Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында Құлеке батыр атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Өңір басшысы ауданға арнайы барып, шалақындықтарды нысанның ашылуымен құттықтады. Мұнда елді мекен тұрғындарына спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануына бар мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ байрақты бәсекелер де осында өткізіледі.
“Мұнда барлық спорттық шараларды өткізуге мүмкіндік бар. Күрес кілемдерін, шаршы алаң орнатуға болады. Алдағы уақытта Құлеке батырға арналған қазақ күресінен турнир өткізуді жоспарлап отырмыз”, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.
Облыс әкімі тұрғындарды саламатты өмір салтын ұстануға жаппай тарту үшін ауылдардағы спорттық нысандарға, мәдениет ошақтарына қажетті құрал-жабдықтар алуды тапсырды.
Құмар Ақсақалов ауданға жұмыс сапары барысында 46 пәтерлі тұрғын үйді жөндеу барысымен танысты. Бұл баспана кезегін айтарлықтай қысқартады. Бірнеше жыл жөндеу көрмеген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Рахат Смағұловтың айтуынша, бүгінге дейін шатыры жөнделіп, қасбеті қалпына келтіріліп жатыр. Терезелер орнатылып, жылу жүйесі тартылды. Енді ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалған.
Өңір басшысы Шал ақын ауданына сапары барысында жергілікті шаруалармен кездесіп, салаға мемлекет тарапына қолдау көрсету жайын талқылады. Диқандар биылғы егін себу барысындағы қиындықтар мен ауа райының қолайсыздығын атап өтті. Әкім “Азко Жаңажол” ЖШС-ға тиесілі алқапта болып, астықтың шығымымен танысты. “Биыл астық бағасы шамамен 100 мың теңгені құрайды деген болжам бар. Өнімді сатылымға шығаруда ешқандай мәселе болмауы тиіс”, – деді серіктестік басшылығы.
Құмар Ақсақалов шаруаларға тек егіншілікпен ғана айналысып қоймай, мал өсіруді де қатар алып жүруге шақырды. Мал шаруашылығымен айналысуға мұнда барлық жағдай жасалған. “Гормолзавод” сүттің литрін 140 теңгеден сатып алады. Біз сүтті жеткізуге тағы 40 теңге субсидия төлейміз, сонда литріне 180 теңге шығады. Әлемдік нарықта мұнайдың 1 литрі 180 теңге тұрады. Ал бізде сүт осы бағамен сатылады”, – деді өңір басшысы.
Сергеевка қаласында 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Жоба құны 1 млрд. теңге. 2022 жылы Чехиядан 400 бас симменталь тұқымды ірі қара әкелу жоспарлануда. Бұл жобаны жүзеге асыру сүт өндірісін жылына 2 мың тоннаға арттыруға және 30 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Мердігер Валерий Маначинский фермаға заманауи жабдықтар орнатылатынын, сандық бағдарлама арқылы басқарылатынын атап өтті. Оның айтуынша, фермадағы барлық жұмыстарды толықтай техника атқарады.
– Биыл бізде 16 ферманың құрылысы жүргізіліп жатыр. Біреуі бастапқы кезеңде, біреуінің құрылысы аяқталуға жақын. Ал оны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ел бойынша 30 ферма салынуы керек. Оның оны біздің облысымызға тиесілі, сондықтан сүт өнімдерінің экспорттық үлесін арттыруға барлық мүмкіндік бар, – деді Құмар Іргебайұлы. Өңір басшысы аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, осы қарқыннан таймау керек екенін қадап айтты.
Аяулым ЖОЛМҰҚАНОВА.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.