«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗЫНА КЕУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша ауданындағы Драгомировка ауылының тұрғы­ны, әулеттің алтын діңгегі – Райхан Сердалинова тоқ­сан­ның тұғырына қонып, шаңырағын шаттыққа бөлеуде.

Райхан Нұрқожақызы өмірдің талай қиын кезеңдерін бастан өт­кізді. Қиындыққа жасымай, қуа­нышқа тасымай, кісілік пен кішілік келбетіне сызат түсірмеген кей­уана ағайын-туыстың ортасында сыйлы. Көңілі баладай, құшағы да­ладай қарияға ауыл-аймақ, көрші-қолаңның да құрметі ерек­ше. Жастайынан шаруаға пысық Райхан әжей тағдырдың жазуы­мен еңбекке ерте араласты. Өйт­кені балдәурен балалық шағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс кел­ді. Өзі қатарлас балалармен кең­шарда бел жазбай жұмыс істеді. Жазда егіннің арам шөбін жұлса, күзде орақ науқанына қатысты. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарын­да майдандағы жауынгерлерге қолғап тоқып жіберіп отырған.

Әкесі Нұрқожа өте білімді жә­не діни сауатты адам болыпты. Ол 1944 жылы қаза тауып, от­ба­сын қайғының қара бұлты тор­лайды. Сүйікті жар, ардақты әке­ден айрылу оңай емес. Отбасы­ның барлық ауыртпалығы анасы Сапураға артылды. Жеті бала­мен жесір қалған келіншек әбден тіршілік тауқыметін тартқан екен. Сол кезде тұңғышы Райхан ерте есейіп, анасына қолғабыс етті. Үй­дің үлкені бауырларына қамқор болды. Оқу оқып, білім алғысы кел­се де, мүмкіндік болмады. Ке­йін тұрмысқа шығып, жары Антай Сердалинов екеуі 7 ұл, 2 қызды тәрбиелеп, бір шаңырақ астында 60 жыл тату-тәтті өмір сүрді. Өкі­нішке қарай, жұбайы да осыдан он екі жыл бұрын келместің ке­месіне мініп кетті.

Бұл әулет көп жыл Ресейде тұрды. Еліміз егемендік алғаннан кейін Отанға оралды. 1992 жылы Ресейден 30 шақты отбасы Та­йынша ауданындағы Нагорное, Черниговка ауылдарына қоныс­танады. Сердалиновтердің таң­дауы Драгомировка ауылына түс­ті. Кейінгі ұрпақ осы жерде өсіп-өн­ді. Бүгінде Райхан әжейдің ба­лалары ананың ақ тілеуімен биік белестерге қол жеткізіп, елге абы­ройлы қызмет етіп жүр. Ұлы Мағ­жан Антайұлы ауылдағы орта мек­тепке мұғалім, мектеп дирек­торы, кейін бірталай жыл ауыл­дық округтің әкімі болды.

Бүгінгі таңда ақылгөй қария ба­лаларының ортасында бақытқа бөленуде. Ұрпағынан өрбіген 24 немере мен 35 шөберенің қуа­нышын қызықтап, кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетуде. Көзі ашық, көкірегі ояу қария елімізде орын алған өзгерістер мен қоғамның тыныс-тіршілігінен әркез хабар­дар. Күнделікті теледидардан жа­ңалық тыңдап, газет-журнал оқу­ды әдетке айналдырған.

“Адам екі нәрсе арқылы қар­таймайды. Біріншісі – қайырым­ды ісі, екіншісі – мейірімге толы сөзі” деп Жүсіп Баласағұн айт­пақшы, қолы ашық, мейірімді Рай­хан Нұрқожақызы әрқашан өне­гелі іс тындыруға асық. Өзі де “жағ­дайы жоққа қол ұшын созып, зекет беру – кез келген пенденің міндеті болу керек”, – дейді. Ке­йінгі ұрпаққа өсиеті мен өнегесін айтып отыратын әжейдің ақ ба­тасын алу үшін келетіндер аз емес. Соңғы кезде денсаулығы сыр бергені болмаса, қазына кеу­де бүгінгі күнге дән риза. Ол үшін ең бастысы елдің тыныштығы мен ұрпағының амандығы.

Гүл ЖАМАШҚЫЗЫ.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp