“Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер” дегендей, қыздардың іске икемді, ақылына көркі сай болып бойжетуі анасының берген тәрбиесіне байланысты. Сол себепті кез келген ана қыздарының қол қусырып отыруын жат санап, оны әлімсақтан еңбекке баулыған. Қолы қалт етсе, ине ұстатып, іс тігуге бейімдеген. Көпбалалы ана, “Алтын алқа” иегері Мәриям Ағыбаева да тігіншілікті анасынан үйренгенін айтады.
Мәриям Болатқызы 1937 жылы Айыртау ауданындағы Ақан сері (бұрынғы Кеңащы) ауылында дүниеге келді. Әкесі Ұлы Отан соғысы басталысымен майданға алынып, хабар-ошарсыз кетеді. Әкесінен ерте көз жазып қалған Мәриям анасы Бәдишаның үйретуімен ес білгелі ине-жіпті жанына серік етті, құрақ құрауды, киім тігуді үйренді. Оның тұрмысқа қажетті құрақ және жамылатын көрпе, жастық, әсіресе, сіңлілеріне әдемі көйлек тігіп беруге қолы икемді болды. Жарамсыз маталардан белдемше, көйлек тігіп, анасын қуантқаны әлі есінде.
– Сегіз жасымнан бастап анам осы іске баулыды. Ол тігіншілік – текті өнер екенін айтып, қолдау білдірді. Анамның айтқаны айдай келді. Он екі жасымда маған анам алғаш тігін машинасын сатып әперді. Содан бері ауылдағы қыз-келіншектерге көйлек тігуді әдетке айналдырдым. Халқымыз ежелден “Қол өнері – кілемде” деп қолөнерге ерекше мән берген ғой. Бүгінде тігіншілік кең өріс алып отыр. Қолөнерге құрмет артпаса, еш кеміген жоқ, – дейді ол.
Жасы егде тартса да тігіншіліктен қол үзген жоқ. Қолы босаса, тігін машинасын ермек етеді. Өз ісінің шебері өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп, білгенін жастарға үйретуде. Ауыл тұрғындарының арасында аты мәлім, абыройы асқақ. Ақан сері, Саумалкөл сияқты ауылдарда ісмердің қолынан шыққан тамаша туындыларға сұраныс жоғары. Кез келген адамның көңілін қалдырмай, айтқанын бұлжытпай орындайтын шебердің жасаған бұйымдары көздің жауын алады.
Бүгінде елімізде жеңіл өнеркәсіп кең қанат жаюда. Ұлттық нақыштағы киімдерден отандық бренд қалыптасуда. Сондай ілкімді істерде Мәриям Ағыбаеваның да үлесі бар. Ол құрақ құраудан басқа бесік жабдығы, қалта тігу, шымылдық жасауда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған. Әсіресе, қыз жасауын дайындауда алдына жан салмайды әрі оған жауапкершілікпен қарайды. Шебердің айтуынша, құрақ құрау оңай шаруа емес.
Көз майын тауысып, тігіншілікпен айналасып келе жатқан шеберге бүгінде балалары, немерелері және келіндері қолдау білдіруде. Олар аналарын қажетті заттармен қамтамасыз етуде.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.