«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМШӨП БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл маусым-шілде айларындағы құрғақшылықты сылтау етіп, шөп бағасын қымбаттатып жібергендер кездесті. Мал азығының бағасын тұрақтандыру мақсатында Есіл ауданының орталығы Явленка елді мекенінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, жергілікті диқандармен кездесті.

Бүгінгі таңда облыста 655 мыңнан астам мал бар. Олардың қыстап шығуы үшін қазір 467 мың тонна шөп шабылған. Бұл – жоспардың 55 пайызы. Кәсіпкерлердің шөп бағасын шарықтатып жібермеуі үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өңіріміздің әр ауданында жиі өткізілетін болады. Мақсат – қарапайым халықтың қысқа қамдануына мүмкіншілік жасау. Мәселен, Явленкада өткен жәрмеңкеге 60 тонна шөп, 20 тонна жем және 25 текше метр отын жеткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, олардың басым бөлігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға төмен бағамен сатылады.

Жәрмеңкеге келіп, жергілікті аграрийлермен тілдескен Құмар Ақсақалов биыл облыс тұрғындары жемшөптен таршылық көрмеуі керектігін айтып, мал азығының бағасын көтермеуді тапсырды.

– Шөп былтырғы бағамен сатылуы керек деп санаймын. Біз барлық шаруа қожалықтарының шығынын есептей келе, шөптің тоннасын 15 мың теңгеден саудалау керек деген шешімге келдік, – деді Құмар Іргебайұлы.

Отынның текше метрі де былтырғыға қарағанда 500-700 теңгеге қымбаттаған. “Есильское” орман шаруашылығының директоры Валерий Соколовский атап өткендей, отынның бағасы тасымалдау қашықтығына қарай әртүрлі. Өйткені жанармай бағасы есепке алынады. Мысалы, жақын маңдағы ауылдардан тапсырыс түссе, оларға арзан, ал шалғай елді мекендерге қымбаттау бағамен жеткізіледі.

Өңір басшысы отын бағасын тұрақтандыру керектігін айтып, бұл мәселені өз бақылауына алатындығын жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта орман алқаптарын ағаштан түрлі өнім жасайтын кәсіпкерлерге беру қажеттігін баса айтты.

Іссапар барысында өңір басшысы Бұлақ ауылына ат басын тіреп, тұрғындармен кездесті. Явленкадан 85 шақырым қашықтықта орналасқан бұл елді мекен әлеуеті жоғары ауылдардың қатарына кіреді. Өйткені мұнда бірнеше серіктестік, алтын өндіретін кен орны бар. Бірақ соған қарамастан жергілікті тұрғындар ауызсуға зәру. Ауылдықтардың бұйымтайларын тыңдаған Құмар Ақсақалов келесі жылы 908 млн. теңгеге ауыл ішіне су құбырларын тарту жұмысы басталатынын жеткізді. Бұл жұмысты 2022 жылдың аяғына дейін тамамдау жоспарланған.

Ауыл тұрғындарын әбігерге салған тағы бір мәселе – елді мекенге апаратын ұзындығы 4 шақырымды құрайтын жолдың сапасы. Ойдым-ойдым жолмен жүру оңай емес. Ал жаңбыр жауса ауылдан шығу тіпті қиын. Өңір басшысы бұл мәселе де келесі жылы шешімін табатынына уәде берді.

Облыс әкімі 70-тен астам бала білім алып жатқан мектеп ғимаратын аралап, келер жылы оның жөнделетінін айтты. Содан соң жергілікті медициналық пунктке кіріп, мейірбикелермен тілдесті. Алдағы уақытта ауылға жаңа фельдшерлік-акушерлік орталық салынатынын жеткізді. Бұдан бөлек, Құмар Іргебайұлы елді мекен маңындағы кен орнына да барды. Алтын өндіріп жатқан “Әулие Голд Майнинг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 93 адамды жұмыспен қамтыған. Алдағы уақытта серіктестік басшылығы өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp