Тайынша ауданындағы Драгомировка ауылының тұрғыны, әулеттің алтын діңгегі – Райхан Сердалинова тоқсанның тұғырына қонып, шаңырағын шаттыққа бөлеуде.
Райхан Нұрқожақызы өмірдің талай қиын кезеңдерін бастан өткізді. Қиындыққа жасымай, қуанышқа тасымай, кісілік пен кішілік келбетіне сызат түсірмеген кейуана ағайын-туыстың ортасында сыйлы. Көңілі баладай, құшағы даладай қарияға ауыл-аймақ, көрші-қолаңның да құрметі ерекше. Жастайынан шаруаға пысық Райхан әжей тағдырдың жазуымен еңбекке ерте араласты. Өйткені балдәурен балалық шағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Өзі қатарлас балалармен кеңшарда бел жазбай жұмыс істеді. Жазда егіннің арам шөбін жұлса, күзде орақ науқанына қатысты. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандағы жауынгерлерге қолғап тоқып жіберіп отырған.
Әкесі Нұрқожа өте білімді және діни сауатты адам болыпты. Ол 1944 жылы қаза тауып, отбасын қайғының қара бұлты торлайды. Сүйікті жар, ардақты әкеден айрылу оңай емес. Отбасының барлық ауыртпалығы анасы Сапураға артылды. Жеті баламен жесір қалған келіншек әбден тіршілік тауқыметін тартқан екен. Сол кезде тұңғышы Райхан ерте есейіп, анасына қолғабыс етті. Үйдің үлкені бауырларына қамқор болды. Оқу оқып, білім алғысы келсе де, мүмкіндік болмады. Кейін тұрмысқа шығып, жары Антай Сердалинов екеуі 7 ұл, 2 қызды тәрбиелеп, бір шаңырақ астында 60 жыл тату-тәтті өмір сүрді. Өкінішке қарай, жұбайы да осыдан он екі жыл бұрын келместің кемесіне мініп кетті.
Бұл әулет көп жыл Ресейде тұрды. Еліміз егемендік алғаннан кейін Отанға оралды. 1992 жылы Ресейден 30 шақты отбасы Тайынша ауданындағы Нагорное, Черниговка ауылдарына қоныстанады. Сердалиновтердің таңдауы Драгомировка ауылына түсті. Кейінгі ұрпақ осы жерде өсіп-өнді. Бүгінде Райхан әжейдің балалары ананың ақ тілеуімен биік белестерге қол жеткізіп, елге абыройлы қызмет етіп жүр. Ұлы Мағжан Антайұлы ауылдағы орта мектепке мұғалім, мектеп директоры, кейін бірталай жыл ауылдық округтің әкімі болды.
Бүгінгі таңда ақылгөй қария балаларының ортасында бақытқа бөленуде. Ұрпағынан өрбіген 24 немере мен 35 шөберенің қуанышын қызықтап, кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетуде. Көзі ашық, көкірегі ояу қария елімізде орын алған өзгерістер мен қоғамның тыныс-тіршілігінен әркез хабардар. Күнделікті теледидардан жаңалық тыңдап, газет-журнал оқуды әдетке айналдырған.
“Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Біріншісі – қайырымды ісі, екіншісі – мейірімге толы сөзі” деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, қолы ашық, мейірімді Райхан Нұрқожақызы әрқашан өнегелі іс тындыруға асық. Өзі де “жағдайы жоққа қол ұшын созып, зекет беру – кез келген пенденің міндеті болу керек”, – дейді. Кейінгі ұрпаққа өсиеті мен өнегесін айтып отыратын әжейдің ақ батасын алу үшін келетіндер аз емес. Соңғы кезде денсаулығы сыр бергені болмаса, қазына кеуде бүгінгі күнге дән риза. Ол үшін ең бастысы елдің тыныштығы мен ұрпағының амандығы.
Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ.
Тайынша ауданы.