“Тұрмысқа шыққаныма он жылдан асты. Осы уақыттың ішінде көп қиындық көрдім. Ата-анам әлдеқашан қайтыс болды. Барар жерім, басар тауым болмаған соң, барлығына көндім. Панасыз, дәрменсіз, қорғаушысы, іздеушісі жоқ адамды кім басынбайды. Кейде өзімді келін емес, күң сияқты сезінемін”, – деп бастады әңгімесін Әлия. Жанары жасқа толып, жан жарасы тамағына ащы өксік болып тығылған келіншек біраз үнсіздіктен кейін сөзін жалғады. “Ауылда тұрамыз. Таң атқаннан, кеш батқанша шаруадан қолым босамайды. Қонаққа шақырса, бармаймын. Өйткені мені ешқайда апармайды. Апарса да барғым келмейді. Өзімді ыңғайсыз сезінемін. Жүдеу көңіл, жұпыны киім жанымды жабырқатады. Менің жалғыз жұбанышым – қызым. Соның бақыты үшін барлығына шыдауға дайынмын”, – дейді ол.
Иә, өкінішке қарай, біздің қоғамда Әлия сияқты қорғансыз келіндер қаншама? Оған дәлел – жақында Түркістан облысында келеңсіз оқиға орын алып, бір отбасындағы кикілжің әлеуметтік желіні ұлардай шулатты. “Жүре берсең, көре бересің” дегендей, шанышқыны отқа қыздырып, келіннің бетіне басқан қайын апасының әрекеті жаға ұстатты. Қазіргі заманда отбасындағы осындай келеңсіз көріністің орын алуына кім кінәлі? Қоғам ба, әлде адам ба? Әрине, үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Тек ұрыстың соңы ушықпай, ерлі-зайыптылар түсіністік танытса құба-құп.
Дана халқымыз “жақсы келін қызыңдай” деп келінді ұрпақ жалғастырушысы ғана емес, әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы деп тани білген. Өнегелі ұрпақ берекелі отбасында тәрбиеленетінін ескерсек, әулеттің береке-бірлігі мен тыныштығы әйелге байланысты. Сондықтан “әйел – шаңырақтың құты” деп текке айтылмаған.
Отбасының әлеуметтік жағдайы, берекесі мен тыныштығы қоғам алдындағы негізгі мәселелердің бірі екені анық. Бір өкініштісі, “әйелдің орны ошақ қасы” деген көзқарастағы адамдар әлі де көп. Тіпті кейбір ер азаматтар әйелдің ішкі дүниесіндегі қажеттілікпен, көзқарасымен, ойымен санаспайды. Бұл орайда сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің мына бір сөзі ойға оралады. “Қазақ әйелін “жан жолдасым” дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой”. Түсіне білген адамға осынау сөздің астарында терең ой жатыр. Бірақ күйеуі былай тұрсын, қайынатасы мен енесінен, ағайын-туыстан зәбір көретін келіншектер аз емес. Психолог Гүлмира Тілегенқызы еркіндік пен теңдік, ашықтық салтанат құрған кезде жаға ұстатар жайттар болмайды. Маман отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алса, бірден көмекке жүгініп, әйелдерді үнсіз қалмауға шақырды. Өйткені қыз-келіншектердің денсаулығына нұқсан келуі өз алдына, отбасында ұрыс-керісті, зорлықты көріп өскен баланың психологиясына мұндай жағдайлар кері әсер етеді.
– Ана – өмірдің бастауы. Бәріміз де анадан тудық. Әйелді сыйлау ең алдымен ананы құрметтеуден басталады. Сондықтан жарын тұқыртып, қол көтеретін ер азаматтарды түсінбеймін. Отбасында қыз-келіншектер, балалар зорлық-зомбылық көрмеуі тиіс. Келін – күң емес. Керісінше, отбасына енген бақыт, берекенің бастауы. Сондықтан ұрпақ жалғастырушы келінге отбасында орынды құрмет көрсетілуі керек. Ол да біреудің қызы, қарындасы. Бірақ әйел күйеуінен бір саты төмен тұратынын ұмытпауы керек, – деді қала тұрғыны Әділ Шұғаев.
“Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан” дегендей ата-бабамыз келешек ұрпағының тағдырын келіннің жақсы-жаман қасиеттерімен өлшеген. Ұрпақ жалғастырушы келінді жөнсіз тұқыртып, сөкпеген. Керісінше, ықылым заманнан хан да, қара да, ел ағалары мен билік басындағы азаматтар әйелдің даналығына, ақылына жүгінген. Оған тарих куә. Өз заманында елді түрлі нәубеттен алып қалған Бопай ханша, Жиренше шешеннің жары Қарашаш, Домалақ ана, Абайдай алыпты тәрбиелеген Зере мен Ұлжандай келіндердің, ел аналарының қоғамдағы орны қандай еді?
– Мен 16 жасымда тұрмысқа шықтым. Ата-енемізбен бірге тұрдық. Ол кезде бірден бөлек шығу деген болған жоқ. Жолдасым үйдің тұңғышы болатын. Қайын інілерім мен сіңлілерімнің тәрбиесі, үйдің барлық шаруасы маған артылды. Кейін өзім де ана атандым. Ол кезде келіндерде қазіргідей еркіндік жоқ. Ененің айтқаны заң болатын. Не айтса, соны істеп, ешқашан сөз қайтарған емеспін. Сол үшін енемнің ризашылығына бөленіп, ақ батасын алдым. Әрине, отбасында ұрыс-керіс, түсінбеушілік болады. Таршылықты, жоқшылықты көп көргендіктен, қазіргі келіндерге қандай қиындық орын алса да шыдау керек екенін айтып отырамын. Дүние – қолдың кірі. Бүгін – бар, ертең – жоқ. Бірақ сыйластық пен құрмет мәңгілік, – деген көпті көрген кейуана Ырысжан Нұрғалиева бүгінде кейбір келіндердің басынан сөз асырғысы келмейтінін, ененің айтқан ақылына құлақ түрмейтінін сынға алды.
“Жібекті түте алмаған жүн етеді, әйелді күте алмаған күң етеді” демекші отбасында әйелге, келінге құрмет қандай болса, отбасының береке-бірлігі сонымен өлшенеді. Әрине, босаға аттаған келіннің барлығы білімді, тәрбиелі, өнегелі дей алмаймыз. Адам аласы ішінде ғой. Сыйластық, ізет көрсетудің орнына беттен алып, төске шабатын келіндер де жоқ емес. Ал ұлттық танымымызда ене мен келін арасындағы сыйластық ерекше орын алады. Салт-дәстүрді насихаттаушы Зейнеп Ахметова: “Кез келген әйелдің қолынан ене болу келеді, ана болуға тырысу керек. Әрине, өзінің туған анасындай болмайсың. Бірақ сен солай болуға тырыс. Өйткені ол енді сенің әулетіңді көбейтеді, ары қарай сенің ісіңді жалғастырады, сенің отыңды жағады, сенің қазаныңды ұстайды. Олай болса, бұл жерде келіннің рөлі деген өте үлкен. Ертеректе келін от жаққан. Мұның өзінде үлкен мән бар. Неге отты келінге тапсырды? Ол жай ғана қарапайым жұмыс емес. “От бар жерде – өмір бар”, – дейді. Сондықтан күнделікті тұрмыста, бала тәрбиесінде қыз-келіншектерге енелерінің бағыт-бағдары керек-ақ. Бірақ кейбір кыз-келіншектер енелері тарапынан қолдау көрмей, керісінше тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады. Біріккен ұлттар ұйымының 2017 жылғы мәліметтері бойынша әлемдегі әр үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Ал жыл басынан бері облыста 1100 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналып, 1069 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл әйелдің емес, еркектің әлсіздігін айғақтайды.
Қазір біздің қоғамда қыз-келіншектерге білім алуға, жұмыс істеп, ел өміріне араласуға барлық мүмкіндік бар. Десе де көп жағдайда қыз-келіншектер отбасындағы берекені сақтау үшін үйдегі ұрыс-керісті сыртқа шығармауға тырысады. Қорлыққа да шыдайды. Қорғансыз әйелдің құқығы қашанға дейін таптала бермек?
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.