«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АШТЫҚ ЖӘНЕ АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Азамат соғысынан берекесі кетіп, күйреген Ресейдің халық ша­руашылығын аяғынан тұрғызу қиын болды. Орталықтағы өнді­ріс­тік аймақтарда азық-түлік тап­шылығы асқына түсті. Сондықтан Қазақстан сияқты қиыр аймақтағы астық пен мал күшпен жиналды. Сақталған құжаттарға қарағанда, 1920 жылы Петропавл станциясы арқылы ор­та­лықтағы өнеркәсіп аймақтары­на 2 408 738 пұт астық, 3 119 пұт кар­топ, 28 144 бас ірі қа­ра мен 48 679 қой, 168 мың пұт ет жөнелтілген. Малынан, асты­ғы­нан айырылған ха­лықтың ертеңгі күні қараң. Ақ­мола губерниясын­дағы қазақ ауыл­дарының жағда­йы қиын еке­ні ерте-ақ байқалған бо­латын. 

КазЦИК-тің саяси хат­шысы Мұх­тар Әуезовтің орасан қуат жұм­сап, мемлекеттік деңгей­де қа­был­данған шешімінің нәти­жесінде Орын­бордан губерния­ларға өкіл­дер шықты. 1922 жылғы мамыр­дың басында Мұхтар Әуе­зов Се­мейге жүріп кетті. Мамыр­дың 5-сі күні Ақмола губерния­сы­ның орта­лығы Қызылжарға Қия­қов өкіл болып келді. Сол күні аш­тыққа қар­сы күрес жөнінде гу­берниялық тө­тенше комиссияның мәжілісі бол­ды. Мәжілісте уездер бойын­ша қалыптасқан жағдай сараланды. Көкшетау, Атбасар, Петропавл уез­дерінде, Атбасар мен Ақмола қа­лалары маңайында орналасқан қазақ ауылдарының қиын жағ­да­йы көрсетілді. Қабыл­данған қау­лының 5-ші бабында аштықпен күрес комиссиясының құрамына жергілікті қазақтардан адам кіргізу туралы ұсыныс ен­гізілген. Бұл ұсыныс қабыл алы­нып, Мағжан Жұмабаев аштыққа қарсы күрес комиссиясы төраға­сының орын­басары болып бекіті­леді.

Мағжан “Мир труда” газетіне ма­қала жазып, қазақ даласын­дағы аштықтың тұтас ұлтқа қатер төндіріп отырғанын көрсетіп, ащы шындықты жайып тастайды. “Өң­сіз-түссіз, өңінен қаны қашқан тірі аруақтар шетсіз-шексіз далаға қаң­ғып кетті, олар саршұнақ аулап, әлі біткен жерде құлап жатыр, сол саршұнақтарға өздері де жем бо­лу­да. Тамақты таңдап, талғап іше­тін қазақ малдан жұрдай болып, өлексеге таласуда. Бірінің етін бірі жеуден тайынбайды. Аранын аш­қан аштық ақырын жылжып, біздің губернияның шебіне кірді”, – деп жазды.

Аштықпен күрес жөніндегі тө­тен­ше комиссияның 1922 жылғы 23 маусым күнгі мәжілісінде Мағ­жан сөз сөйлейді: “Петропавл те­мір­жол станциясында 1500 аш-арық жүр, олар елдеріне қайт­қысы келеді. Осыларды қосқанда таяу арада 5000 адамды қайтару керек. Олардың құжаттарын тек­серу жөнінде сөз қозғалмасын”.

Мағжан Жұмабаевқа аштарға көмектесу жөнінде жұртшылық ара­сында үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу үшін қазақ қызметкер­ле­рін, ақсақалдарды пайдалану құ­қы беріледі. Сол күні М.Жұмабаев пен Қияқов Петропавлдан Көкше­тау­ға қарай салт атпен шығып кетеді. Қазақ ауылдарын 50 күн бойы аралап, жағдаймен таны­сып, аштарға көмек көрсету жөнін­де нақты шараларды ұйымдас­тырады.

Бұл сапардағы жұмыстары жө­нінде Мағжан Жұмабаев орыс ті­лінде арнайы есеп-баяндама жа­сап тапсырған. Бұл – Мағжанның осы қызметтегі аты аталатын жә­не Петропавлда жазған соңғы құ­жат. Кейін жазықсыз жала ар­қа­лаған ақын туған жерін тастап, бас сауғалауға мәжбүр болған. Алаш қайраткерлері жиналып жатқан Ташкенттен пана іздеп, Челябі қа­ласы арқылы жасырын жүріп кеткен.

Мағжан Жұмабаевтың ақ қа­ғаз­ға қара сиямен орысша жазған сол баяндамасының мәтінін қа­зақ­шалап толық ұсынуды жөн көр­дік. “Шілденің 1-күні Қияқов жол­дас екеуміз Петропавлдан атта­нып кеттік. Маған Көкшетау және Петропавл уездеріндегі қазақ ауыл­дарын аралап, аштыққа ұшы­раған қазақтар үшін малы бар ай­мақтардан азық-түлік жинап, та­ра­ту және Көкшетау уездік аш­тар­ға көмек комиссиясының жұмы­сын жолға қою тапсырылған бола­тын.

Шілденің 9-ы күні Көкшетауға келдік. Қияқов жолдас сол жерден Атбасар арқылы Ақмолаға жүріп кетті. 14 шілде күні Көкшетауда ке­зектен тыс жалпы жиналыс өткі­зіп, жағдайды талқыладық. Қазақ ауылдарынан аштарға арнап жы­лу жинауға шұғыл кірісу тура­лы қау­лы алынды. Әрбір әкімшілік ауылдан 1 ірі қарадан жинап, жи­налған мал мен азық-түліктің үш­тен бір бөлігін Петропавлға, гу­берниялық комиссияның құзыры­на жіберу, қалған үштен екі бөлігін сол жердегі аштарға үлестіріп бе­ру ұйғарылды. Сондай-ақ Көк­шетау қаласында жетім қалған қа­зақ балалары үшін арнайы меке­ме ұйымдастыру келісілді.

16 шілде күні жер-жердегі жағ­дайлармен танысу үшін және аш-арықтарға көмек жасау үшін Шұң­ғыршы, Қарашы, Мезгіл және Айыр­тау болыстарына жүріп кет­тім. Бұл аталған болыстардағы жағ­дай, шынында, жан шошыр­лық екен. Халықтың 90 проценті да­ла кезіп, жидек теріп, қорек­те­ну­де. Аштықтан дертке ұшыраған көп адамдарды көрдім. Аталған болыстарда 10-11 күндей жүріп, аш­тарға көмек көрсетуге күш сал­дым. Бес сиыры мен жылқысы бар­лардың бір малын алып, малы жоқтарға таратып, уақытша, қыс­қа дейін сауып, жүрек жалғайтын­дай жасадым.

Реті келіп тұрғанда, көрсетпе­сем болмайды, аштыққа ұшыра­ған отбасыларға салынған май салығы оларды мүлде тұралатып кетіпті. Мысалы, он жаны бар от­басы жалғыз сиырға қарап отырса да, салық түрінде май өткізуге міндеттелген, сөйтіп жаңағы он адам қайыршылыққа ұшыраған.

Аштарға азық үлестіріп, шіл­де­нің аяғына қарай Көкшетауға кел­дім де, уездік комиссияның мү­ше­сі Айтқожин жолдасты ертіп, аш­тыққа ұшырай қоймаған шығыс өңірге аттанып кеттім. Көкшетау жә­не Қотыркөл болыстарында бол­дым, жұртшылық аштарға кө­мек көрсету жөнінде менің сөзде­ріме қалтқысыз құлақ түрді. Осы екі болыстың халқы жылу ретінде ірілі-уақты жетпіс мал берді, жүз елу дана мал терісін жинады.

Укомпомголдың қаулысына сәйкес, жиналған малдың үштен екі бөлігін Көкшетауға жеткізіп, аш­тыққа ұшыраған батыс болыстар­ға тарату және қалған үштен бір бөлігін Петропавлға айдап әкелу жөнінде Айтқожинға тапсырма бер­дім, бұл мал таяуда келіп те қалар. Айтқожин менің жұмсауым­мен Ақсары, Жауар және Шығыс болыстарына жүріп кеткен. Сол жақтан мал жинап, Көкшетау мен Петропавлға жібереді.

Петропавлға қайтар жолда губпомгол өкілі Жақыпов жолдас­пен бірге Петропавл уезінің Жа­мантұз және Тереңкөл болыста­рын­да болдым. Бұл болыстардың халқы аштыққа жартылай ұшыра­ған. Дегенмен аз-кем малы бар­лар менің айтқанымды екі етпей, аштарға көмек көрсетуде.

Тайынша болысынан 20 ірі қа­ра мен 20 тері (мал терісі-шикі­зат ретінде емес, аштарға қорек-азық ретінде тұтынуға жиналған.-З.Т.), Жамантұз болысынан 20 ірі қара және 25 тері, Тұран болысынан 7 ірі қара мен 5 тері жиналды. Менің нұсқауыммен Жақыпов жолдас бұл малдардың бәрін болыстық атқару комитетімен келісе оты­рып, аш-арықтарға таратып берді. Петропавл уезіндегі 4 болыста мал жинау 15 тамызда аяқталды.

17-тамыз күні Петропавл қала­сына келдім.

Аштарға көмек жөніндегі гу­бер­ниялық төтенше комиссия төр­ағасының орынбасары М.Жұма­баев.

Петропавл қаласы,

1922 жылғы 20 тамыз”.

Мағжан Жұмабаевтың бұл баяндамасы бір жарым айға жуық қаралмай жатып, 1922 жылғы 13 қазанда ашыққандарға көмек ко­миссиясы мәжілісінің күн тәрті­бі­не енгізіледі. Бұл жиналысқа Мағ­жанның өзі қатыспаған. Бір анығы – сол күні аштықпен күрес жөнін­дегі төтенше комиссия басқаша құ­рылып, “Аштықтың зардаптарын жою жөніндегі комиссия” болып аталған. Бірақ жаңа комиссияның құрамында Мағжан Жұмабаев жоқ еді.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан

университетінің профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі

Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp