Тағам – біздің ағзамызға қорек пен күш-қуат беретін негізгі энергия көзі. Сондықтан аналар сәбиі алты айға толысымен кеуде сүтімен қоса, нәрестеге қосымша тағамдар бере бастайды. Жалпы қазақтың дәстүрі мен мәдениетінде тамақтану әдебі ерекше орын алады. Халқымыз дастарқан басына ең алдымен әулеттің үлкендерін шақырған. Төрге жайғасқан қарттар астан ауыз тиген соң ғана отбасының басқа мүшелері ауқаттана бастаған. Ата-әжелеріміз немерелерін жандарына жайғастырып, тағамның ең дәруменге бай түрін олардың алдарына тосқан. Бұл дәстүр бүгінге дейін үзілмей жалғасып келеді.
Отбасында ересектердің дастарқан басында барынша үлгі көрсетіп, тәртіпке сай тамақтануы қай кезде де маңызын жойған емес. Өйткені ата-анасы дұрыс тамақтанатын балалар өсе келе өздері де ұяда көргендерін істейді. Жастайынан дастарқан басында жақсы қылықтар мен әрекеттерді бойына сіңірген жеткіншектер көзге оғаш көрінетін іс-әрекеттерді қабылдамайтын болады. Сондықтан баласының дұрыс тамақтанғанын қалайтын ата-ана, алдымен шаруаны өздерінен бастағандары жөн. Көп жағдайда, отбасымызда ата-әжелеріміз әңгіме бастамайынша, өзгелері артық сөйлемей, әдеп сақтайды. Бұл бүлдіршіндерге жақсы үлгі. Ал ересектер тіпті ас ішіп отырып теледидар қараса, балалар дастарқан басындағы мұндай әдеттерді жақсы дағды ретінде қабылдай бастайды. Асты асықпай ішу, ауыздағы тағамды байыппен шайнау, төкпей-шашпай жеу арқылы да әке-шеше үлгі көрсете алады.
Шыны керек, кейде “Жаман адамнан жарты аяқ ас қалады” деп балаға ұрсып, күштеп бар тағамын тауыстыруға тырысып жатамыз. Тамақты тауысып жеуі үшін оларға асты дене бітіміне қарай шағындау, кішірек ыдысқа салып берген дұрыс. Балаңыз бір қасық асты артығымен ішпесе, аш қалмайтынын ескеріңіз. Оның ағзасындағы зат алмасудың жақсы болуы – әлдеқайда маңызды. Қазір өзіміз көріп жүргендей артық салмақ тек ересектерге ғана тән емес, балалар арасында да жиі орын алуда. Ата-ана дені сау ұрпақ тәрбиелеуі үшін алдымен баланың денсаулығына назар аударуы керек деп ойлаймын. Сондықтан үйдегі ұл-қыздың тоя тамақ жеуін тежеген абзал. Әсіресе ағзаға зиян газдалған сусындарды, тез дайындалатын тағамдарды тұтынудан аулақ болған жөн. Көпбалалы ана ретінде балаларыма зиянды тағамнан бас тарту қажет екенін айтып отырамын.
Үлкендер балаға тамақтан кейінгі әрекеттерді де айтып түсіндіруі қажет. Дастарқаннан тұрған соң қимыл-қозғалыс жасаудың, серуендеп, дене жазудың маңыздылығын үйреткен жөн.
Самал ДАИРШИНА.