Қатерлі ісік ауруларының жыл өткен сайын жасарып бара жатқаны шындық. Мамандар бұл дертті скринингтік тексерулерден өту арқылы ерте анықтауға болатынын айтуда. Скринингтік зерттеулерден кімдер өтеді және оның қандай түрлері бар?
Гүлнәз РАХМЕТОВА,
Айыртау ауданының тұрғыны.
Оқырманымыздың бұл сауалына әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы Қарлығаш Ілиясова былай деп жауап берді.
– Скринингтік зерттеулер – ауруды ерте кезде анықтап, оның асқынуына жол бермейді. Ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жүргізіледі. Қоғамдық денсаулықты сақтауға бағытталған зерттеуден өту – әр адамның міндеті. “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекске сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлердің скринингтен өтуі үшін барлық жағдайды жасауы тиіс.
Тексеруден өту үшін тұрғында МӘМС жүйесінде сақтандырылғандығын растайтын мәртебесі болуы қажет. Арнайы тексерулерден белгілі бір жас тобына кіретіндер өтеді. Мысалы, жатыр мойны обыры скринингінен 4 жылда бір рет 30-70 жас аралығындағы әйелдер өтеді. Егер скринингтен өту үшін тұрғын тізімге енгізілсе, учаскелік медбике тексерілуге шақырып, барлығын түсіндіреді. Скринингке жататын ауруы бойынша “Д” санатындағы есепте тұрған адамдарға тексеру жүргізілмейді. Мінез-құлықтың қауіп факторлары, артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы, қант диабеті, глаукома, жатыр мойны, сүт безі, колоректальді обыр мен В және С вирустық гепатитін ерте кезде анықтау үшін зерттеу жүргізілетінін айтып өткен жөн.
Дайындаған
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.