы келінге отбасында орынды құрмет көрсетілуі керек. Ол да біреудің қызы, қарын­дасы. Бірақ әйел күйеуінен бір саты төмен тұратынын ұмытпауы керек, – деді қала тұрғыны Әділ Шұғаев.

“Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан” де­гендей ата-бабамыз келешек ұрпағының тағдырын келіннің жақсы-жаман қасиеттері­мен өлшеген. Ұрпақ жалғастырушы келінді жөнсіз тұқыртып, сөкпеген. Керісінше, ықы­лым заманнан хан да, қара да, ел ағалары мен билік басындағы азаматтар әйелдің да­налығына, ақылына жүгінген. Оған тарих куә. Өз заманында елді түрлі нәубеттен алып қал­ған Бопай ханша, Жиренше шешеннің жары Қа­рашаш, Домалақ ана, Абайдай алыпты тәр­биелеген Зере мен Ұлжандай келіндер­дің, ел аналарының қоғамдағы орны қандай еді?

– Мен 16 жасымда тұрмысқа шықтым. Ата-енемізбен бірге тұрдық. Ол кезде бірден бөлек шығу деген болған жоқ. Жолдасым үй­дің тұңғышы болатын. Қайын інілерім мен сің­лілерімнің тәрбиесі, үйдің барлық шаруа­сы маған артылды. Кейін өзім де ана атандым. Ол кезде келіндерде қазіргідей еркіндік жоқ. Ененің айтқаны заң болатын. Не айтса, соны істеп, ешқашан сөз қайтарған емеспін. Сол үшін енемнің ризашылығына бөленіп, ақ ба­та­сын алдым. Әрине, отбасында ұрыс-керіс, түсінбеушілік болады. Таршылықты, жоқшы­лық­ты көп көргендіктен, қазіргі келіндерге қандай қиындық орын алса да шыдау керек екенін айтып отырамын. Дүние – қолдың кірі. Бүгін – бар, ертең – жоқ. Бірақ сыйластық пен құр­мет мәңгілік, – деген көпті көрген кей­уа­на Ырысжан Нұрғалиева бүгінде кейбір келіндердің басынан сөз асырғысы келмей­тінін, ененің айтқан ақылына құлақ түрмей­тінін сынға алды.

“Жібекті түте алмаған жүн етеді, әйелді күте алмаған күң етеді” демекші отбасында әйелге, келінге құрмет қандай болса, отба­сы­ның береке-бірлігі сонымен өлшенеді. Әри­не, босаға аттаған келіннің барлығы білімді, тәрбиелі, өнегелі дей алмаймыз. Адам ала­сы ішінде ғой. Сыйластық, ізет көрсетудің ор­нына беттен алып, төске шабатын келіндер де жоқ емес. Ал ұлттық танымымызда ене мен келін арасындағы сыйластық ерекше орын алады. Салт-дәстүрді насихаттаушы Зейнеп Ахметова: “Кез келген әйелдің қолы­нан ене болу келеді, ана болуға тырысу ке­рек. Әрине, өзінің туған анасындай болмай­сың. Бірақ сен солай болуға тырыс. Өйткені ол енді сенің әулетіңді көбейтеді, ары қарай сенің ісіңді жалғастырады, сенің отыңды жа­ға­ды, сенің қазаныңды ұстайды. Олай болса, бұл жерде келіннің рөлі деген өте үлкен. Ертеректе келін от жаққан. Мұның өзінде үлкен мән бар. Неге отты келінге тапсырды? Ол жай ғана қарапайым жұмыс емес. “От бар жерде – өмір бар”, – дейді. Сондықтан күн­де­лікті тұрмыста, бала тәрбиесінде қыз-келін­шектерге енелерінің бағыт-бағдары керек-ақ. Бірақ кейбір кыз-келіншектер енелері та­рапынан қолдау көрмей, керісінше тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың құрбанына айна­ла­ды. Біріккен ұлттар ұйымының 2017 жыл­ғы мәліметтері бойынша әлемдегі әр үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Ал жыл басынан бері облыста 1100 әйел тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына ай­налып, 1069 адам жауапкершілікке тартыл­ды. Бұл әйелдің емес, еркектің әлсіздігін айғақтайды.

Қазір біздің қоғамда қыз-келіншектерге бі­лім алуға, жұмыс істеп, ел өміріне араласуға барлық мүмкіндік бар. Десе де көп жағдайда қыз-келіншектер отбасындағы берекені сақтау үшін үйдегі ұрыс-керісті сыртқа шы­ғар­мауға тырысады. Қорлыққа да шыдайды. Қорғансыз әйелдің құқығы қашанға дейін таптала бермек?

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp