Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған елді саяси жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырудың заңды жалғасы болып саналады. Ел тарихында тұңғыш рет өткен бұл сайлау – елімізді демократияландыру жолында жасалып отырған қарышты қадам. Ең бастысы, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне тұрғындар кеңінен тартылып, өз өмірлерін жақсартуға белсене қатысуға мүмкіндік алды. Осынау маңызы зор саяси науқанға солтүстікқазақстандықтар да үн қосып, тіркеуге алынған 60471 сайлаушының 87,08 пайызы лайықты деген үміткерлерге сенім артып, өз таңдауларын жасады.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тілеген Каскин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында дауыс берудің алдын ала қорытындылары туралы брифинг өткізді. Өңірде сайлау 71 сайлау округінде, яғни Мамлютка қаласында және 70 ауылдық округте өтті.
“Сайлау туралы” Конституциялық заңға сәйкес сайлау нәтижелерін жарамсыз деп тануға немесе қайта өткізуге негіз жоқ. Дауыс беру бюллетеньдеріне барлығы 214 үміткердің есімі енгізілді. 68 үміткер саяси партиялардан ұсынылды. Атап айтқанда, “Nur Otan” партиясынан – 57, “Ауыл” партиясынан – 3, “Ақжол” партиясынан – 2, “АDAL” партиясынан – 2 және Қазақстан халық партиясынан – 4 кандидаттан. 146 үміткер өзін-өзі ұсынды.
Дауыс берудің алғашқы қорытындылары бойынша сайланған 71 әкімнің 57-сі немесе 80,2 пайызы мемлекеттік қызметшілер болып табылады. 42 әкім бұрын да осы қызметті атқарған. Сайланған әкімдердің арасында коммерциялық ұйымның төрт өкілі бар. Екеуі уақытша жұмыс істемеген. Су жаңа әкімдердің 19-ы – әйел, біреуі – “Болашақ” халықаралық мемлекеттік бағдарламасының түлегі. Мамандықтары бойынша саралайтын болсақ, 13-і экономист, 14-і заңгер, 21-і мұғалім, 7-і инженер. Орташа жас – 45. Ең жас әкім болып Аққайың ауданы Қиялы ауылдық округіне Фарида Жолдаспаева сайланды. Оның жасы 30-да. Ең үлкені – 62-дегі Аяс Дәуренбеков. Ол – Қызылжар ауданы Березов ауылдық округінің әкімі. Әкімдердің 56-сы – қазақ, 13-і – орыс, бір-бірден поляк және украин ұлтының өкілдері бар. 64 әкім саяси партиялардан сайланды. “Nur Otan” партиясынан – 55, “Ауыл” партиясынан – 3, “Ақжол”-дан – 2, “АDAL” партиясынан бір және Қазақстан халық партиясынан үш адам сайланды. Өзін-өзі ұсынғандар арасынан 7 адам әкім болды.
Тимирязев ауданы Интернациональный ауылдық округінен сайлауға түскен Қанат Иманжановқа тұрғындардың 98 пайызы сенім көрсетті. Мамлют ауданы Бике ауылдық округіндегі кандидаттар Анаргүл Бакеева мен Алмагүл Рамазанованың арасындағы тартыста дауыс саны 52,1 және 44,5 пайызды құрады.
Облыстың аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, Мағжан Жұмабаев ауданының Ұзынкөл ауылдық округінде, Тайынша ауданының Теңдік ауылдық округінде және Уәлиханов ауданының Қаратерек ауылдық округінде сайлаушылар саяси науқанға 100 пайыз қатысты. Ең төмен көрсеткіш Тайынша ауданы Зеленый гай ауылдық округінде, сайлаушылардың тек 67,87 пайызы ғана дауыс берді.
Тікелей сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытындысы шығарылып, жеті күннің ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Бұл ретте, сайланған әкімнің өкілеттілігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”