Азамат соғысынан берекесі кетіп, күйреген Ресейдің халық шаруашылығын аяғынан тұрғызу қиын болды. Орталықтағы өндірістік аймақтарда азық-түлік тапшылығы асқына түсті. Сондықтан Қазақстан сияқты қиыр аймақтағы астық пен мал күшпен жиналды. Сақталған құжаттарға қарағанда, 1920 жылы Петропавл станциясы арқылы орталықтағы өнеркәсіп аймақтарына 2 408 738 пұт астық, 3 119 пұт картоп, 28 144 бас ірі қара мен 48 679 қой, 168 мың пұт ет жөнелтілген. Малынан, астығынан айырылған халықтың ертеңгі күні қараң. Ақмола губерниясындағы қазақ ауылдарының жағдайы қиын екені ерте-ақ байқалған болатын.
КазЦИК-тің саяси хатшысы Мұхтар Әуезовтің орасан қуат жұмсап, мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімінің нәтижесінде Орынбордан губернияларға өкілдер шықты. 1922 жылғы мамырдың басында Мұхтар Әуезов Семейге жүріп кетті. Мамырдың 5-сі күні Ақмола губерниясының орталығы Қызылжарға Қияқов өкіл болып келді. Сол күні аштыққа қарсы күрес жөнінде губерниялық төтенше комиссияның мәжілісі болды. Мәжілісте уездер бойынша қалыптасқан жағдай сараланды. Көкшетау, Атбасар, Петропавл уездерінде, Атбасар мен Ақмола қалалары маңайында орналасқан қазақ ауылдарының қиын жағдайы көрсетілді. Қабылданған қаулының 5-ші бабында аштықпен күрес комиссиясының құрамына жергілікті қазақтардан адам кіргізу туралы ұсыныс енгізілген. Бұл ұсыныс қабыл алынып, Мағжан Жұмабаев аштыққа қарсы күрес комиссиясы төрағасының орынбасары болып бекітіледі.
Мағжан “Мир труда” газетіне мақала жазып, қазақ даласындағы аштықтың тұтас ұлтқа қатер төндіріп отырғанын көрсетіп, ащы шындықты жайып тастайды. “Өңсіз-түссіз, өңінен қаны қашқан тірі аруақтар шетсіз-шексіз далаға қаңғып кетті, олар саршұнақ аулап, әлі біткен жерде құлап жатыр, сол саршұнақтарға өздері де жем болуда. Тамақты таңдап, талғап ішетін қазақ малдан жұрдай болып, өлексеге таласуда. Бірінің етін бірі жеуден тайынбайды. Аранын ашқан аштық ақырын жылжып, біздің губернияның шебіне кірді”, – деп жазды.
Аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссияның 1922 жылғы 23 маусым күнгі мәжілісінде Мағжан сөз сөйлейді: “Петропавл теміржол станциясында 1500 аш-арық жүр, олар елдеріне қайтқысы келеді. Осыларды қосқанда таяу арада 5000 адамды қайтару керек. Олардың құжаттарын тексеру жөнінде сөз қозғалмасын”.
Мағжан Жұмабаевқа аштарға көмектесу жөнінде жұртшылық арасында үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу үшін қазақ қызметкерлерін, ақсақалдарды пайдалану құқы беріледі. Сол күні М.Жұмабаев пен Қияқов Петропавлдан Көкшетауға қарай салт атпен шығып кетеді. Қазақ ауылдарын 50 күн бойы аралап, жағдаймен танысып, аштарға көмек көрсету жөнінде нақты шараларды ұйымдастырады.
Бұл сапардағы жұмыстары жөнінде Мағжан Жұмабаев орыс тілінде арнайы есеп-баяндама жасап тапсырған. Бұл – Мағжанның осы қызметтегі аты аталатын және Петропавлда жазған соңғы құжат. Кейін жазықсыз жала арқалаған ақын туған жерін тастап, бас сауғалауға мәжбүр болған. Алаш қайраткерлері жиналып жатқан Ташкенттен пана іздеп, Челябі қаласы арқылы жасырын жүріп кеткен.
Мағжан Жұмабаевтың ақ қағазға қара сиямен орысша жазған сол баяндамасының мәтінін қазақшалап толық ұсынуды жөн көрдік. “Шілденің 1-күні Қияқов жолдас екеуміз Петропавлдан аттанып кеттік. Маған Көкшетау және Петропавл уездеріндегі қазақ ауылдарын аралап, аштыққа ұшыраған қазақтар үшін малы бар аймақтардан азық-түлік жинап, тарату және Көкшетау уездік аштарға көмек комиссиясының жұмысын жолға қою тапсырылған болатын.
Шілденің 9-ы күні Көкшетауға келдік. Қияқов жолдас сол жерден Атбасар арқылы Ақмолаға жүріп кетті. 14 шілде күні Көкшетауда кезектен тыс жалпы жиналыс өткізіп, жағдайды талқыладық. Қазақ ауылдарынан аштарға арнап жылу жинауға шұғыл кірісу туралы қаулы алынды. Әрбір әкімшілік ауылдан 1 ірі қарадан жинап, жиналған мал мен азық-түліктің үштен бір бөлігін Петропавлға, губерниялық комиссияның құзырына жіберу, қалған үштен екі бөлігін сол жердегі аштарға үлестіріп беру ұйғарылды. Сондай-ақ Көкшетау қаласында жетім қалған қазақ балалары үшін арнайы мекеме ұйымдастыру келісілді.
16 шілде күні жер-жердегі жағдайлармен танысу үшін және аш-арықтарға көмек жасау үшін Шұңғыршы, Қарашы, Мезгіл және Айыртау болыстарына жүріп кеттім. Бұл аталған болыстардағы жағдай, шынында, жан шошырлық екен. Халықтың 90 проценті дала кезіп, жидек теріп, қоректенуде. Аштықтан дертке ұшыраған көп адамдарды көрдім. Аталған болыстарда 10-11 күндей жүріп, аштарға көмек көрсетуге күш салдым. Бес сиыры мен жылқысы барлардың бір малын алып, малы жоқтарға таратып, уақытша, қысқа дейін сауып, жүрек жалғайтындай жасадым.
Реті келіп тұрғанда, көрсетпесем болмайды, аштыққа ұшыраған отбасыларға салынған май салығы оларды мүлде тұралатып кетіпті. Мысалы, он жаны бар отбасы жалғыз сиырға қарап отырса да, салық түрінде май өткізуге міндеттелген, сөйтіп жаңағы он адам қайыршылыққа ұшыраған.
Аштарға азық үлестіріп, шілденің аяғына қарай Көкшетауға келдім де, уездік комиссияның мүшесі Айтқожин жолдасты ертіп, аштыққа ұшырай қоймаған шығыс өңірге аттанып кеттім. Көкшетау және Қотыркөл болыстарында болдым, жұртшылық аштарға көмек көрсету жөнінде менің сөздеріме қалтқысыз құлақ түрді. Осы екі болыстың халқы жылу ретінде ірілі-уақты жетпіс мал берді, жүз елу дана мал терісін жинады.
Укомпомголдың қаулысына сәйкес, жиналған малдың үштен екі бөлігін Көкшетауға жеткізіп, аштыққа ұшыраған батыс болыстарға тарату және қалған үштен бір бөлігін Петропавлға айдап әкелу жөнінде Айтқожинға тапсырма бердім, бұл мал таяуда келіп те қалар. Айтқожин менің жұмсауыммен Ақсары, Жауар және Шығыс болыстарына жүріп кеткен. Сол жақтан мал жинап, Көкшетау мен Петропавлға жібереді.
Петропавлға қайтар жолда губпомгол өкілі Жақыпов жолдаспен бірге Петропавл уезінің Жамантұз және Тереңкөл болыстарында болдым. Бұл болыстардың халқы аштыққа жартылай ұшыраған. Дегенмен аз-кем малы барлар менің айтқанымды екі етпей, аштарға көмек көрсетуде.
Тайынша болысынан 20 ірі қара мен 20 тері (мал терісі-шикізат ретінде емес, аштарға қорек-азық ретінде тұтынуға жиналған.-З.Т.), Жамантұз болысынан 20 ірі қара және 25 тері, Тұран болысынан 7 ірі қара мен 5 тері жиналды. Менің нұсқауыммен Жақыпов жолдас бұл малдардың бәрін болыстық атқару комитетімен келісе отырып, аш-арықтарға таратып берді. Петропавл уезіндегі 4 болыста мал жинау 15 тамызда аяқталды.
17-тамыз күні Петропавл қаласына келдім.
Аштарға көмек жөніндегі губерниялық төтенше комиссия төрағасының орынбасары М.Жұмабаев.
Петропавл қаласы,
1922 жылғы 20 тамыз”.
Мағжан Жұмабаевтың бұл баяндамасы бір жарым айға жуық қаралмай жатып, 1922 жылғы 13 қазанда ашыққандарға көмек комиссиясы мәжілісінің күн тәртібіне енгізіледі. Бұл жиналысқа Мағжанның өзі қатыспаған. Бір анығы – сол күні аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссия басқаша құрылып, “Аштықтың зардаптарын жою жөніндегі комиссия” болып аталған. Бірақ жаңа комиссияның құрамында Мағжан Жұмабаев жоқ еді.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан
университетінің профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі
Ұлттық ғылым академиясының академигі.