Мемлекеттік қызметкерлердің беделі мен мәртебесін арттыру, жағымды имиджін қалыптастыру ережелері Әдеп кодексінде жан-жақты айқындалған. Бұл үрдіс атқарушы биліктің ұстанған саясатымен өзара тығыз байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында мемлекеттік қызмет жүйесін қайта құру талабын қойды. Мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетіп, үнемделген қаражаттың есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көбейтуді тапсырды. Шынында да, еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп. Бұл мәселеге жете көңіл аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан айырылуға, ақыры жемқорлыққа әкеліп соқтыратыны күнделікті өмірде аз кездеспейді. Мемлекет басшысы кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар қажеттігіне ерекше назар аударды. Бұл орайда кәсіби және этикалық нормалардың құлдырауына жол бермеу, сабақтастық пен институционалдық дәстүрдің сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды.
Әдетте, жұртшылық арасында бірінші кезекте мемлекеттік қызметшінің адалдығы маңызды ма, әлде жалақысы ма деген сұрақ жиі туындайды. Кейбіреулер мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын қанша көтерсе де бәрібір адал болмайды деген пікір айтар. Бұл – тек қосымша шығын. Бәрібір өзгермеген күйі қала береді деген түсінік басым. Екінші тарап мемлекеттік қызметшілерге қалыпты әлеуметтік жағдай жасалмаса адалдықтың ала жібін аттауға өзіміз итермелеген болып шығамыз деген ұстанымда. Сондықтан мемлекеттік аппараттың жаңартылуы шеңберінде еңбекақы төлеу жүйесін өзгертудің, мемлекеттік аппаратты барынша ықшамдаудың мәні айрықша. Саяси саладағы қарышты қадамдардың бірі “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құру болып табылады. Бұл – билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог, сындарлы үнқату деген сөз. Өзара сенім, бірлік, түсіністік орнаған кезде ғана демократиялық жаңғыру сәтті жалғасып, тұтас мемлекеттің тиімділігі артады. Осындай іргелі шаралардың бел ортасында мемлекеттік қызметкерлерді жиі көруге болады. Былтыр мемлекеттік шенеуніктердің санын – 10 пайызға, биыл 15 пайызға, осылайша 25 пайызға қысқарту ұсынылды. Өңірлерде еңбекақы төлеу өте төмен деңгейде екені жасырын емес. Тіпті елорданың өзінде қарапайым мемлекеттік органдарда 100-150 мың теңге ғана. 200, 300, 500 мың теңге жалақы алатындардың үлесі мүлдем мардымсыз. “Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді” демекші, бірер шенеуніктің жемқорлық әрекетіне қарап бәрін “ұры” деп жазғырып жататындар да арамызда аз емес. Мемлекеттік қызметшілерге де қоғамның өзге өкілдері сияқты қарапайымдылық, мәдениеттілік, парасаттылық, кішіпейілділік тән. Елден ерекшелендіретіні – осы қасиеттер.
Бүгінде облыс әкімдігі қызметкерлерінің 85 пайызының еңбекақысы 90-150 мың теңге аралығында. Аудандар мен ауылдық округтерде бұл көрсеткіш тіпті төмен. Соған қарамастан қоғам дамуының басты күші ретінде атқарып жатқан жұмыстары сан-салалы. Өкінішке қарай, араларында сыбайлас жемқорлыққа ұрынып, Әдеп кодексіне кереғар әрекеттерге баратындар кездесіп қалады. Уәкілетті органдардың басты міндеті – қоғам мен мемлекет қызметінің барлық салаларында кездесетін сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы алдын алу жұмыстарын жүйелі, кешенді түрде жүргізу, ымырасыз жалғастыру. Қалай десек те, мемлекеттік қызметкерлердің жасаған қылмыстарының саны басқа санаттағы азаматтардың жасаған қылмыстарының санымен салыстырғанда барынша аз екеніне сенімдімін. Мемлекеттік қызметкерлер – халық қызметшісі, сенімнен шығу – олар үшін ар алдындағы сын. Кейде әлеуметтік желілерде мемлекеттің экономикалық-ұйымдастырушылық және әлеуметтік қызметін, қоғамдық тәртіпті сақтау және адам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерге қатысты дөрекі, ашулы пікірлерді оқығаннан кейін: “Өзіңіз қоғам үшін қандай пайдалы жұмыс істедіңіз?” – деген сұрақ еріксіз туындайды. Мемлекеттік қызмет – жауапкершілік жүгі ауыр, талабы өте жоғары мансап. Қоғамның барлық салаларында өз ісіне адал белсенді қызметкерлер жетіп артылады. Еліміздің халықаралық аренадағы беделі мен мәртебесін көтеру жолында уақытпен санаспай еңбек етіп жүргендері қаншама!
Биыл шілде айында Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметкерге қойылатын шарт-талаптар негізінде облыс әкімінің аппараты мен барлық мемлекеттік органдарда жасырын сауалнама жүргізілді. Ондағы мақсат – ұжымдағы ең үздік мемлекеттік қызметкерді анықтау. Әдеттегі ресми конкурс түрінде емес, жұмыстағы әріптестерінің, оның ішінде мемлекеттік орган басшылығының құпия дауыс беруі арқылы ұйымдастырылды. Сауалнама нәтижесі біз күткендегідей болды. Облыс әкімінің аппаратында Ольга Синякова, Рүстем Байжанов, Анатолий Тарахтун “Үздік мемлекеттік қызметкер” атанса, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасында Адик Шәкенов, ішкі саясат басқармасында Гүлмира Садырова, денсаулық сақтау басқармасында Нұрболат Иманжанов ең көп дауыс жинады. Басқа құрылымдар бойынша да үздіктер анықталды. Мемлекеттік орган басшыларына, кадр қызметіне үздіктерді жоғары лауазымға конкурстан тыс негізде ауыстыру, басқа да жеңілдіктер қарастыру ұсынылды.
Сейілхан СЕРІКБАЕВ,
облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі.